ПАРТИЯ ІШІЛІК ІРІКТЕУДІҢ бірінші кезеңі аяқталды

img 20190709 140508 271 Жаңалықтар

Atr.kz/31 тамыз, 2020 жыл. Сенбі, 29 тамыз күні екі аптаға созылған праймериз – партия ішілік іріктеудің бірінші кезеңі мәресіне жетті. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін өткізілген брифингте «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев баяндады.

–Өздеріңізге мәлім, 2019 жылғы тамыз айында өткен партияның саяси кеңесінің отырысында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен еліміздегі жетекші, көшбасшы саяси ұйымның сайлауалды платформасы мен алдағы бағыт-бағдарын айқындайтын «Сенім. Диалог.  Болашаққа қадам» атты бағдарламасы қабылданған болатын. Осы бағдарлама аясында бірнеше кезеңнен тұратын партия ішілік ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асыру жоспарланды. Соның бір бағыты – осы праймериз – партия ішілік іріктеу, партия мүшелері мен қоғам белсенділерінің арасынан атқарушы және өкілді билік органдарында басшылық қызметтерді атқаруға лайықтыларды6 яғни, көшбасшыларды таңдау мақсатында алдын ала партия ішілік сайлау өткізу еді.

Міне, осы тұрғыда үміткерлерді ұсыну мен тіркеу үшін белгіленген екі апта мерзім ішінде облыс бойынша барлығы 403 адам кандидат ретінде тіркелді. Осының өзі нұротандықтардың жоғары белсенділігін көрсетіп, алдын ала жасалған болжамнан асып түсті. Сапалық құрамына келсек, кандидаттардың 140-ы немесе 34,7 пайызы – әйелдер, 149-ы немесе 37 пайызы – жастар. Жалпы алғанда, 114 үміткер бастауыш партия ұйымдарынан ұсынылса, 289-ы өзін-өзі ұсынып отыр. Айта кету керек, үміткерлердің арасында көпбалалы аналар, жеті мүмкіндігі шектеулі жандар да бар.

Және бір айтарым, саяси додаға қатысушылардың қатарында қоғам өмірінің әр саласында белсенді іс-қимылдарымен, іскерлік, ұйымдастырушылық қырларымен дараланып, есімдері танылып жүрген де аз емес.  Биылғы тамыз айының 17-інде басталып, 29-ында аяқталып отырған праймериздің бірінші кезеңінің қорытындылары осыны аңғартты. Бұл әрине, өте қуантарлық жағдай, күткендегіден де жоғары керемет нәтиже, – деді Нұрлыбек Жұмахметұлы.

Оның айтуынша, іріктеу кезеңінен өткен үміткерлер алдағы аптаның барысында болашақта атқаратын жұмыстарының бағдарламасын жасақтап, қыркүйек айының 7-інен басталатын үгіт-насихат шараларына дайындалады. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанынан ашылған саясаттану орталығында ұйымдастырылатын семинар-кеңестерге қатысып, білім-білігін жетілдіреді.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз