ӘЛЕУМЕТ ӘЛЕУЕТІ ҮШІН

Сейсенбі күні Қызылқоға ауданына облыс орталығынан құрылған ақпараттық-насихаттық топ келді. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауының негізгі басымдықтарын тұрғындарға түсіндіру, насихаттау мақсатындағы топ сапар барысында үш кездесу өткізді.

Ауданның денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесуде ақпараттық-насихаттық топ жетекшісі, облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мейірім Қалауи баяндама жасады.

 Насихаттық топ мүшесі, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Балдай Өтеғалиева шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы екендігін атап өтті. «Бүгінде шағын және орта бизнестің 800 мыңнан астам субъектісі бар, онда 2,4 миллионнан астам қазақстандық еңбек етеді. Бұл сектордағы өнім көлемі төрт жылда 1,6 есе өсті және 8,3 млрд. теңгені құрап отыр» деген ол жаһандық рейтингке сәйкес, Қазақстанның бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобының қатарында екендігін айтты. Кездесу барысында одан әрі ақпараттық топ мүшелері – облыстық діни басқармасының бас маманы Аманкелді Оразов, «Руханият» партиясының өкілі Құдабай Қаржауов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Аманжол Қабдешевтер сөз алып, өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 

Ақпараттық-насихаттық топтың жұмысы  одан әрі село орталығындағы Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектепте жалғасты. Алқалы жиынға аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназия, Б.Аманшин және Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептер ұжымы қатынасты.

Сондай-ақ, облыстық ақпараттық-насихат тобы Жанкелдин ауылдық округіндегі мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында Жанкелдин дәрігерлік емханасының бас дәрігері Дәмеш Есқуатова, еңбек ардагері Жолжан Қабдешев, ауылдық округ әкімі Аязбай Оразов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Талғат Базарбаев сөз алып, стратегиялық құжаттың ел дамуы жолында ерекше орын алатындығын атап өтті. Жанкелдиндіктер, әсіресе,  Жолдауда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыруға, олар үшін кедергісіз қоғам құруға ерекше назар аударылғанына ризашылықтарын жеткізді.

Мағрупа ҚАЗИХАН,

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз