
Қазақстанда мемлекеттік наградаларға ұсыну тәртібіне өзгерістер енгізілді
Қазақстанда мемлекеттік наградаларға ұсыну тәртібі жаңартылды. Жаңартылған нұсқаулықта наградтауға кандидаттарды қарау кезінде ашықтық, объективтілік және әділдік қағидаттарын сақтау басты назарға алынған. Енді құжаттарды ресімдеу барысында еңбек жолы, ел мен халық алдындағы нақты еңбектері, сондай-ақ қылмыстық құқықбұзушылықтар туралы мәліметтер толық көрсетілуі тиіс. Құқықбұзушылықтың жасалған уақытына қарамастан, бұл ақпарат міндетті түрде енгізіледі. Кейбір жағдайларда ішкі істер органдарынан мінездеме талап етілуі мүмкін. Бұл туралы республика Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ, көпбалалы аналарды наградтауға қатысты талаптар да нақтыланды. Енді мемлекеттік наградалар тек Қазақстан Республикасының азаматы деп танылған көпбалалы аналарға ғана беріледі. Егер балаларының бір бөлігі шетел азаматы болса, олардың паспорттарының куәландырылған көшірмелері мен фотосуреттері міндетті түрде ұсынылуы тиіс.
Айта кету керек, мемлекеттік наградалардың көшірмелері қымбат бағалы металдар қолданылмай дайындалады.
Сонымен қатар, наградаларға құқықты қалпына келтіру рәсімі қарастырылған. Ол үшін уәкілетті органдардың өтініштері және сот актілері секілді растайтын құжаттар ұсынылуы қажет.
Жаңартылған нұсқаулық мемлекеттік наградалар жүйесіне деген сенімді арттыруға және наградтауға ұсыну рәсімін жүйелеуге бағытталған.
Қ.ШӘКІРОВ