Қашағаннан басқа кен орындарының болашағы бар ма?

ttttttttttttttttttttttttt Жаңалықтар

Atr.kz/12 қараша, 2019 жыл. «Солтүстік Каспий жобасында Қашағаннан өзге, төрт кен орны бар. Оларды игерудің мүмкіндігі қандай?»

«Атырау» газеті тілшісінің бұл сұрағына Солтүстік Каспий жобасының операторы – «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (НКОК) компаниясының басқарушы директоры Ричард Хоув «бұл – өте маңызды мәселе. Оларды игеру экономикалық жағдайдың күрделілігіне байланысты болып отыр» деп жауап берді.

Қойнаудағы «қара алтын»

Қашаған – әлемде соңғы кезеңде ашылған ең ірі кен орны. Қаламқас-теңіз және оған жақын орналасқан Хазар кеніштерінің қоры онымен салыстырғанда азаңдау. Мысалы, 90-жылдары қолға алынған, 2002 жылы жалғастырылған іздестіру-барлау жұмыстары мұнда шикізаттың бар екендігін анықтады. Оның көлемі шамамен 500 млн. баррель мұнай мен 9 млрд. текше метр газды құрайды. Осы себепті жер қыртысында жасырынған байлықты игеру үшін бірнеше кезеңдік іс-шара жоспарланды.

Алғашқысы 20212027 жылдарға есептеліп, 2030 жылдарға қарай 35 ұңғы мол мұнайды елдің ырыздығына пайдаланады, Қаламқас-теңізден күніне 60 мың, Хазардан 45 мың баррель «қара алтын» өндіріледі деп ұйғарылған. Алайда, үйдегі көңілді нарықтағы баға бұзып отыр. Каспийдегі кеніштерді жекелей игеру экономикалық жағынан тиімсіз саналуда.

Мамандар «Ірі компаниялар ортақ іске үлестерін қосса, оны жүзеге асырудың мүмкіндігі бар еді» дейді. Бірлесіп игеру тұжырымдамасы да әлемде кең таралған тәжірибе. Мәселен, Британияның Солтүстік теңізінде, Американың Мексика шығанағы жағалауында осындай іс-шаралар қолданылды.

Алайда, ел тарихында тұңғыш рет өмірге енеді деген тосын қадам жүзеге аспады. Қазақстан экономикасына ерекше серпін береді, табысын еселейді деген Қаламқас-теңіз және Хазар кен орындарының игерілмейтіндігі анықталды. НКОК консорциумының акционерлері Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы аталған кеніштердегі жұмыстарды бастамайтындығын жариялады. «Шелл» компаниясының жобадан бас тартуына да шығынның көптігі себепші болды.

«Солтүстік Каспий жобасының операторы – НКОК баспасөз қызметі облыстық «Атырау» газетінің сауалына байланысты мынадай ақпарат жолдады.

«Консорциум Қаламқас-теңіз кен орнын игеру жұмыстарын жалғастырмау туралы шешім қабылдады. Ол жобаның күрделі экономикалық жағдайына байланысты қабылданды. Аталған шешімнің бүгінде НКОК жүзеге асырып жатқан және өзге жобаларына әсері болмайды. Оператор Қазақстан Республикасының игілігі үшін, консорциум әріптестерінің мүддесіне сәйкес, Қашаған кенішіндегі өндіру жұмыстарының қауіпсіз және тұрақтылығына айрықша маңыз береді» деген мәлімет ұсынды.

Кеніш ел иелігіне қайтарылады

«Қазмұнайгаз» компаниясының НКОК консорциумындағы акциясы 16,88 пайызды құрайды. Нидерландық «Шелл», америкалық «Эксон Мобил», франциялық және италиялық «Тотал», «Эни» құрылымдарының үлесі 16,81 пайызға тең. Сонымен қатар, қытайлық «CNPC» мен жапонның «Inpex» компаниясына тиісінше 8,33 және 7,56 пайыз тиесілі.

Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен жылдың желтоқсанында Қазақстан мен Солтүстік-Каспий жобасының инвесторлары келісімге келген еді. Құжатқа сәйкес, егер де кен орнын игеру туралы жоспар 2019 жылдың соңына дейін ұсынылмаса, «Қаламқастеңіз» ерікті түрде еліміздің иелігіне қайтарылуы керек. «Шелл» елімізде мұнай-газ ресурстарын барлау мен өндіру, көмірсутек шикізаттарын тасымалдау, мұнай өнімдерін сату бағыттарында жұмыс істейді.

«Қашаған» кен орны – компанияның Қазақстандағы негізгі активі. – Солтүстік Каспий жобасының операторы – НКОК консорциумының міндеті Қазақстан экономикасының өндірістік қуатын арттыру ғана емес, тұрғылықты халықтың тұрмыстық әл-ауқатын жақсартуды да жүзеге асыру болып табылады. Яғни, жаңа жұмыс орындарын ашу, Атырау облысы тұрғындарының қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау.

Бүгінде Қашаған жобасының ауқымында өте маңызды өндірістік жұмыстар жасалып жатыр. Күрделі жөндеуге 6 мыңнан астам адам тартылды. НКОК-тың өндірісті жаңа сапаға көтеруінің нәтижесінде мұнай өндіру көлемі айтарлықтай өсті. Жаңа технологиялар пайдаланылуда, – деді биыл Атырау облысына келген сапарында «Шелл» концернінің «Халықаралық барлау және өндіру» бөлімшесінің директоры Эндрю Браун.

Бұл қадам кімге тиімді?

Күрделі жобаларды жеке игеру алпауыт компаниялардың өзіне қиынға түседі. Осы себептен «Шелл» концернінің Қазақстандағы төрағасы Оливье Лазар бұдан бұрын Каспийде хаб – жаңа желі торабын құрудың қажеттілігін айтқан еді. Оның пікірінше, тың бастама қаражатты үнемдейді, инфрақұрылым мен қызмет көрсетуші компанияларды, адами ресурстарды орталықтандыруға мүмкіндік береді.

– Осындай қадамға барсақ қана, Каспий қайраңындағы жаңа кен орындарын игере аламыз, – деген еді сол жолы Оливье Лазар.

Дегенмен, ойлаған іс орындалмады. «Шелл» компаниясы Хазар кен орнын игеру үшін қыруар қаражат жұмсады. Енді оны кім қайтарады? Осындай сауал өндірістен хабары бар жұртшылықты мазалап жүрген. Жуырда мұның жауабын Энергетика министрлігіндегілер айтты.

Құрылымның баспасөз қызметі таратқан мәліметте Қазақстанның Хазар жобасынан кеткен нидерландық «Шелл» компаниясының кенішті игеруге жұмсаған 900 млн. долларын қайтармайтындығы баяндалды. Алдағы уақытта Қаламқастеңіз кен орны бойынша жер қойнауын пайдаланушы құқығын қайтарып алу жөніндегі процедуралар басталады. Іс-шара аяқталғасын елімізде жобаға өзге инвесторларды тарту мәселесі көтерілуі мүмкін.

«Жаңа келісім-шарттар жаңа салықтық заңдылықтар негізінде жасақталады. Яғни, бұрынғыдай өнім бөлісу туралы келісім негізінде жүзеге аспайды» делінген Энергетика министрлігінің ақпаратында.

Сарапшылар «жобаны игерудегі осындай өзгерістер Қазақстанға тиімді болады» деген ұстанымда. Өйткені, жаңа инвесторға енді өзгеше талап қойылып, бұрынғыдай көп жеңілдік берілмейтіні анықталып отыр.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз