Жарнама
ЖаңалықтарФОТОГАЛЕРЕЯҚоғам

Археологтар Сарайшықтан хан зиратын тапты: Қасым хан қайда жерленген?(+ФОТО)

Atr.kz/19 қазан, 2020 жыл. Атыраулық археологтар қазақтың көрнекті ханы, тарихи тұлға Қасым ханның жерленген орнын анықтады.

XVI ғасырда өмір сүрген ұлы қолбасшының Сарайшық жерінде хандық құрғаны тарихтан мәлім. Ұлы Жібек жолындағы кіндік қала атанған шаһардың ең гүлденгені тұсы да Қасым хан есімімен байланысты. Өйткені, тарих оның Сарайшықта 1521 жылға дейін билік құрған кезінде қаланы Қазақ хандығының астанасына айналдырғанын растайды. Оған дейін Алтын Орда мен Ноғай Ордасының да бас қаласы болған көне шаһарды жылнамалар бетінде «Хандар пантеоны» деп те атап жүр. Мұнда жеті ханға ескерткіш тақта қойылған. Солардың бірі де бірегейі – Қасым хан.

Аумағы 3 шаршы шақырымды алып жатқан көне қорымда тыл-сым сыр жеткілікті. Бұл талай этнограф-ғалымдардың назарын аударып келді. Өкінішке қарай, бүгінге дейін толымды дерек жиналған жоқ. Тек 2006 жылғы қазба жұмыстары нәтижесінде алғашқы мазардың орны ашылған болатын. Ортағасырлық сәулет өнерінің жауһары саналған мазарды ғалымдар «Ноғайлы билеушілеріне тиесілі» деп сәуегейлік жасады. Сол сәттен бастап, жергілікті археологтардың Сарайшыққа де-ген қызығушылығы күрт артты. Бұған дейін «Жайық өзенінің ар-насы өзгеруіне байланысты көне шаһардың үштен екі бөлігі су астына кетті» деген жорамал айты-лып келген-ді. Былтыр атыраулық ғалымдар Санкт-Петербург қаласындағы архивтен Сарайшық қаласының көне сызбасын тапты. Ресейлік зерттеуші-ғалым Алексей Алексеев естелікке қоса, сызба қалдырған. Ол сызбада хан зираты анық көрсетіліпті.

— Алексеевтің 1861 жылғы сызбасында дәл осы тұсқа «осы жерде әулие-склеп» деген белгі қойылған. Сондай-ақ «хан зира-ты» деген орынды келіп қарағаны, еңселі кесене, күмбезі жабылған үш жағында терезе, шығысында есігі бар екені айтылған. Сол деректерді негізге алсақ, үлкен әрі маңызды қабырхана ашылып отыр, — дейді археолог Айбек Тұрарұлы.

Айтпақшы, батыс өңірдегі қазақтың соңғы ханы Жәңгір Бөкейлы 1840 жылдардың шама-сында Сарайшыққа келіп, қазіргі «хан моласы» аталатын жерді қоршатып, ұлы атасына белгі қойған деседі. Өкінішке орай, Жәңгір қойған белгі кейін қолды болып-ты. Тағы бір ауызекі деректе 1801 жылы Бөкей хан Жайықтың бұқар бетінен самар бетке көшерінде ұлы бабасы Қасым ханның басына зи-ярат еткен деп айтылады. Демек, оның ұлы Жәңгір келіп Қасымға белгі қойса, ол әкесінің сілтеуі екені анық. Жалпы, ақсүйектерде ұрпақтан ұрпаққа жәдігер етіп қалдырып отырған «ақсүйектер жазбасы» болған деген де әпсана бар. Осы тұрғыдан алғанда, сол жазба негізінде Жәңгір ханның ұлы атасының басына оралуы заңдылық.

Тағы бір дерек, өңірге белгілі педагог Шоқан Қаржауовқа әкесі Мырзағали қария өмірден өтерінде: «мені Қасым ханның оң жағына жерлерсің» деп өсиет қалдырған екен. Бүгінде ол кісінің бейіті табылды, 1937 жылы жерленген. Қазір қазылып жатқан «хан мазарының» оң жағында жатыр. Заманында Кіші жүздің бас биі болған әйгілі Есентемір Бөкен бидің зираты осындай өсиетпен қойылған Сәрсекен деген қарттың бейіті арқылы табылғанын ескер-сек, бұл да құлаққа кіретін әңгіме.

Қалай десек те, талай билеушіге тұрақ болған Сарайшық шаһарына, осы жерде мәңгілік мекен тапқан хандар зиратына шетелдің саяхат-шыларын айтпағанда, қазақтан шыққан Мұхамбетжан Тынышбаев, Әлкей Марғұлан сынды ғұлама-ғалымдар арнайы ат басын бұрып, қалаға қызығушылық танытты. Тарихи деректерге жүгінсек, тек Қасым хан емес, Сарайшықта Жәнібек хан да өз ордасын тіккен. Бірақ ол Қасым ханның әкесі емес, ертеректе өмір сүрген әз-Жәнібек хан. Оның артында батыс өңір жат-тап өскен «Алтын қайық», «Секер көл мен жұмбақ қыз» аңыздары қалды.

Белгілі тарихшы, ортағасырлық маман Нұрлан Атығаевтың Қасым ханға арнаған үлкен зерттеулері бар. Онда Қасым ханның Сарайшықта отырып, Сырдариядан Еділ өзеніне дейінгі ұланғайыр ұлысқа билік еткені айтылады. Қасым ханның әскери іске жетіктігі соншалық, заманында 200 мың жасақты тұрақты әскер етіп ұстапты. Жалпы хандықта 1 миллионнан астам түтін болған. Досқа қорған – дұшпанға айбар! Сол себепті батысқа келіп, іргесін бекіткен Қазақ ордасы-на көз алартқандар аяғын тартып басқан, тұрақты әскердің арқасында ондаған одақтастардың бірлігін құрған. Осы арада Қасымның тек ұлы қолбасшы емес, ірі мемлекет қайраткері екені де айқындалады.

– Оның Қазақ хандығының іргесін бекітіп, теріскейлік көрші мемлекеттермен қарым-қатынас орнатқаны анық айтылады. Сарайшық бұл кезеңде Қазақ хандығының астанасы ретінде көрінеді. Ал, Қасым ханның Сарайшықта жерленгенін сол заманның өзінде белгілі тарих-шылар Владимир Вельяминов-Зернов, Александр Чулошников, Мұхамбетжан Тынышбаевтар да жазған болатын. Әрине, олардың барлығы өз деректеріне тұздықты XVII ғасырдағы Әбілғазы Баһадүрдің жазбала-рынан алады.

Одан кейінгі жыл-намашы Қадырғали Жалаири де өз еңбектерінде Қасым ханның Сарайшықта жерленгендігін анық жазған. Қасым ханға көп көңіл бөлген қазақтың ғұлама ғалымы Әлкей Хақанұлы Марғұлан 1950 жылы Сарайшыққа келіп, алғашқы зерттеулерін жүргізді. Хан моласының бар екендігі басы ашық, тарихи дәлелденген дәйек еді. Сол үшін де Әлкей Хақанұлы батыс өңірге Қасым ханды іздеп келді. Ол кез «ескілікті көксеуші» деген желеумен қазақтың тарихшы ғалымдары қудаланып жатқан кез болатын. Әлекең де сол кезде сөзге ілініп жүрген. Өкінішке қарай, Әлкей Марғұлан Сарайшықтағы зерттеулерін аяқтай алмай кетті.

Ал, кейін табылған тарихи дерек-тер Сарайшықта Қасым ханның жерленгенін толықтай айғақтайды. Қазір біз Қасым ханның жерленген орнын анықтау мақсатында экс-педицияны қолға алдық. Зерттеу жұмыстарына белгілі антропо-логтар, археологтар, этнограф-ғалымдарды тартамыз. Бұл кешенді іс-әрекетіміз толықтай өз нәтижесін береді деген ойдамыз, — дейді «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар.

Бүгінде археологтар хан зиратының құбыладан шығысқа қарай созылған 8 метрлік іргетасын қазып шығарып отыр. Мамандардың пікірінше, іргетас терістікке қарай тағы 8 метрге со-зылуы мүмкін. Өз дәуірінде Жайық өзені бойынан менмұндалаған көк күмбезді мұнара талайды өзіне тартқаны анық. Тек кейін шұрайлы өлке жаттың қоластында қалып, қайран жәдігерлер қолды бол-ды. Тіпті, сонау XIII ғасырда бой көтерген Сарайшық шаһарының мұнаралы қоршауы да орны қалмай, жоғалып тынды.

Қасым хан мазарын көзбен көрген Алексей Алексеев 1861 жылы кесененің ішіне кіргенін, онда екі ересек адам мен үш баланың мүрдесін көргенін жазып кетіпті. Оның бірі Қасымның інісі Қамбар болуы мүмкін. Иә, кәдімгі қазақ жырында айтылатын «Қарақасқа атты Қамбар-ау» деген осы адам. Қасым хан мен Қамбар батыр бір әке, бір анадан туған – Жәнібек хан мен Жаған бикеден өрбіген ұрпақ. Демек, ұлы ханның мәңгілік мекенін анықтасақ, Қамбар батырды да табу қиынға түспесі анық.Келер жылы атыраулық ар-хеологтар мазар аумағын тазалау жұмыстарын бастайды. Әрине, оған «Сарайшық» музей-қорығының шамасы келмесі анық.

Осыған орай сенбі күні өңір бас-шысы Махамбет Досмұхамбетов Сарайшыққа арнайы келді. Алтын Орданың 750 жылдығы аталып өтіп жатқан тұста Жошы ұлысының көрнекті ескерткіштерінің бірінен Жошыдан кейін ең қуатты мемле-кет құрды деп саналатын ұрпағы — Қасым ханның жерленген орны табылды деген болжамды жаңалықты жақсы нышанға ба-лады. Оның сөзінше, тарихи де-ректерге сәйкес, қазақ тарихын-да ерекше орыны бар көрнекті тұлғалардың бірі Қасым Қазақ хандығын саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан іргелі елге айналдырған.

— Археологтарымыз ел жадында жатталған тарихи тұлға Қасым ханның орны табылды деп жорамалдап отыр. Егер зерт-теу, анықтау жұмыстары оны растайтын болса, ұлттық тарих үшін үлкен сілкініс болады деп ой-лаймын. Ақжолтай ақпар алғаш шыққан кезде қазба жұмысының басында жүрген белгілі тарихшы Әбілсейіт Мұқтарды қабылдап, сөйлескен едім. Бүгін арнайы көруге келдім. Елбасының қолдауымен, Президенттің тап-сырмасымен тәуелсіздік алғалы бері ұлттық тарихты түгендеу жұмыстары толассыз жүргізіліп келеді. Содан бері тарлан тарихтың талай ақтандақ беттері ашылды, — деген Махамбет Жолдасқалиұлы ұлттық тарихтың даңқты дәуірінің жаңа парақшалары көптеп ашылып, халықтың тарихи санасын жаңғыру үшін тиісті ведомство-лармен ақылдаса отырып, қажетті қолдауларды жасайтынын жеткізді.

Көне қаланы қалпына келтіріп жатқан топтың жұмысымен таны-сып, Қасым ханның басына зиярат етті.

Қасым хан!.. Ол – заманында «Қасымханның қасқа жолы» атты жарғы та-ратып, Дешті Қыпшақтан бөлініп, отау құрған Қазақ Ордасының іргесін нығайтқан, алыс-жақын шетелге қазақтың мемлекеттілігін мойындатқан көрнекті тұлға, ірі қолбасшы. Жалпы, қазақ хандарының ішінде ортаң қолдай дарасы және ең көп өмір сүріп, жасы жетпістен асып көз жұмғаны да осы – Қасым хан. Қазақ даласының батыс өлкесін сыртқы жаудан сақтап, бүгінгі егемен елдің іргетасын қалап кеткен ұлы ханның екінші өмірі басталатын күн алыс емес.

Арыстанбек КЕНЖЕ,

журналист.

(Арнайы «Атырау» үшін)

whatsapp image 2020 10 19 at 13.29.24 3
whatsapp image 2020 10 19 at 13.29.24 2
whatsapp image 2020 10 19 at 13.29.24 7
whatsapp image 2020 10 19 at 13.29.24

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button