Атырауда санитарлық, сақтық шаралары күшейді

5aeroport 1 Жаңалықтар

Atr.kz/18 наурыз, 2020 жыл.  Жергілікті әуежай мен теміржол вокзалында, қоғамдық көліктерде санитарлық, сақтық шаралары күшейді.

Атырау халықаралық әуежайының басшысы Есбол Керейдің айтуынша, көпшілік жиналатын орында ерекше тәртіп белгіленді. Бұл бағытта облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы, қауіпсіздігін бақылау департаменті және әуежайдың санитарлық бақылау бөлімінің өкілдері бірлесе жұмыс жасауда. Амстердам, Стамбул, Фрайгбург, Мәскеуден Атырауға ұшып келетін халықаралық рейс жолаушылары түгелдей тексеріліп жатыр. Ол үшін жылуға ден қойғыш құрылғылар пайдалануда.

– Әуежай қызметкерлері қорғаныш мақсатында қолғап, бетперделермен толық қамтылған. Санитарлық бақылау өкілдері мониторинг жұмыстарын жүргізуде, – деді Атырау халықаралық әуежайының басшысы.

Мұнайлы өңірге Қытайдан келетін тікелей әуе рейсі жоқ. Дегенмен, жыл басынан бастап Амстердам–Атырау аптасына төрт рет, Мәскеу–Атырау үш рет, Фрайгбург–Атырау және Стамбул–Атырау бағыттары бойынша ұшақтар аптасына екі рет қатынауда. Ақпан айынан бері барлығы 72 рейс жасалды. 6311 жолаушы тасымалданды. Олардың ішінен екеуі (Қазақстан, Бельгия азаматтары) қызуы көтерілгендіктен коронавирус күдігіне ілінді.

Сонымен қатар, транзит арқылы келген жолаушылардың 7-і назарға алынса, 6-ы ауруханаға жатқызылды. Соның екеуі – қытайлықтар болып шықты. Алыс елдерден келетіндерге қатаң бақылау жасалуда. Дегенмен, Атырау халықаралық әуежайының басшысы мұндай шара елішілік рейстерге қолданылмайтындығын жеткізді.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз