Жарнама
Мәдениет

Қазақ тілінде алғашқы jukebox мюзикл жарық көреді

Биыл 23 қазанда қазақ киносы үшін тарихи оқиға орын алмақ. Еліміздің барлық кинотеатрында тұңғыш қазақ тіліндегі jukebox мюзикл «Бақыт құшағында» көрерменге жол тартады. Бұл ерекше туынды қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай түсірілген.

img 1807
Screenshot

Фильмнің ерекшелігі – сценарий мен хикая желісі Шәмшінің 13 танымал әніне негізделіп, сол әндер арқылы көркем жеткізілуінде. Әндердің барлығы арнайы симфониялық оркестр сүйемелімен жазылып, фильмнің ресми саундтректері ретінде ұсынылады. Кинокартина – классикалық музыканы, ұлттық құндылықты және заманауи кино тілі мен креативті индустрияны біріктірген ерекше жоба.

Тұңғыш jukebox мюзиклі жастардың креативі мен кәсіби шеберлігінің нәтижесіндегі жұмыс.

dsc 0157

Фильмнің бас продюсері әрі режиссері – New York Film Academy түлегі Санат Шапашов. Бұл оның режиссер ретіндегі дебюттік жұмысы. Бұған дейін Санат музыкалық телевизиялық жобалар арқылы және әйгілі «Казахи» КВН командасының резиденті ретінде көрерменге таныс.

Туындының түсірілімі үшін Голливудта қолданылатын инновациялық кинокамера арнайы алдырылып, фильмнің техникалық сапасы халықаралық стандарттарға сай түсірілген. Барлық түсірілім Астананың көрікті жерлерінде, заманауи реңк пен ұлттық нақышты ұштастыра отырып, бір ай ішінде қазақ тілінде жүргізілді.

img 1822
Screenshot

Фильмде 230-ға жуық актер қатысқан ірі көлемдегі хореографиялық сахналар, сондай-ақ бір көрініске 80 адам қатысқан массалық эпизодтар түсірілген. Шәмшінің әндеріне арнайы қойылған биді кәсіби хореограф Уәлитбек Сиязбек бір ай көлемінде дайындықпен сахналаған.

img 1823
Screenshot

Басты рөлдерді танымал актерлер Дәурен Серғазин, Әлия Әнуарбек (5 жылдық үзілістен кейін үлкен киноға оралуы), Шахмұрат Ордабаев, Азамат Сатыбалды, Айгүл Иманбаева, Айнұр Ильясова сомдайды.

Фильмге композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов пен келіні Ботагөз Қалдаяқова музыкалық продюсер ретінде тікелей қолдау көрсеткен.

dscf3205

Шығармашылық топта Санат Шапашов, Ринат Сүлейменов, Анель Оспанова, Перизат Мырзахмет — сценарий авторлары.
Музыкалық өңдеуші- Никита Карев, қоюшы оператор — Азамат Жаңабеков, қоюшы суретші — Руслан Оспанов, продюсер — Анель Оспанова, Digital-продюсер — Әйкерім Есенәлі.

«Бақыт құшағында» фильмі – тек музыкалық шоу ғана емес, қазіргі қазақ қоғамының өзекті мәселелеріне көркем көзқарас. Мюзиклде қазақ қыздарының ішкі жан дүниесі, махаббатқа сенім, достық пен отбасы құндылықтары, анаға құрмет секілді терең тақырыптар қозғалады. Бұл туындыны мәдени, ақпараттық және тәрбиелік маңызы зор көркем дүние деуге болады.

img 2621

Фильм қазақ кино тарихында тұңғыш jukebox мюзикл ретінде тіркеліп, еліміздің креативті индустриясының дамуына нақты үлес қосатын жобалардың бірі болмақ. Жанрлардың, стильдердің, көркемдік формалардың үйлесімділігі – бұл картинаны отандық киноөндірісте ерекше орынға шығаратыны анық.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button