Жарнама
Жаңалықтар

ӨЗАРА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕЛІСІМІ

ол кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуды көздейді

Атырау облысы әкімдігі мен кәсіпкерлер палатасы арасында кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту мәселелері жөнінде өзара ынтымақтастық және өзара іс-қимыл меморандумына қол қою рәсімі өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев пен Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жакиев қатысты.

Рәсімді аймақ басшысының бірінші орынбасары Ғұмар   Ислямұлы кіріспе сөзбен ашты.

— Бұл меморандумның басты мақсаты облыста кәсіпкерлікті дамытудың институционалды негізін қалыптастыру жөнінде бірлескен және келісілген іс-әрекеттерді жүзеге асыру болып табылады, — деді ол. — Бұл тұрғыда, кәсіпкерліктің мейлінше өзекті проблемаларын бірлесе қарастырып шешу, қала берді отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың жүйелі шараларын алу үшін, билік пен бизнес өкілдерінің тұрақты әрі екіжақты тиімді пікір алмасу алаңын ұйымдастыру қажет.

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының өңірлік үйлестіру кеңесінің төрағасы Абай Жұмағұлов осы меморандум шеңберінде жергілікті атқарушы органдар мен өңірлік даму институттары жанынан аймақта консультативті-кеңесші органдар құру мәселесі қарастырылатындығын айтты. Алдын ала болжамдалғанындай, сол кеңестердің құрамына кіретіндердің (мүшелерінің) 50 пайызын, немесе тең жартысын бизнес өкілдері құрайды. Консультативті-кеңесші органдардың қызметіне қатыса отырып, өңірлік кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтардың өкілдері мен бизнес субъектілері кәсіпкерліктің қордаланған проблемаларын шешуде олардың мүдделерін білдіріп, тиімді қорғау мүмкіндігін иеленеді.

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жакиев те осы айтылғандарды толықтырды. Мәлімделгеніндей, жоғарыда айтылған консультативті-кеңесші органдар қызметі аясында бизнестің бәсекеге қабілеттілік деңгейін көтеру мен орын алған проблемалардың тиімді шешілуін қамтамасыз ету мақсатында меморандумды бекітуші тараптардың мынадай жайттарға басымдық беру керектігін алға тартты.

Біріншіден, мемлекеттік органдардың рұқсат беру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру кезінде кездесетін әкімшілік кедергілерді төмендету. Екіншіден, өңірлік даму институттарының жұмыс тиімділігін қамтамасыз ету. Одан әрі, мемлекеттік сатып алулар мен қазақстандық мазмұнның үлес салмағын көтеру, монополияға қарсы заңнамалар мен тарифті қалыптастыру проблемалары, бизнеске қатысты инвестициялық саясат және қаржы ресурстарының қолжетімділігін қалыптастыру, сондай-ақ экономика саласына кәсіби біліктілігі жоғары кадрлар даярлау мен қамтамасыз етудің институционалдық негіздерін құру.

Ең бастысы, меморандумның кәсіпкерлікті қолдап, дамытудың өзара ынтымақтастық келісімі саналатындығы болып отыр.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button