Өнегелі өмір өрнегі

ғибрат2 Білім

Халел  Досмұхамедов атындағы  Атырау  мемлекеттік  университетінде 37 жылдан  бері  қызмет  істеп  келе  жатқан  профессор  Аманқос  Биязбайұлы Қаржаубаевтың өмір жолы – кейінгі буынға үлгі-өнеге.

%d2%93%d0%b8%d0%b1%d1%80%d0%b0%d1%822

Педагог-ғалым, «Ы.Алтынсарин»  атындағы медальдың иегері, педагогика  ғылымдарының  кандидаты Аманқос Қаржаубаев – үш монографияның, алты  оқу құралының, екі мақалалар жинағының авторы. Сонымен қатар, 260-қа  тарта ғылыми-әдістемелік мақаласы  баспасөз беттерінде жарияланды.

1964  жылы  Гурьев пединститутын тәмамдаған соң, еңбек жолын мектептен бастап, жеті жыл оқушыларға білім берді. 1974 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне қызметке келеді. Ал, 1979 жылдан бастап  26 жыл  осы  университеттің  педагогика  және  эстетикалық  пәндер кафедрасының  меңгерушісі болды.

Мерей иесі оқу жүйесінің озық тәжірибелерін және жаңа  техноло-гияларын пайдалана отырып, педагог кадрларды білікті, талапшыл  маман  ретінде  дайындауда  студенттерге   тиянақты сапалы  білім  берді. Осы  салада оның жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстары республикалық   басылымдарда  жарияланып, әріптестері  тарапынан  жоғары  бағаланды. Ол өз ортасында педагогика ғылымының көкейкесті мәселелері туралы салмақты, тың пікірлерді тал-қыға салып, көтере  білді.

Айта кетсек, Қаржаубаевтар отбасын мұғалімдер династиясы  десек те болады. Олардың  педагогикалық  еңбек өтілі 150 жылдан  асады. Аманқос Биязбайұлының әкесі Биязбай Мәтібайұлы да бар өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнап, «Құрмет белгісі» орденінің  иегері атанып, бірнеше  медальдармен  марапатталған. Ағасы Мақсот та мектепте  мұғалім  және  басшылық  орындарда  жұмыс  жасаған. Қарындасы  Гүлжамал  қазірде  мектепте  білім береді. Ұлы Ақберген де әке жолын қуып, осы салаға бет бұрды.

Қазақ тілінде  студенттер үшін әдебиеттердің  аз  болуы себепті, Аманқос Биязбайұлы өзінің ғылыми еңбектерін кафедра жұмысының  қолданысына енгізіп отырады. Соның бір айғағы ретінде бастауыш сыныптың педагогикасы мен әдістеме бөлімінің студентте-ріне  арналған «Мектепті бас-қарудың жалпы негіздері» атты оқу құралын, «Педагогикалық пәндердің  берілу әдістемесі» еңбегін, «Болашақ мұғалімдердің мектепті кәсіби басқарудағы танымдық белсенділігін арттырудың ғылыми-педагогикалық негіздері» атты монографиясын және тағы басқа ғылыми жұмыстарын атауға болады.

Саналы өмірін көптің мүддесіне арнаған Аманқос Биязбайұлының істеген жұмысы оны биік белеске көтерді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіндегі педагогикадан кандидаттық диссертация қорғаған кезде ізденушілер  мен аспиранттарға ресми түрде  екінші оппонент болды. Сонымен қатар, университетті бітіруші бірнеше түлекке диплом жұмысын қорғауға ғылыми жетекші болып басшылық жасады.

Студенттердің ғылыми–ізденіс жұмыстарына ұдайы жетекшілік жасап, ғылымға баулудағы еңбегі үшін бірнеше рет ректордың Мақтау қағазымен марапатталды.

Отбасында да өнегеліліктің үлгісін көрсетіп жүрген ол жұбайы Сәлима апаймен отау құрғанына да жарты ғасырға жуықтады. Олар – бүгінде ұл-қыздары мен немерелерінің қызығына бөленіп отырған  бақытты ата мен әже.

Айгүл Ертілеу

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз