Оқушы, саған қандай көмек қажет?..

fbkyhmobge4 Білім

Аtr.kz/26 мамыр, 2020 жыл. «Bilim foundation» қоғамдық қоры әлемдегі ең ірі Американдық психологиялық ассоциациясы дайындаған балалар мен жасөспірімдердің суицидал­ды мінез-құлқының алдын алу және олардың психологиялық саулығын жақсартуға бағытталған педагог-психологтарға арналған әдебиеттер жинағын білім беру ұйымдарына тегін таратып, табыстау мақсатында Атырау облысы Білім беру басқармасы мен аталған қордың атқарушы директоры Берік Ракушев ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Аталған жиынға БАҚ өкілдері мен мектептердің педагог-психолог мамандары қатысты. Сонымен қатар, бұл жи­ында балалар психологиясына арналған «Денсаулық және өмірлік дағдылар» кітаптар топтамасының тұсаукесері жасалды.

«Bilim foundation» қоғамдық қорының басқарушы директоры Берік  Ракушев Атырау облысы мен Атырау қаласындағы мектептерге тегін тарату үшін 236 кітап әкелген. Аталған кітап жиынтығы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық психикалық денсаулық орталығымен мақұлданған. «Денсаулық және өмірлік дағдылар» кітап топтамасы «Bilim foundation» қоғамдық қорымен қазақ және орыс тілдерінде дайындалып, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жо­баларды дамыту қорының қолдауымен жарық көріп отыр. Бұл кітаптар – балалар мен жасөспірімдердің психологиялық денсаулығын нығайту және дамыту мәселелері бойынша білім деңгейін арттыру мақсатында білім беру ұйымдарындағы психолог- педагогтар, ата-аналар мен балалар үшін таптырмас құрал.

Жаңа ортаға үйрену

Балалар мен жасөспірімдердің ең бір дертті мәселесінің бірі – жаңа ортаға үйрену. Ата-анасының қызмет орнын ауыстыруына, жаңа үйге көшуге және басқа да жағдайларға байла­нысты балалар үйреніскен ортадан жырақтап, жаңа ортаға келуге мәжбүр болады. Жаңа мектеп, жаңа сынып, жаңа көріскен сыныптастар мен жаңа ұстаздар… Әрине, үйреніскен мектептен жаңа мектепке келу – бала үшін нағыз стресс. Өйткені, ол бұрынғыша еркін жүріп-тұра алмайды, емен-жарқын араласатын сыныптастары, сыралғы құрбылары бұрынғы жерде қалды. Бала өз-өзінен тұйықталып, назары пәс тартып, жаңа ортадан шетқақпай көруі әбден мүмкін.

Әсіресе, жаңа ортада өз дегенін жасай­тын, сыныпты айтқанымен жүргізетін жанып тұрған лидерлер жаңа келген балаға қысым көрсетіп, оны өздерінің топ­тарына қоспай, әбден жүйкесіне тиетіні де сөзсіз. Осы кезде балаға ата-ананың, ұстаздың, мектеп психологының көмегі әбден керек. Ата-ана баласымен әр күні асықпай сөйлесіп, жаңа ортадан көрген қысымшылықтары мен әлімжеттіктерді тыңдап, баласына сабырмен жол көрсетуі тиіс. «Бұл мектепте сен өмірбойы тұрып қалмайсың. Бұл жерге келу себебімізді өзің жақсы білесің, бұрынғы орында қалуға мүмкіндік болмады. Ал, сен өзіңе қысастық жасаған сыныптастарыңды жүрегіңмен кешіре біл. Өйткені, мектеп саған білім алу үшін керек. Көп бол­са, төрт-бес жыл ғана шыдайсың, одан кейін мектепті бітіріп, бәрің әр жаққа кетесіңдер. Сондықтан, сыныптастарың саған қаншама қысым жасаса да, сен оларға көмектесуге әзір бол. Сенімдеріне кір. Мәселен, парталасыңның қаламы жоқ болса, сен өзіңнің артық қаламыңды бер. Үлгере алмаған үй жұмысына көмектес, әйтеуір олармен тіл табысуға тырыс. Жүрегіңе өшпенділік пен ыза жина­ма. Қандай жағдайда да сабырлы бол, айғай-шу, төбелес дегендер – тәрбиесіз адамның ісі» деген сияқты сөздермен басу айтуға тырысқан дұрыс.

Өзі жаңа ортаға үйрене алмай жүрген баланың соңынан «неге бұл сынып ба­лалары менің баламды қабылдамайды?» деген әңгіртаяқ ойнататын сөздерден аулақ болған абзал. Балалардың өз заңы, өз ережесі бар. Сіз қанша айғай салып, жауапқа тартсаңыз да, балаңызды олардың ортасына зорлықпен қабылдата алмайсыз. «Жаңа мектеп – жаңа орта» деген кітап ата-анаға осыны түсіндіреді екен.

«Әлсізді қорға»

«Денсаулық және өмірлік дағдылар» кітап топтамасымен шыққан психологиялық құралдың бірі осылай аталады. Иә, бұл мәселе де – бүгінгі қоғамның шындығы. Қазіргі таңда бала­лар мен жасөспірімдер ортасында әлдінің әлсізге әлімжеттілік жасауы – ең алдыңғы орындардың бірінде тұрған дертті сауал. Жақында әлеуметтік желілердің бірінде баласына сыныптастарының көрсеткен қылығына күйінген анасының жанайғайы жарияланды. Сыныптың ұл балалары өздерінің сыныптастарын ұрып-соғып, ақша талап еткен. Ата-ана мектеп дирек­торына шағымданғаннан кейін олар өз сыныптастарының әр мүшесінің 100000 теңгеге сатылатынын көрсетіп, суретімен әлеуметтік желіге салып қойған. Сонда бұл мектептің ұстаздары не қарап отыр? Мек­теп психологының жұмысы «нөл» деген сөз емес пе? Қалай өз оқушыларының осын­дай әрекетіне жайбарақаттылықпен қарай алады? Осындай оқиғаға немқұрайлы қарағаннан кейін олардың ұстаз атануға құқы бар ма, жоқ па?! Осындай сауалдарға жауап іздейтініміз анық.

Әлдінің әлсізді қорлауы әр мектепте де бар. Біреулер бұл мәселені білсе де білмеген болады, енді біреулері жоғарыда айтылғандай, мектеп директорына, полицияға арызданып, күштеп, балалар­ды сындырып қойдырғылары келеді. Иә, мүмкін, бұзақы, тентек болар, бірақ, олар да сіздің балаңыз сияқты балалар емес пе? Олардың үстінен арыз жазып, полиция арқылы қорқытып-үркіткеннен пайда жоқ. Қайта ерегісе түседі. Әрі олардың алдындағы балаңыздың азды-көпті беделі тіптен төмендеп кетері анық. Бірде осын­дай мәселемен мектепке бармақ болған ата-анасына бір жасөспірімнің: «Мен үшін мектепке бармаңыздар. Егер баратын болсаңыздар, жағдай шиеленісіп кетеді. Мен олардың бетіне, мұғалімдерге қарай алмай, төменшіктеп жүретін боламын. Әрі сынып жетекшім мен мектептің тәрбие орынбасары: «Мектептегі жағдайды неге үйге жеткізесіңдер?» дейді. Сонда мен әрі өсекші атанамын» дегені бар. Әр нәрсеге сабырмен қарап, балаға үйден моральдық көмек беріп отырған дұрыс. Осы мәселеге жауапты «Әлсізді қорға» деген кітаптан оқуға болады.

«Қызғаныш және іштарлық»

Кітапта балалар арасындағы қызғаныш пен іштарлық мәселесі сөз болады. Үлкендер жоғарыдан қарап түсінбейтін балалардың өзіне тән әлемі бар. Осынау әлемде олардың өзіне тән қордаланған көкейкесті мәселелері де бар екені шындық. Баланың мөлдір де нәзік әлемін кірлетіп, сындырып алмай, сол бір әлемге сенім арқылы ене білсеңіз көп нәрсеге қанық болар едіңіз. Мәселен, өзі жақсы оқитын, сабырлы, әдемі, жақсы киінетін қыз баланы сыныптас қыз балалар неге шеттетеді? Ал, сабақ айтуға, тапсырма орындауға келгенде немесе қалам, қағаз, дәптер керек болғанда оның алдына ба­рып, өз қажеттіліктеріне пайдаланғаннан кейін түк болмағандай қалып көрсететіні неліктен? Бұл туралы сынып жетекшісі, мектептің педагог-психологы білмейді де, ойланбайды да. Сонда неге ұстаздарды «бала жанының инженері» дейміз? Бала бақыты – ұстаздан. Мұғалім алдында пар­тада отырған әрбір баланың көзінен оны толқытатын, уайымға батыратын немесе қуантатын жағдайды оқи білмесе, ол неге бұл мамандықты таңдаған?

Балалардың, жасөспірімдердің қызғанышы мен іштарлығын қалай анықтап, олармен қалай жұмыс жасау керектігі жайында осы аттас кітаптан көп мәлімет алуға болады екен.

P.S. «Bilim foundation» қоғамдық қорының басқарушы директоры Берік Ракушевтің айтуынша, аталған сериямен 19 кітап шыққан. Оның жетеуі – алты жастан жоғары оқушыларға, он екісі жоғары сынып жасөспірімдеріне арналған. Берік Ұзаққалиұлы 236 кітап топтамасын әкелгенін айтып отыр. Ол аймақтың 59 мектебіне таратылмақ көрінеді. Қазір аталған жоба Қызылорда, Ақтөбе, Ақмола, Атырау облыстық білім беру бөлімдерімен бірлесіп жүзеге асуда. Бірінші рет қолға алынып отырған педагогтік-психологиялық жобаға сәт сапар тілейік, ендеше!

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз