ШҰҒЫЛ!!! Дәріханалардағы 94 пайыз дәрі-дәрмек қайда?

fb img 1594568150327 COVID-19: Соңғы поштадан...

12 шілде, 2020 жыл. Бүгін облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушы Қ.Қожахметовтың, қалалық мәслихат депутаты Қ.Джуамбаевтың, облыстық арнайы мониторингтік топ мүшелері мен «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері дәрі-дәрмектердің жасанды түрде жетіспеушілігіне және олардың қымбаттауына тосқауыл қою мақсатында мониторинг жүргізді.

Атап өту керек, күні кеше ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжановтың қатысуымен өткен онлайн-брифинг барысында: «Атырау облысы дәрі-дәрмекпен 94% қамтылған. Әрі қарай бұл мәселе ерекше бақылауға алынады» деген болатын. Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, Атырау қаласы мен Жылыой ауданы негізгі ауру ошағына айналған. Мұнда коронавирусты жұқтырудың 85% -ы тіркелді.
Сонымен, бүгінгі мониторинг Атырау қаласында орналасқан көптеген дәріханаларда тұрғындардың сұранысына ие қызу түсіретін және вирусқа қарсы 20 атаулы дәрі-дәрмектің тапшылығын көрсетті. Ал, аудандардағы жағдай туралы айту бұдан да қиын. Сондықтан да аурудың өсуі жоғары деңгейде тұр.
Анықталған кемшіліктер қатарына дәріханалар алдында үлкен кезектің орын алып, адамдардың әлеуметтік қашықтықты сақтамай шоғырланғанын айтуға болады. Оның себебі, қызуды басатын және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер тек қана үлкен дәріханаларға ғана жеткізілген.
Сонымен қатар, қаладағы Махамбет көшесінде орналасқан «Зерде» дәріханасында науқасқа қажетті (оның ішінде орнын алмастыратын) дәрілер бар екен. Ал, Авангард мөлтек ауданында орналасқан «Гиппократ», «Семейное», «На Гурьевской» дәріханаларында тұрғындар қажет ететін кейбір дәрі-дәрмектің ішінара бар екендігі белгілі болды.
Мониторинг барысында дәрі-дәрмекті шекті бағадан асырып сату дерегі де анықталды. Атап айтқанда, Нұрсая мөлтек ауданы, 51 мекен-жайында орналасқан «Аптека» дәріханасында «Nurofen» (шектік баға 724 теңге, сату бағасы – 800 теңге), «Бронхо-мунал П» (шектік баға 3 808 теңге, сату бағасы – 4000 теңге), «Ингалипт» (шектік баға 554 теңге, сату бағасы – 600 теңге) шекті бағадан асырылып сатылды. Бұл деректер тіркеліп, тиісті құзыретті мемлекеттік органға жолданатын болады.
Қазір облыстағы індеттің өршуіне байланысты жағдайлар назарға алынып, күнделікті тексерулер жалғасатын болады.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз