ЗОРА – ҮЗДІК ПЕДАГОГ

Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияның мұғалімі Зора Файзуллина жақында аталып өткен өзінің кәсіби мерекесінде республикалық «Үздік педагог» конкурсының жеңімпазы атанды.

Биыл төртінші жыл кәсіби біліктілікті сарапқа салған сайыс Зораның мерейін  өсірді.  ҚР Білім және ғылым министрі  Аслан Сәрінжіпов оны «Үздік педагог» төсбелгісімен және ақшалай сыйлықпен марапаттады.

Өз шәкірттеріне ағылшын тілі пәнін оқытып, үйретуде үнемі талмай ізденіп, кәсіби шеберлігін шыңдаумен шұғылданатын Зора Файзоллақызы 2011 жылы АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша Вашингтон қаласындағы Джорджтаун университетінде тағылымдамадан өтіп, Луизиана штабындағы Нью-Орлен қаласында өткен 45-ші халықаралық конференция жұмысына қатысуға мүмкіндік алды. Ал, келесі жылы ізденімпаз ұстаз өз қаражатына тұманды Альбион елінде өткен ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің конференциясына қатысып қайтты.  Шетелдік оқу ордаларынан алған әсерлері жөнінде әріптестерімен бөліскен Зора мектептерде ағылшын тілі пәнін оқып-үйрету мәселелері туралы әдістемелік құралдар дайындап, мақалаларын жазды.

Ұлағатты ұстазды шәкірттері де өз жетістіктерімен марқайтып, жігерлендіріп отырады. Қалалық, облыстық пәндік олимпиадалар мен ғылыми конференциялардың жеңімпазы атанған оқу үздіктері де жетерлік. Оның алдынан дәріс алған жиырмадан астам жас бүгінде  ұстаздық жолды таңдап, облыс мектептерінде шәкірттер тәрбиелеуде. 

Бақытжан  ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз