Онлайн-сабақтың бір күні қалай өтеді?
Аtr.kz/28 сәуір, 2020 жыл.Міне, мектеп оқушыларының қашықтан білім алып жатқанына да үшінші апта. Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін, карантин талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің шешімімен 2019-2020 оқу жылының төртінші тоқсаны онлайн режімінде басталғаны баршаға мәлім.
Осы орайда, ойламаған жерден интернет жүйесі арқылы білім берудің жаңа әдісін мұғалімдер қаншалықты меңгерді? Онлайн режімі арқылы оқушылардың заманауи талаптарға сай біліммен қарулануына мүмкіндік бар ма? Аталған мәселеде ата-ана мен мұғалім арасында байланыс қалай орнатылмақ? Шәкірттердің қашықтан оқуға ынтасы қандай? Осы сияқты көкейдегі толған мәселелер туралы көп сауалдарға жауап іздеп, №34 көпсалалы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі Жаннат Ізтелеуовамен хабарласқан болатынбыз. Мұғалімнің айтқан мекен-жайын іздеп фототілші Ерлан Алтыбаевпен бірге жолға шықтық.
Атыраудың іргесіндегі Бірлік – 2 мөлтекауданының Тұмарханым көшесінде тұратын Жаннат Тасмағамбетқызы біз барған кезде қызу жұмыс үстінде екен. Сабақ басталып кетіпті. ZOOM etc бағдарламасы бойынша 10 сыныпқа қазақ тілі мен әдебиетінен конференция-сабақ өткізуде. Сабақтың тақырыбы: «Табиғи ресурстар», «Сөйлемге қойылатын тыныс белгілер». Ұстаз оқушыларына слайд түрінде тапсырма беріп, оқушылар мұғаліммен кері байланыс жасаған кездің куәсі болдық. Әсіресе, Ерасыл, Гүлнұр, Ақсұлу, Арман, Дильназ есімді оқушылар белсенділікпен сабаққа қатысып, апайларынан тапсырмадағы түсінбеген жерлерін сұрап жатты.
Жаннат Тасмағамбетқызы тақырыптың қай пәнмен кіріктіріліп оқуда екенін, мәтіннің қай стильге жататынын сұрады. Ерасыл өзінің коммуникативтілігін танытып, бірден жауап беріп отыр: «География пәнімен кіріктіріліп оқытылуда. Ғылыми стиль». Ал, Гүлнұр Күзембаева мен Ақсұлу Байжанова тақырып бойынша сызбасын көрсетіп, қорғау үстінде. Кейбір оқушылар сабақ басталып кеткеннен кейін де бағдарламаға кіріп, тапсырмамен танысты.
Мұғалімнің тілдік бағдар бойынша сөйлемге қойылатын тыныс белгілерге байланысты берген тапсырмасына орай Дильназ бен Арман өздері орындаған жаттығу жұмысын
түсіріп, ватсап арқылы жолдады. Мұғалім өзінің конференцияда отырғанына қарамай бір қолына телефонын ұстап, ватсап арқылы келген оқушылардың жұмысын тексеріп, қызыл белгі арқылы қателерін түзеп, өздеріне қайтадан жолдады.
Ариадна есімді оқушы тақырыптағы тірек сөздерді анықтады: «табиғи ресурстар, шикізаттар, экологиялық жағдай, космостық ресурстар, жер қойнауындағы пайдалы қазбалар» және басқаларын айтып, мұғалімнен «жарайсың» деген мақтау естіді. Бір мезгілде бірнеше оқушымен қатар жұмыс жасай отырып, әр оқушының қабілет-қарымына байланысты саралау әдісімен тапсырмалар беріп, оларды орындаған шәкірттерін мадақтап, марапаттаған ұстаз еңбегінің бір ғана 40 минутына куә болдық.
Айта кететін жағдай, Жаннат Тасмағамбетқызының ZOOM etc бағдарламасы бойынша өткізген конференция сабағына куәгер тек біз ғана емеспіз. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің филология факультетінің студенті Ақтыныс Мақсотова онлайн-сабақ өткізген кезде компьютер бағдарламаларын қосуға, оқушылармен байланыс жасауға көмектесіп отырды. «Шәкірттерімнің балалары бүгінде маған әрі көмектеседі, әрі тәжірибе үйренеді, мен ол үшін қуаныштымын» деді ұстаз мерейленіп. Кейіпкеріміз – 38 жыл еңбек өтілі бар, жоғары санатты мұғалім.
«Мектепте, шәкірттерінің ортасында жүру – мен үшін бақыт. Онлайн-сабақтың өзіндік қиындығы да жоқ емес. Көзге көп салмақ түседі. Мен алты сыныпқа қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Әр сыныпта орта есеппен алғанда 25 оқушы болса, мен бір күнде 150 баламен онлайн-байланысқа шығады екенмін. Олардың тапсырмаларын тексерген кезде қиындық көретінім рас. Сондықтан, жаттығу жұмыстарын күніне әр сыныпқа бес оқушыдан орындатып, қалған оқушылардан сызба, тізбе түрінде сұраймын, ауызша тыңдаймын. Бірақ, оқушылар да, мұғалімдер де қашықтан оқытуды меңгеруде. Қазақстанның Ғылым және Білім министрінің шешіміне сай жұмыстанудамыз. Мектеп басшыларына есеп беріп, kyndelik. kz платформасы арқылы байланысудамыз», — деді Жаннат Тасмағамбетқызы өз жұмысы туралы.
Ұстаздың айтуынша, онлайн-сабақ шәкірттің алдында тұрып, тақырыпты меңгертетін кәдімгі сабақтай қайдан болсын!
«Әр пән бойынша оқушылардың қабілеті әртүрлі. Бұрын да сол пәнді нашар меңгеретін оқушыға қашықтан оқыған кезде қиынға түсетіні рас. Ал, жақсы оқитын балалар қашан да қамшы салдырмайтыны ақиқат. Олар қайта онлайн-сабаққа жауапкершілікпен қарап, өздігінен көп ізденетіндерін байқатты» дейді ол толғана тұрып.
Көбінесе ватсап желісі арқылы, бейнероликпен сабақ түсіндіріп, жолдайтын көрінеді. Ортақ топқа оқушылар сол бойынша кері байланысқа шығады. Ватсапқа жіберген жаттығуларды түнімен тексеріп, қорытындысын ортақ чатта жариялайды екен. «Бұл – біз үшін ең тиімді жол» дейді Жаннат Ізтелеуова.
Сабақ соңында мұғалім қорытындылап, үй тапсырмасын берді. «Туған өлкенің қазіргі экологиясы» деген тақырыпқа толғаныс-эссе жазуды тапсырған Жаннат апай оқушыларымен қоштасып, орнынан тұрды. Біз де бір күндік онлайн-сабақтың өткеніне куә болып, ұстаз жұмысына шығармашылық сәттілік тіледік.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА