
“Нұрлы талда” Наурыз мерекесі тойланды
Атырау қаласындағы «Нұрлы тал» этносаябағында 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды әлеуметтендіру мақсатында Наурыз мейрамына орай арнайы іс-шара өтті.

-Біздің мақсатымыз – мүгедектігі бар балаларды қоғамға бейімдеу, оларға өзара қарым-қатынас, мәдениет пен ұлттық дәстүрлерді тереңірек түсінуге мүмкіндік беру. Наурыз мейрамы – бұл жаңарудың, жаңа өмірдің басы, сондықтан біз осы ерекше күнді балаларымызға ұмытылмас әсер қалдыратын, олардың әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған іс-шаралармен атап өтуге тырыстық. Саябақтағы ойын алаңдары, ұлттық мұражай мен сергіту сәттері балалардың қызығушылықтарын оятып, ұлттық дәстүрлерге деген құрметін арттыруға ықпал етті. Осы жоба арқылы біз балаларға қоғамның толыққанды мүшесі болу үшін қажетті дағдыларды қалыптастыруды көздейміз, — дейді жоба жетекшісі Гүлзира Жамалова.

Сонымен қатар этносаябақта 60 орынды қамтитын қазақи ұлттық нақышта ою өрнекпен өрнектелген 3 киіз үй тігіліп, қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды.
-Бұл жоба мүгедектігі бар балаларға қоғаммен тығыз байланыс орнатуға, өздерін толыққанды азамат ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Әрбір бала – болашақтың ұрпағы, және олар өздеріне қоғам тарапынан көрсетілетін көмек пен қолдауды сезінуі тиіс. Мемлекет тарапынан қаржыландырылып жатқан осындай жобалар біздің қоғамның әрбір мүшесіне, оның ішінде мүгедектігі бар балаларға да тең дәрежеде қолдау көрсету арқылы, олардың әлеуметтену жолындағы кедергілерді жоюға және өздеріне лайықты орын алуға мүмкіндік береді, — дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов.
Тоғжан ЕРМЕК