АЗАМАТЫН АЯЛАҒАН ЕЛДЕНБІЗ…

Жаңа 2015 жыл қарсаңында Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Атырау облыстық комитетінің ұжымы бұрынғы Коммунистік партияның ардагері, қоғам қайраткері, Жылыой ауданының, сондай-ақ Атырау қаласы мен облысының Құрметті азаматы, дербес зейнеткер, «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь Революциясы», «Құрмет», «Халықтар достығы» ордендерінің иегері Есен Тасқынбаевты арнайы барып құттықтады.

 

Ардагерді ҚКХП Атырау облыстық комитетінің бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, сый-сияпат тапсырды.

Есен Тасқынбайұлы 1932 жылы қарт Каспий теңізінің жағалауындағы Жаршық ауылында дүниеге келген. 1949 жылы Құлсары қаласындағы Абай орта мектебін күміс медальмен бітірген. Мәскеу қаласындағы И.М.Губкин атындағы мұнай институтын тәмамдап, еңбек жолын осы кіндік қаны тамған туған жерінде бастаған болатын. Ауданның Құрметті азаматының мерейтойы Жылыой топырағынан бастау алуы – заңды құбылыс.

Есен Тасқынбаев кез келген түлектің қолы жете бермейтін Мәскеу жоғары оқу орнын ойдағыдай бітірді. Осыдан кейін-ақ жас маманның еңбек жолы басталып жүре берді. Бастап-қыда ол бұрғылау жабдықтарын жөндеуші слесарь болып еңбек етті. Кейін бас механик қызметін атқарды. Өзінің алғырлығының арқасында ұтымды ұйымдастырушылық қарым-қабілетін таныта білген Есекең көп ортасынан ерекшелене түсті. Оның болашағынан үлкен үміт күткен сол кездің басшы азаматтары оны Гурьев қалалық партия комитетінің екінші хатшысы етіп тағайындайды. Осылайша жас басшының билік басындағы қызметі басталып жүре береді… 

Атақ пен даңққа қызықпаған Есақаң қашанда өз мүддесінен гөрі ел мүддесін жоғары қойды. Ол туралы сол кездегі замандастарының бірі Оңайбай Көшеков: «Мемлекеттің мәселесін өз шаруасындай қолға алатын, өз шаруасын мемлекеттің мүддесі тұрғысынан көретін қоғам қайраткері,» – деп лайықты бағасын беріпті. Сол айтқандай, қымбат та қадірлі ағамыз туған жердің гүлденіп, көркеюі жолында аянбай еңбек етті. Зейнеткерлік жасқа 1995 жылы шықса да еңбек сапынан қалмады, өнегесін кейінгі толқын інілеріне үйретумен болды. Ақылшы аға шаңырағына осындай құрметпен барған партия ұжымына өзінің шексіз ризашылық сезімін білдіріп, алдағы жыл береке мен мерекенің жылы болсын деген тілегін жалғады.  

ҚКХП Атырау облыстық комитетінің бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиевтен қосымша білгеніміздей, аталған партия ұжымы Жаңа 2015 жыл қарсаңында көп балалы және аз қамтылған отбасыларын азық-түлікпен және жаңажылдық сый-сияпаттармен де қамтамасыз етуде.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз