ҮНЕМДЕУ – САРАҢДЫҚ ЕМЕС, ҰҚЫПТЫЛЫҚ

«Келешекте арзан коммуналдық қызмет болмайды. Демек, әркім үнемділікке үйренуі тиіс» 

ҚР Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.

ендеше, әр тұтынушы соған ұмтылуы тиіс

Міне, қысқы науқан да басталды. Көппәтерлі үйлерге жылу берілуде. Демек, тұтынушыларға коммуналдық төлемнің осы түрі үшін де ақы төлеуге тура келеді. Жаз бойы отбасылық бюджетті біраз үнемдеген қалалықтар енді ақшаларын шындап санайды. Ал, жалпыүйлік есептеу құралдарын орнатса ше? Оның тиімділігі қанша айтылғанымен, соған неге құлақ аспаймыз? «Атырау жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамының президенті Мұхамбетқали Қалиевпен кезекті сұхбатымызда осы тақырыпты қамтуға тырыстық.

– Расында да, осы мәселенің қозғалғанына біраз жыл болды. Іс ілгері жылжып жатыр ма?

– Мемлекет басшысы былтырғы қазанда үстіміздегі жылдың соңына дейін жылу энергиясын есептейтін жалпыүйлік есептеу қондырғысын орнатуды тапсырды. Осы тапсырма мен еліміздің «Табиғи монополиялар және реттелетін нарық туралы» Заңын орындау мақсатында біздің кәсіпорын тұтынушылармен жеке келісімшарт жасауды қолға алды. Аталмыш заңның 7-бабына сәйкес табиғи монополия иесі тұтынушылармен жасалған келісімшарт негізінде жалпыүйлік жылу энергиясын есептейтін құралдарды сатып алып, орнатуы тиіс. Ал, тұрғындар тағы да осы заңның талаптарына орай осындай есептеу құралдарымен қамтамасыз етілуі керек. Бұл ретте мұндай жабдықты өздері қондыруына немесе оны коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорыннан талап етуіне құқылы. Тек кейін келісімшартта көрсетілгеніндей, монополия мекеме есебінен алынып, орнатылған құралдың шығынын әрі мерзімінде, әрі толық көлемінде өтеуі тиіс.

Қазір Атырау қаласы бойынша 468 жылу энергиясының жалпыүйлік есептеу құралын қондыру қажеттігі анықталды. Әзірге орнатылғаны – 88 ғана. Міне, көріп отырғаныңыздай, әлі қыруар іс тындыру қажет. Біз биылғы қыркүйекте-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында тұтынушыларға үндеу жолдап, осындай жабдықтармен жарақтандырылу үшін келісімшарт жасақтауға шақырғанбыз. Халықтың қалтасына салмақ салмау үшін есептеу құралдарын алып, орнатуға жұмсалатын шығындарды жабуда келісімшартта оны екі жыл көлемінде бөліп төлеу де қарастырылған. Бұл – банктік несие емес, ол үшін ешқандай үстеме пайыз да қосылмайды. Өтелетін ақша көлемі төлем құжатында бөлек көрсетіледі. Өзінің қарызынан қаншалықты құтылғанын әр адам біліп отырады. Тиімді тәсіл емес пе?

Рас, тұтынушылар есептеу құралының бағасынан қашатын шығар. Иә, ол арзан емес. Бірақ, тиімділігі де мол. Қазір қаладағы осындай есептеу құралы бар тұрғындар өзгелерімен салыстырғанда жылу энергиясы үшін төлемді анағұрлым аз төлеп отыр. Өйткені, ауа райының салқын-жылылығына байланысты реттеуге болады. Сонда, сол құралды орнатуға кеткен шығын үнем есебінен өтелмей ме? Тіпті, сайып келгенде, қолданыстағы заң талаптары орындалуы тиіс. Демек, ерте ме, кеш пе – қалалықтар бәрібір есептеу құралдарымен қамтамасыз етіледі.

– Жоғарыда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарландыру бергеніңізді айттыңыз. Содан соң сіздерге өтініш білдіргендер болды ма?

– Тура өзімізге келген жоқ. Бірақ, облыс орталығындағы төрт көп пәтерлі үйлердің тұрғындары өздері орнатып алыпты. Біз мұны да құптаймыз. Әйтсе де, кәсіпорын мамандары пәтер иелері кооперативтері басшыларымен бірге әр тұтынушыға барып, тұрғындармен жеке әңгімелесуде. Соның нәтижесінде хабарландыру жарияланғаннан кейін жарты айдың ішінде он шақты үйдің тұрғынымен келісімшарт жасалды. Демек, олар есептеу құралдарымен қамтамасыз етіледі.

Дегенмен, кейбіреулер асығар емес, мүлдем бас тартушылар да бар. Ал, көп пәтерлі үйдің тұрғындары түгелімен келісім-шартқа отырмаса, онда мұндай құралдар орнатылмайды. Сонда бірнеше тұрғынның кінәсінен толық үй есептеу жабдығымен жарақтандырылмайды.

– Яғни, көршінің кесірі көршіге тиеді ғой.

– Солай. Есептеу құралдарын тезірек орнату үшін тұрғындардың ауызбірлігі керек. Жалпы, осындай жабдықтармен жарақтандырылған үйлердің жылу энергиясы үшін төлемі басқаларымен бағамдағанда анағұрлым арзан екендігі жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында біраз жазылды. Мәселен, бүгінде есептеу құралдарының бар-жоғына байланысты жылу энергиясына сараланған тариф енгізілген. Ол Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментімен бекітілген. Демек, жылу энергиясының жалпыүйлік есептеу құралдарын орнатқан үйлердің тұрғындары мұндай жабдығы жоқ қалалықтармен салыстырғанда екі есе аз тарифке ие. Бұл да үлкен үнем емес пе?

– Демек, кәсіпорын тұтынушылардың тілегіне орай есептеу құралдарын өзі сатып алып, одан әрі қондырып береді. Ал, осы жұмыс үшін ақыны өздеріңіз тағайындайсыздар ма?

– Ақы ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің 2006 жылғы 7 шілдедегі бұйрығымен бекітілген. Ал, жергілікті жерде осы құрылымның Атырау облысы бойынша департаментімен келісілген. Демек, біз өз талабымызды күшпен таңып отырған жоқпыз, бәрі де қолданыстағы заңдылықтар аясында реттелген.

Қазір тұтынушыларға есептеу құралдарын орнату ісімен «Махамбетов» жеке кәсіпкерлігі айналысады. Ол – бұл салада тәжірибесі бар сенімді мердігер. Біз онымен бірнеше жылдан бері әріптеспіз және осы мекеменің ұсынып отырған бағасы мен төлем тәсілі тұрғындар үшін тиімді.

– Соңғы сауал, есептеу құралы орнатылған соң ол әрі қарай кімнің меншігіне көшеді?

– Еліміздің қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес есептеу құралдары тұрғындардың ортақ меншігі болып табылады. Демек, сол үйлерде құрылған пәтер иелері кооперативтерінің қорына көшеді. Бізге тек келісілген келісім-шартқа сай сол жабдықтарды сатып алып, орнатқан шығынымызды өтесе болғаны.

Жалпы, осы мүмкіндікті пайдаланып, тағы да тұтынушыларға айтарым – жылу энергиясының жалпыүйлік есептеу құралдарын қондыруға асығыңыздар. Сайып келгенде, осының бәрі жылу энергиясы сапасының жақсарып, тұрғындардың қаражатын үнемдеуге бағытталған. Демек, мұндай мүмкіндікті пайдалану керек. Турасын айтқанда, аздан да, көптен де үнемдеу – сараңдық емес, ұқыптылық белгісі. Елбасы да халықты соған үндеп отыр.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз