Үш жыл жұмыс жасап, пәтерлі бол!

999e4e1d7bf38273442a71cd67d46a46 xl Білім

Atr.kz/11 қыркүйек, 2019 жыл. Биыл ауылға келген жас мамандарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақының көлемі 100 айлық есептік көрсеткішке дейін өскен.

Еңбек жолын ауылдан бастағандар үшін өткен жылы 176 мың теңге мөлшерінде жәрдемақы берілсе, биылғы жылдың бірінші шілдесінен бастап бұл көрсеткіш 252 мың теңгені құрады. Аталмыш бағдарламамен ауылдық жерге қызметке орналасқандардың бірі – Айдана Бақытова. Ол Исатай ауданының тумасы. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін осы жобамен аудандық мәдениет үйіне жұмысқа тұрып, екі бөлмелі үйдің иесі атанды. «Бағдарламаның көмегі өте көп. Себебі, оқуды аяқтаған кезден бастап, бірден жұмысқа кірістім. Баспаналы болдым. Менің ойымша, қай жерде жұмыс жасағаның маңызды емес. Ең бастысы, іс-тәжірибе жинақтау. Сондықтан, замандастарымды ауылды бірге көркейтуге шақырамын» дейді жас маман.   Былтыр облыста «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 32 маманға бюджеттік несие, ал, 125-іне көтерме жәрдемақы берілген.

Жыл басынан бері өңірде 4 маман бюджеттік несие, 47 маман көтерме жәрдемақы алған.

Ал, бағдарламаға енгізілген өзгерістен кейін 33 маман баспаналы болып, 130-ға жуығына көтерме жәрдемақы беріледі деп жоспарлануда.

Сонымен бірге, осы уақытқа дейін үй алуға қажетті бюджеттік несиелер аудандық әкімдікте бекітілетін. Ал, қазір ол үшін өтінішті халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, берілетін жәрдемақы көлемі  – 1500 АЕК немесе 3 млн. 700 мың теңге шамасында. Бұл қаражатты жас маман 0,01 пайызбен ала алады. «Бұған дейін жобаға ие болған жастардың бес жыл көлемінде жұмыс жасауы қажет саналса, күні бүгінде атаулы мерзім үш жылға қысқартылды. Яғни, жас маман үй немесе көтерме жәрдемақы алған жағдайда қызметке орналасқан жерінде тұрақты түрде үш жыл жұмыс жасауы тиіс. Сондай-ақ, жылжымайтын мүлік иелікке толық мерзімі өтелгеннен кейін ғана беріледі» дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Әйгерім Құрманберлиева.

Гүлдана ЖАМБОЗОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз