Жарнама
Жаңалықтар

МОЛ МҰНАЙ – ТҰҢҒИЫҚ ТЕРЕҢДЕ

Меже – он бес мың метр

Конференцияға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ алдымен залда отырған ардагер бұрғышыларға ілтипат білдірді. Сайып келгенде, кезінде осы азаматтар тер төгіп бұрғылаған кеніштерден қазір де өнім алынып жатыр. Бүгінгі биікпен бағамдағанда сол шақтың техникасы да нашар, жабдықтары да әлсіз еді ғой. Шындығы керек, қоршаған ортаны қорғауға да аса назар аударылмайтын. Мәскеу мыңдаған метр жер қойнауын қазуды талап етті, бұрғышылар соны орындады.

Ал, қазір ше? Жетілген технология бұған дейін беймәлім болып келген тереңдіктің де сырын ашуға мүмкіндік береді. Аса терең ұңғымаларға бұрғы бойлатуға жағдай бар. Рас, сонау жылдары облыста сол кездің өлшемімен аса терең саналған екі-үш ұңғы қазылды. Бірақ, солардың бірде-бірі межелі тереңдігіне жеткізілмеді. Түрлі себептермен апатқа ұшырап, әрі қарай қазылмады.

Өзі де мұнай-газ саласының білгір маманы аймақ басшысының айтуынша, бұған дейін жүргізілген геологиялық іздестіру нәтижелері осы бағытта инвестиция тартуға жол ашты. Қайткенде де, бұрынғылар салған соқпақ қазіргілердің игілігіне жарауда. Шетелдіктер де қызығушылық танытты. Алыстағы американдықтар да, іргедегі ресейліктер де бері ағылды. Бүгінде өңірде 32 табиғат пайдаланушы кәсіпорын бар екен. Солардың 18-і шетелдік саналады. Ел экономикасына осылар құйған қомақты инвестиция нәтижесінде бұрғылау жұмыстары өрістеуде, мұнайдың мол қоры табылуда.

Бұдан түскен табыс Ұлттық қорға құйылуда. Ал, соңғысының қаржысы өз кезегінде халықтың тұрмысын түзеуге, жұмыссыздықты жоюға, экономиканы тұрақтандыруға, әлеуметтік проблемаларды шешуге, түрлі инфрақұрылымды құруға жұмсалуда. Сайып келгенде, Елбасының бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жол» бағдарламасында белгіленген жұмыстар осы қордың қаражаты арқылы мәреге жетпек. Елордадан басталып, республиканың барлық тарабына тарайтын темір және автомобиль жолдары құрылысы осылай қаржыландырылмақ.

 Аймақта тоғыз компания геологиялық іздестіру шараларымен шұғылданады. Әрине, аса көп те емес. Бірақ, тиімді пайдалана білсе, осы күшпен де көп іс тындыруға болады. Өңірдегі мұнай-газ саласына қомақты инвестиция салып отырған «Шеврон» компаниясы, әрине, ең ірісі саналады. Оның бір өндірістік буыны – «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аймақтың әлеуметтік ахуалын сауықтыруға көп септігін тигізуде. Жергілікті атқарушы билікпен жақсы қарым-қатынас орныққан. Солтүстік Каспий жобасының бас операторы ретінде НКОК компаниясы да өңірдің проблемаларынан сырт қалмайды. Қазір Қашаған кенішінен өнім өндіру технологиялық себептерге байланысты тоқтатылғанымен, одан ешкім қол үзген жоқ. Су астындағы және құрлықтағы құбырлар ауыстырылған соң мұнай алу жалғастырылады. Теңіз кенішінде кеңейту жобасы жүзеге асырылады. Өзге де шаралар қарастырылған.

Ең үлкен жаңалық – Еуразия жобасы. Оның аясында ресейліктермен бірлесіп он бес мың метрлік тереңдікті бұрғылау көзделген. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, бұл мәселе өткен жылғы күзде Атырауда ұйымдастырылған өңірлік экономикалық форум аясында Қазақстан және Ресей президенттерінің кездесуінде де талқыланған. Сөйтіп, ортақ мәміле алынған. Міне, осы ұңғыма тұз астының біраз сырын ашады. 

Ескі кеніштердің ертеңі

Мұнайлы Ембінің бүгінде байырғы саналатын кеніштерінен «қара алтын» салыстырмалы түрде таяз тереңдіктен алынуда. Олардың бірқатарының іске қосылғанына жарты ғасырдан аса уақыт өтті. Көбі шыққан шығынын да өтемейді, қайтарымы да аз. Қабат қысымын арттыру мақсатында жер астына әдеттегіше су айдағанмен, бұл тәсіл де қазір өзін ақтамауда. Соның салдарынан ұңғымалардың дені суланған. Демек, Қазақстан мұнайшылар-геологтар қоғамының төрағасы, геолого-минералогия ғылымдарының докторы Балтабек ҚУАНДЫҚОВТЫҢ айтуынша, бұрғы ұшын 10-15 мың метрлік тереңдікке бойлататын кез келді. Оның үстіне, қазіргі қолданыстағы технология күшімен бұл межені алуға мүмкіндік бар. Соның нәтижесінде аса тереңдегі жер қыртысы да зерттеледі, жаңа кен орындарына да баға беріледі.

Белгілі ғалым-геологтың пікірінше, бүгінде мол мұнай табу – жеңіл іс емес. Келешегінен үлкен үміт күттіретін кеніштер болғанымен, оларды кеңінен қатарға қосу үшін қыруар қаражат қажет. Елбасы ұсынғанындай, бұл бағытта шетелдік инвестиция тартып, бірлескен кәсіпорындар құру тәсілі өзін ақтады. ТШО компаниясынан бастап, қазір өңірде сырттан келген инвесторлармен бірге құрылған ондаған кәсіпорын бар. Демек, осы орайдағы шараларды жалғастырған жөн. Сайып келгенде, таяудағы меже – жылына 130-150 млн. тонна мұнай өндіру. Дүниежүзілік деңгейде көмірсутегі шикізатына сұраныс әлі жоғары. Әлем ғалымдары баламалы энергетикалық қуаттарды іздестіріп жатқанымен, «қара алтын» мен «көгілдір отынға» мұқтаж мемлекеттер жетерлік. Мәселен, Еуропа елдерінің дені мұнай мен газды тыстан тасымалдайды. Олар Қазақстанға да иек артады. Табиғи қоры мол, бейбіт саясат ұстануы нәтижесінде тұрақтылықты қалыптастырған елімізбен сенімді әріптес болуға құштар.

 Жалпы, Инвестиция және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай НҰРАБАЕВТЫҢ айтуынша, елімізде 131 млрд. тонна отын қоры бар. Бүгінде негізінен Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы 15 кенішті игеру бағытында шаралар алынбақшы. Өйткені, жоғарыда айтылғанындай, солардың бәрінің дерлік мүмкіндігі мол. Яғни, алдағы уақытта тұзасты қабаттарын зерттеу қажеттігі туды.

Рас, шетелдіктерді біздің кеніштеріміздің бәрі қызықтырмауы да ықтимал. Табыс табуды үйренген олар қаржысын күмәнді жобаларға шығармайды. Ал, геологиялық іздестіру жұмыстары көп ретте тәуекелге байланысты. Қыруар қаражат жұмсап, үмітті ұңғыманы қазғанда одан күткендегідей нәтиже шықпауы да мүмкін. Демек, мұндай тәуекелге шетелдік инвесторлар бармағанымен, бізге қолға алуға тура келеді. Сондықтан, республикалық бюджеттен отандық геологияға 2015-2016 жылдары 120 млрд. теңге бөлініп отыр. Осы қомақты қаражаттың дені көмірсутегі шикізаты қорын молайтуға жұмсалады.

Әйткенмен, қайткенде де, сырттан инвестиция тартқан абзал. Шетелдіктерді қызықтыра алатындай тартымды жобалар ұсынылуы керек. Қызылқоға ауданындағы Тайсойған полигонының көп бөлігі Қазақстанға қайтарылуы мұнда кең көлемде геологиялық шараларды өрістетуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде осындағы Қоңдыбай мен Уаз кеніштерінен өнім алынуда. Алдағы уақытта сынақ алаңының орта шенінен мұнай мен газ іздестірілмек. Сонымен қатар, келісімді жерінің көп бөлігі полигон аймағында қалған «Мәтен» бірлескен кәсіпорнына да өнімін молайтатын жағдай туғызылды.

Сайып келгенде, ел экономикасын одан әрі өркендетуге бағытталған Мемлекет басшысы ұсынған 100 қадамның 74-ші және 75-ші қадамдары пайдалы қазбаларды халық қажетіне жаратуға арналған. Осы орайда халықаралық стандарттарды пайдалану, шетелдіктермен келісім жасаудың оңтайлы тәсілдерін қолдану айтылған. Қазір жер қойнауын тиімді тұтынуға бағытталған заңдылықтар да жетілдірілді. Бір сөзбен қайырғанда, ескі кеніштерге екінші өмір сыйлайтын сәт туды.

Осы орайда облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов су астында қалған байырғы ұңғымалардың жағдайын сұраған. Аймақ басшысының бұлай дабыл қағуы өте орынды. Өйткені, сонау жылдары құрғақта қазылған ұңғымалар кейін Каспий тасығанда су астында қалған. Бүгінде олардан өнім алынбағанымен, теңізге мұнай ағып кету қаупі бар. Осындай ескі ұңғымалар саны жүзден асқандықтан жылына үш-төрт ұңғыманы ауыздықтау – көңіл көншітетін іс емес. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, ертеңгі күні бірнеше ұңғымадан мұнай қатар ағып кетсе, бәрін бір-ақ сәтте ауыздықтау да қиын. Ал, айдын төсін ластайтын мұнай оның жағалауындағы бес мемлекеттің ренішін туғызбақ. Бұл ретте астаналық шенеуніктің айтқаны – биыл 13 ұңғыманы ауыздықтауға қаражат бөлінгені. Демек, үстіміздегі жылы жұмсалатын бір миллиард теңге аздық етеді.

«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының президенті Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ көне кеніштерден өндірілетін өнімнің өзіндік құны жоғары екендігін айтады. Әрине, геологиялық қорды толықтыру, кеніштердің қайтарымын арттыру, шығынды азайту қажет-ақ. Қазір кәсіпорында өндірілетін мұнайдың әр баррелінің өзіндік құны 66 доллар. Мұндай шығынмен акционерлік қоғам қомақты табыс таба алмайды. Сондықтан, таяудағы бес жылдың межесі – өзіндік құнды 55 долларға түсіру. Осы орайда мұнайшылар ғалымдардың қолдауын күтеді, солардың ғылыми сараптамаларына сүйенеді. «Ембімұнайгаз» мекемесі әр жылы екі миллиард теңгені ғылыми жұмыстарға жұмсап келеді. Бүгінде ембілік мұнайшылар Каспий ойпатындағы бірнеше кеніште геологиялық шараларды өрістетуге рұқсат алуды жоспарлап отыр. Егер осы шаруа оңынан түссе, онда ескі Ембінің екінші тынысы да ашылмақ.

«Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясының атқарушы директоры Стефан де Майё Солтүстік Каспий жобасының жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Астанадан жақында ғана келген маман «Қашаған жобасы – ғылым мен геология жемісі» деді. Шындығында, бұл – тура берілген баға. Қазақстан, қайткенде де, теңізден мұнай алады. Бұған дейін миллиардтаған доллар жұмсалған жобадан мемлекет те, инвесторлар да бас тартпайды. Демек, межелі күні айдын төсінен де өнім өндіреміз.

…Сонымен, екі күнге созылған «АтырауГео-2015» халықаралық ғылыми геологиялық конференция өз жұмысын аяқтады. Оның түйіні – тұзасты қабатын барынша зерттеу, яғни аса терең ұңғымаларды бұрғылау. Сөйтіп, еліміздің көмірсутегі шикізаты қорын молайту.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button