Салғырттық сан соқтырады

Салғырттық сан соқтырады Жаңалықтар

Мемлекеттік рәміздер – еліміздің маңызды атрибуттары. Оларға деген ел азаматтары мен мемлекеттік органдардың көзқарасы біздің патриоттығымыз бен Отанға деген құрметімізді көрсетеді. Десек те, бүгінгі рәміздердің жай-күйі мен олардың жаңа стандарт талаптарына сәйкестігі әлі де көңіл көншітпей отыр. Бейсенбі күні өткен облыс әкімі жанындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері жөніндегі комиссия отырысында осы жайында және анықталған бірқатар заң  бұзушылықтар туралы кеңінен айтылды.

%d1%81%d0%b0%d0%bb%d2%93%d1%8b%d1%80%d1%82%d1%82%d1%8b%d2%9b-%d1%81%d0%b0%d0%bd-%d1%81%d0%be%d2%9b%d1%82%d1%8b%d1%80%d0%b0%d0%b4%d1%8b

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтің төрағалығымен өткен жиында алдымен Мақат ауданына қатысты мәселе тыңдалды. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жақсылық Мүсеповтің айтуынша, Мақатта  рәміздерге қатысты заң бұзушылықтар орын алмаған. «Аудандағы барлық мемлекеттік мекемелерде орналасқан рәміздер техникалық реттеу және метрология комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінен тексерістен өткізіліп, стандарт талаптарына сәйкестендірілді. Өткен жылдың ақпан айында республикалық комиссияның тексеру жұмыстары барысында Мақат кенті әкімі аппаратының, аудандық білім беру бөліміндегі  Мемлекеттік Елтаңбаларына қатысты кемшіліктер қалпына келтірілді. Ағымдағы жылы Мақат ауданы әкімдігінің ғимаратындағы ауа райының қолайсыздығы салдарынан бүлінген Елтаңбаны жаңасына ауыстыру туралы тапсырма берілді», – деді ол. Сондай-ақ, рәміздерді насихаттау және патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған шараларды атап өтті.

Ал, Атырау облысы ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Сұлтан Молдашев биылғы жылы рәміздерге қатысты орын алған заң бұзушылық фактісіне тоқталды. Айтуынша, алтыншы сәуір күні Геолог поселкесінің сыртқы айналма жолымен қоқыс алаңына бағыт алған «Арнаулы автобаза» КМК-ның қоқыс таситын көлігінде Мемлекеттік Ту байлаулы тұрған. Тексеру барысында туды А.Жүсіпов есімді Өзбекстан азаматы қоқыстардың арасынан тауып алып, көлікке байлап қойғаны анықталған. «Осы дерек бойынша аталған Өзбекстан азаматы жауапқа тартылып, оған әкімшілік жаза ретінде 200 есептік айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды» – деді ол.

Жиында сөз алған Атырау облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева да зерделеу жұмыстары барысында анықталған бірқатар заңсыздықтарға тоқталды.

– Мемлекеттік рәміздерді егеменді еліміздің әрбір азаматы құрметтеуге, мақтаныш етуге тиіс. Бұл біздің оларды пайдалану тәртібін қатаң сақтауымыздан көрініс табады. Әйтсе де,  жоғарыда аталған Мақат ауданы әкімдігінің ғимаратында орналасқан Елтаңбаны ауыстыру жөнінде комиссия хаттамасы толтырылып, актісі бекітілгенімен, рәміз әлі күнге дейін ілінбеген. Сондай-ақ, Доссор кенті әкімі аппаратының жойылған Елтаңбасының орнына мемлекеттік стандартқа сай келмейтін, яғни, диаметрі 40 см. болатын Елтаңба ілулі тұр. Аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратының сыртқы бетіндегі Ту мен Елтаңба да талапқа сәйкес келмейді. Облыс аумағында ҚР Мемлекеттік рәміздерін талапқа сай қолдану жұмыстарына қадағалау жүргізу мәселесі де жүйеге келтірілмеген. Мәселен, шілденің жетісі күні Атырау облысы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі орталық ғимаратында орнатылған Мемлекеттік Ту жыртық екендігі анықталды. Осыған байланысты басшысын жауапкершілікке тарту ұсынылғанымен, шара алынған жоқ, – деген Әсия Баянқызы «Құрманғазы» халықаралық автомобильдерді өткізу шекара пунктінде де осындай жағдайдың орын алғанын айтты.

Тіпті, тамыздың 18-і күні облыс орталығындағы Исатай-Махамбет алаңында орналасқан тудың жыртылып тұрғаны анықталғанымен, осыған жауапты тұлғаға қатысты шара алынбаған. Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған Жылыой аудандық прокуратура ғимаратында орнатылған Мемлекеттік Тудың жыртылып, жалбырап тұрған көрінісі рәміздерге деген құрметтің төмендігін көрсеткендей.

Әсия Баянқызы өз сөзінде аталған фактілерді ескере отырып, Атырау қаласы мен аудандар әкімдері ішкі істер органдарымен бірлесе отырып, Мемлекеттік рәміздерді талапқа сай қадағалау мәселесін пысықтауы қажеттігін айтты. Себебі, бүгінге дейін қай орган нақты қандай жағдайда Мемлекеттік рәміздерді тексеріп, бақылайтынын әлі де дұрыс білмейді. Бұл шалағайлық та іс барысында көптеген кедергі келтіруде.

%d1%81%d0%b0%d0%bb%d2%93%d1%8b%d1%80%d1%82%d1%82%d1%8b%d2%9b-%d1%81%d0%b0%d0%bd-%d1%81%d0%be%d2%9b%d1%82%d1%8b%d1%80%d0%b0%d0%b4%d1%8b-2

Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев  техникалық реттеу және метрология комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Алмагүл Елеусіновадан жауап беруін талап етті. Ал, жауапты орган өкілі біздің аймақта рәміздер жасап, шығаратын мекеме жоқтығын, дайындаушы өзге өңірлерден болғандықтан, оларды жауапқа тарту да қиынға соғатынын алға тартты. Мұның мән-жайын анықтау керектігін айтқан Әлібек Ибатоллаұлы құзырлы органдарға өз жауапкершілігінен жалтармау қажеттігін де ескертті.

«Егер де құзыреттіліктеріңізге жатпайтын болса, Мақаттағы жағдайға байланысты қандай негізге сүйеніп хаттама толтырдыңыздар? Кез келген мекеменің басшысы ең алдымен Мемлекеттік рәміздерге көңіл аударуы тиіс. Өңірде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына байланысты  көптеген шаралар өтеді,  ал,  мекемелердегі рәміздер жайы  сын көтермейді. Мұны қалай түсінуге болады? Бұл жүрдім-бардым қарайтын мәселе емес. Сондықтан, нақты шаралары алынуы тиіс. Және қаражат сылтау болмайды, себебі мен бюджеттік тапсырыстан рәмізге қаржы сұраған бірде-бір мекеменің атын көрмедім. Яғни, бұл аталған фактілер жауапты тұлғалардың рәміздерге салғырт қарауынан орын алып отыр» – деген облыс әкімінің орынбасары осы  мәселеге қатысты нақты тапсырмалар берді.

Мәлике МӘЛІК.   

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз