Мамырда жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады
Бұл туралы еліміздің Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлім етті. ҚазАқпарат агенттігі таратқан мәліметке сүйенсек, тұрғын үй бағдарламасы моноқалалармен қатар ауылда да қолданысқа енгізіледі.
–Мамырда «Отбасы банкімен» жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Ипотекалық несие әлеуметтік осал топтарға 7 пайызбен, қалған санаттағы азаматтар үшін 9 пайызбен беріледі. Алғашқы жарна 20 пайызды құрайды, — деді Қанат Шарлапаев.
Министрдің сөзінше, жалпы бөлінетін қаражаттың 30%-дан аспайтын мөлшерде моноқалалар мен елді мекендерде тұрғын үйді екінші нарықтан сатып алуға болады. Биыл 300 млрд. теңгеге 12 мың ипотекалық несие берілсе, одан әрі 8 мың несие беру үшін жыл сайын 200 млрд. теңге қарастырылады.
Сондай-ақ, министр Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес сатып алу құқығымен берілетін арендалық тұрғын үй туралы айтты.
–Оның көлемін бірнеше есеге арттырып, жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосуы қажет. Механизмдердің негізгі шарттарына тоқталатын болсам, әкімдіктер жеке құрылыс компанияларынан ауданы 80 шаршы метрді құрайтын жаңа тұрғын үйді сатып алады. Тиісті нормаларды Үкімет қабылдады, мамыр бастап қаржыландыру басталады, — дейді ол.
Айта кету керек, бүгінде Мәжілісте кезекте тұрғандарға арендалық тұрғын үйді жекешелендіру құқығын беретін заң жобасы қаралып жатыр.