Бағалы балық қорын көбейту – басты назарда

Screenshot 5 1 Жаңалықтар

Өңірге іссапармен келген Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев, Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Қадірбек Есқалиев, облыстық мәслихат хатшысы Өмірзақ Зинуллин  Атырау және Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыттарында болып, бағалы балық өсіру өнімділігін арттыру, сапалы өнім шығару жолдарын іздестірді. Бүгінде қос кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы қайта жаңғыртуды қажет етеді. Ескі технологияға қарамастан мемлекеттік тапсырысты бұлжытпай орындап келе жатқан ұжым қызметкерлерінің жалақасы да мардымсыз.

Screenshot_4

Қонақтар алдымен Атырау бекіре балық өсіру зауытына барып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Зауыт директоры Рашиден Халидуллин бүгінде мемлекеттік тапсырманың 60 пайызға орындалып отырғанын  мәлімдеді.

Бұл зауыттың іргетасын 1997 жылы Елбасының өзі қалаған болатын. Содан бері 100 млн. шамасында шабақ жіберген екенбіз. Қазір мұндағы 72 бассейнде 2 миллионнан астам шабақ өсірілуде. Қолдан ұрықтандыру, дәлірек айтқанда, «подушка» әдісімен соңғы шабақтардың шыққанына үш күн болды. Енді аптаның аяғында екінші легін шығарамыз. Оған қажет 12 аналық пен 10 аталық тұқым дайын тұр. Осы орайда, жұмысымызға септесіп отырған аумақтық балық инспекциясын атап өтуге болады. Халық қалаулыларының алдына үш мәселені қойып отырмыз. Біріншісі – бағалы балықтың аналық пен аталық тұқымын аулау көлемін көбейту. Екіншісі – еңбегі көзге көрінбейтін қызметкерлердің алатын 70-80 мың теңгеден аспайтын жалақысын көтеру.

Үшіншісі – бүгінгі таңда жылына 7 млн. шабақ өсіріп жатқан қос зауыттың қуатын 14 миллионға жеткізу. Еліміз үшін бұл да аз, шындығында 40 миллион шабақ қажет. Ол үшін кәсіпорынды қайта жаңғыртып, соңғы кезде басқа елдерде сәтті қолданылып жүрген заманауи тұйықталған сумен жабдықтау жүйесін енгізу керек. Сол кезде өндіріс қуатын екі есеге арттыруға болады. Сонымен бірге, тым болмаса 10 миллион шабаққа есептелген үшінші зауыт салу қажет. Осындағы он тоғанға қосымша тағы оны керек.

Балықтың өсіп-өнуі су температурасына да байланысты. Бүгінге дейін ол 11 градустан көтерілмей, кедергі келтіріп келді. Енді күн  жылыды. Балықтың дыбыс шығармайтыны белгілі, оның аналығын күні-түні бақыламаса, уылдырық пайдасыз болып қалады. Зауытта барлығы 78 қызметкер еңбек етеді. Бас балық өсіруші 2012 жылы Астрахан қаласынан келді, – дейді ол.

Осыдан кейін халық қалаулысы мен комитет өкілі Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытын аралады. Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын өз жұмысын осыдан жиырма жыл бұрын бастаған. Зауыт директоры Ғилыман Сәрсемалиевтің айтуынша, осы уақыт аралығында нысан қайта жаңғыртылмаған.

Кәсіпорын базасы тозған. Оны жаңғыртудың техникалық-экономикалық негіздемесі дайын тұр. Бірақ, қаржы бөліп, жобалық-сметалық құжатын дайындау мәселесі шешілмей отыр. Егер, жаңа технологияға қол жеткізсек, ауа райы мен басқа да жағдайларға тәуелсіздіктен арылар едік. Мұнда бағалы балықтың бес түрі – орыс бекіресі, шоқыр, қортпа, сүйрік, пілмай өсіріледі. Маусымдық тартым кезіндегі қызметкерлерді қосқанда, барлығы 94 адам еңбек етеді, – дейді Ғилыман Әміржанұлы.

Аталған саланың қыр-сырымен толық танысқан сенатор Ғұмар Дүйсембаев кенжелеп қалған балық шаруашылығын  қайта қолға алу керектігін алға тартты.

Бұл бағытты қалай өркендетуге болады, осы жолда қандай кедергілер бар? Кезінде Атырау қаласының шетінен 30 млн. шабаққа есептелген үшінші зауыт салу мәселесі көтеріліп, кейін оған кететін шығынның көптігіне байланысты қолда бар зауытты жаңғырту көзделді. Енді оларды мемлекеттік бағдарламаға енгізу қарастырылып отыр. Сонда ғана жобалау-сметалық құжатын дайындауға қаржы бөлінеді.

Өңірде 20 шақты кәсіпкер балық шаруашылығымен айналысады. Сондықтан, жаңадан ашылған өндіріс орындарына жеңілдіктер қарастырылуда. Әйтсе де, дайын табиғат байлығын өсірудің шығыны аз болғандықтан, инвест-субсидия бөлу орынсыз деп табылды. Қазір табиғат суы мен балықтың азаюына орай, Елбасы шешімімен мораторий жарияланды. Екі зауытқа биыл ауланатын аналық пен аталық балықтың шекті көлемі  4 тонна деп көрсетілген. Бұл мәселені шешудің де оңтайлы жолдары қарастырылуда, – деді ол.

Ал, жоғарыда аталған комитеттің бас сарапшысы Қадірбек Есқалиевтың сөзіне қарағанда, зауытты қайта жаңғырту тендер байқауының жеңімпазына байланысты бірнеше жылға созылуы мүмкін.

Жыл сайын азайып жатқан бағалы балық қорын келешек ұрпаққа сақтау – басты міндет. Оның екі жолы бар, бірі – арнайы екпе жасау арқылы қолдан ұрықтандыру, екіншісі – балықтың жүру жолын кедергілерден тазарту. Қолдан өсірілген балықтарға чип құралын орнатып, кейін бақылау мүмкіндігі бар. Каспий теңізін бөлісіп отырған бес мемлекетте де осындай зауыттар бар. Соның ішінде, Ресейде көп. Ал, Түркіменстанда енді салынып жатыр. Алғаш рет біздің мемлекет бағалы балықты аулауға мораторий енгізген болатын. Енді бұған қалған мемлекеттер де қосылды, – дейді Қадірбек Нағимұлы.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз