Квестті қазақ тілінде онлайн ойнауға мүмкіндік туды (+ВИДЕО)
Мұндай мүмкіндікті жаңадан ашылған erenjol.kz сайты ұсынып отыр. Ағартушылық бағытты көздейтін жаңа сайттан ақпараттық-танымдық материалдармен қоса, көкжиегіңізді кеңейіп, ойлау қабілетіңізді дамытатын квест ойынын ойнай аласыз.
Квест ойынның «Ізкесер», «Медиа кубик» атты екі нұсқасы ұсынылып отыр. «Ізкесер» ойыны журналистік зерттеумен ұштасқан желілес тапсырмалардан тұрады. Ал «Медиа кубикте» ойыншылар нақты жағдайлар арқылы мобильді қосымшалар мен дерек көздерін қаншалықты пайдалана алатындығын тексереді. Оған қоса ойынның бас-аяғындағы сұрақтар сіздің деңгейіңізді анықтауға көмектеседі. Айта кетерлігі, ойынды жекелей немесе топтық түрде ойнауға да мүмкіндік бар.
Жоба авторының айтуынша, ақпаратты тану, талдай білудің өнімді әрі төте жолы – медиасауатты машық ретінде дамыту. «Біз медиасауатқа қатысты квест ойынын әзірлемес бұрын біраз адамдармен әңгімелесіп көрдік. Сонда көзіміздің жеткені, басым көп санды адамдар ақпаратты тексеру, фактчекинг жасау сияқты теориялық білімді меңгерген. Бірақ нақты өмірде оны қолдана бермейді. Себебі біліу мен қолданудың арасы алшақ. Дәлірек айтқанда, білім бар, машық жоқ. Міне, осыдан келіп біз медиасауатты дамытудың басқа жолын қарастырдық. Оны өмірде қолданатындай алаң әзірлеп, нақты тәжірибе барысында пайдаланған кезде ғана дамиды деген тұжырымға тоқтадық. Квест ойын осылай жарыққа шықты», – дейді Ұшқын Сәйдірахманұлы.
Квест ойын идеясына Internews Kazakhstan қоры қаржылық қолдау танытқан. Ал идеяны «Ерен жол» қоғамдық қоры жүзеге асырыпты. Сондай-ақ Журналистика мәселелерін зерттеу институты ғылыми тұрғыдан әріптестік көмек көрсеткен.
Мобильді медиа дамып, әр адам смарт телефон пайдаланатын бүгінгі таңда әр күніміз ақпаратсыз өтпейтіні анық. Erenjol.kz сайты сонымен бірге әлеуметтік желілердегі түрлі топтар мен каналдардан тоқтауссыз келетін сілтемелерден қорғану, іздеу жүйелерін ұтымды қолдану сияқты тағы басқа да қарапайым, бірақ аса қажетті танымдық мазмұнды ұсынып отыр. Жалған дерек пен ақпараттық монипуляция ырқына түспеу үшін сайтқа кіріп, медиасауат машығыңызды дамытыңыз.
Сапарғали Қанат