ҰЛТТЫҢ РУХЫН ҰЛЫҚТАҒАН АТЫРАУЛЫҚ ӘДЕБИЕТШІЛЕР ҚАТАРЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Соңғы уақытта Атыраудың әдеби ортасында үлкен серпін берген игі істердің легі толастаған емес. Сондай мәнді шаралардың бірі – «Әдебиет апталығы». Жыл бойына ұйымдастырылған апталық аясындағы шараларды бұған дейін газетімізде үзбей жариялап келген болатынбыз. Оқырмандар мен ақын-жазушылардың арасындағы алшақтап қалған әуелгі байланысты қайта жалғаған «Әдебиет апталығы» қорытындыланып, мәресіне жетті.

Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда өткен шараға жергілікті қаламгерлер мен жас ақындар қатынасып, әдебиет сүйер қауымға шығармаларын таныстырды. «Әдебиет апталығы» аясында Атырау облысы әкімінің қолдауымен «Ағатай» баспасынан жарық көрген жергілікті қаламгерлер кітаптарының тұсауы кесілді. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Алтынбек Нысанғалиев пен белгілі ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп қаламгерлердің жаңа кітаптарының ресми түрде лентасын қиды.

«Әдебиет апталығы» деп аталып жыл бойына руханият жаршысындай болған айтулы іс-шара – алғашқы сапарын Құрманғазы ауданынан бастаған болатын. Алғашқы сапар аясында аудан жұртшылығына аға буын қаламгерлер мен жас ақындар әдемі поэзиялық кеш сыйлап, әдебиет тақырыбында әсерлі әңгімелер айтып, көпшілік көңілін ұлттық құндылық арнасына астастырды. Құрманғазы ауданымен шекаралас Ресейдің Астрахан облысында мәңгілік мекенін тапқан Құрманғазы мен Бөкей хан мазарына барып, тәу етіп, кейінгі ұрпаққа үлгі көрсетті. Сонымен қатар, Астрахан облысында тұратын қазақтармен кездесу ұйымдастырылды.

– Астраханда 150 мыңнан астам қандасымыз тұрады. Біздің кездесу ұйымдастыруымыз – оларды ана тілімізді ұмытпауға шақыру еді, – дейді шараның ұйымдастырушысы, ақын Қойшығұл Жылқышиев.  – Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов облысқа басшы болып келгенде алдымен әдебиетшілерді қабылдап, қаламгерлердің өтініштеріне құлақ асып, ұсыныс-тілектерін қабыл алды. Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан осы қабылдау негізінде арнайы әдеби шаралар жасақтатып, бағыт-бағдар берді. «Әдебиет апталығы» аясында қаладағы жоғары және орта арнаулы оқу орындары студенттері арасында, облыстың жеті ауданында да ақын-жазушылар болып, халық арасында өз шығармаларын насихаттады. Жеті автордың кітаптары өздеріне  500 данасымен түгел тегін беріледі. Сондай-ақ, біраз жас ақынның апталық аясында тұсауы кесілді.

Апталық аясында Исатай ауданында дүбірлі айтыс ұйымдастырылды. Көпшілікке үлкен әсер берген кеш Жылыой ауданында мұнайшылар арасында жалғасын тапты. Мұнайшылардың арасында да қаламды серігі еткен ақын-жазушылар аз емес.

Мақат ауданында ең жас оқырмандар арасында бүгінде тұралап қалған балалар әдебиеті мәселелері сөз болды. Талантты жас ақындар өлең сөздің көрігін қыздырып, жүректен шыққан жырларын оқып, аға буын ақындардың ақ батасын алды. Ал, Қызылқоға мен Махамбет  аудандарына сапар жастар шығармашылығына арналды. Индер ауданында әдебиетшілер Махамбет, Малайсары, Мұрат бабалар рухына тағзым етіп, аудан оқырмандарына шығармашылықтарын насихаттап, оқырман мен кітап жайында кеңінен пікірлескен болатын.

«Әдебиет апталығының» қорытынды шарасында кіріспе сөз сөйлеген облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев алдағы уақытта да бұл игі бастаманың жалғаса беретінін жеткізді. Әдебиет айдыны жыл сайын атыраулық ақын-жазушылардың кітаптарымен толысатынын айтып, шығармашылық табыс тіледі.

Шығармашылық адамының басты мұраты саналатын кітап шығару ісі, бір сөзбен айтқанда, оңай емес. Осындай жауапты істі атқарған облыс әкімдігіне, оны ұйымдастырған Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облысы бойынша филиалының директоры, ақын Қойшығұл Жылқышиевке кітап авторлары, белгілі қаламгерлер шара барысында ризашылықтарын білдірді. «Ағатай» баспасынан филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Қадыр Жүсіптің «Қайсарлық лирикасы», З.Қабдолов атындағы қордың директоры, жазушы Бекет Қарашинның «Дороги и думы», қызылқоғалық ақын Қалидолла Ізекеновтің «Жансарай», өлкетанушы, журналист Өтепберген Әлімгереевтің «Жадымыздағы жаңғырықтар», бүкіл ғұмырын ауылдың мәдени өміріне арнаған, драматург, режиссер, әрі ұстаз Махамбет Оңдағанидың «Айналайын Ақжайық», құрманғазылық жазушы Өмірзақ Қажымғалиевтың «Алтынды тот баспайды» сынды кітаптары жарық көрді. Өзі өмірден өтіп кетсе де, Жанаш Нұрмахановтың ғұмыр бойына жинақтаған зерттеулерінен «Қазақтың ақын-жыраулары» атты кітабы шықты. Әкесінің кітабы шығатынын естіп жан-жақтан қаумалап, шараға арнайы келген ұрпақтары да сахна төріне көтеріліп, Жанаш Нұрмахановтың шығармашылығы, өнегелі өмірі жайында естеліктерді ақтарса, Маңғыстау облысынан келген қызы Жанат Жанашқызы әкесінің кітабын тегін шығарып беріп отырған Атырау облысы әкімдігіне, ұйымдастырушыларға алғысын жаудырды.

Игілікті шараның оң бастама болғанын айтып, сөз сөйлегендер қатарында белгілі айтыскер ақын Жәниба Қарасаева да болды. Әдебиет апталығы тәуелсіздік тұсындағы әдебиетті, жастар шығармашылығын насихаттауға зор мүмкіндік береді. Ғ.Сланов атындағы ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Гүлжанай Қалиева: «Жергілікті қаламгерлердің жаңа кітаптарының шығуы кітапханамыздағы әдеби қазына қатарын толықтырып қана қоймай, оқырмандардың бірден-бір ой серігіне айналады. Оқырмандар жергілікті қаламгерлердің туындыларын жиі іздейді. Сұраныс бар. Ал, осынау жаңа кітаптар олардың сұраныстарын аз да болса қанағаттандырса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Келешек үшін де бұл жақсы жаңалық болды деп есептеймін», – дейді.

Шара соңында жас ақындардың әсерлі жырларына кезек берілді. Жыр бәйгесіне жүген-ноқтасын ұстай келген жастарымыз көп болып шықты. Соның бірі өзіндік бөлекше стилімен ерекшеленген Асан Темір, «Алтын топшы» шығармашылық жастар ұйымының жетекшісі Артур Яһуда,  поэзия падишасына айналған Фариза апамыздың жолын қуып, ізінен ерген ақын қыздар Бақытгүл Сәрмек, Меруерт Қабылова, Ұлмекен Шәукенова өлеңдерін оқып, жұртты бір серпілтті.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ,
Суреттерді түсірген 
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз