Конституциялық сот Тұңғыш Президент туралы заңның күшін жойды
Конституциялық сот Парламент депутаттары тобының өтінішін қарады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Конституциялық соттың сайтындағы мәлімет бойынша, депутаттар тобы 5 қаңтарда Конституцияның 62-бабының 4-тармағына ресми түсініктеме беруді сұрады. Сондай-ақ депутаттар «Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігін реттейтін нормаларды алып тастауға байланысты «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы туралы» Конституциялық заңның күші жойылды деп танылуға жата ма?» деген сұраққа жауап беруді сұрады.
«2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда білдірілген, Қазақстан Республикасының Конституциясынан 46-баптың 4-тармағы мен өзге де нормаларды алып тастау туралы Қазақстан халқының еркіне негізделе отырып, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Конституциясында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының Қазақстан Республикасында қолданылатын құқықта сақталуына құқықтық негіздер жоқ деп тану қажет, осыған байланысты оның күші жойылды деп танылуға жатады», — делінген Конституциялық соттың қаулысында.
Еске салайық, Мәжіліс 2022 жылғы 28 желтоқсанда Тұңғыш Президент — Елбасы туралы заңның күшін жою туралы құжатты қарауға қабылдады.