Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeҚоғамҚұқық

КӨЛІК ТІРКЕУДЕ КІДІРІС ЖОҚ

Atr.kz/1 шілде, 2020 жыл. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы көліктерді тіркеу, қайта тіркеу, жүргізушілік куәлік пен көліктерге мемлекеттік нөмір беру қызметін көрсетеді. Төтенше жағдай уақытында қызметі тоқтап, қазір қайта жұмысына кіріскен орталықтың бүгінгі тынысымен таныстық.

Жұма күні де ғимарат іші келушілерге толы екен. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Атырау облысы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Нұрлыбек Бақтығали мұны Армениядан келген «көліктерді тіркеумен» байланыстырды. «Сары нөмір» алудың жай-жапсарын білгісі келіп, ақыл-кеңес сұраушылар толастар емес.

«Тұрғындарға қолайлы болу үшін қыркүйектің 1-не дейін әр жексенбіде сағат 9:00-13:00 аралығында тек Армения елінен әкелінген автокөліктерді тіркеу үшін мамандандырылған ХҚКО жұмыс жасаудамыз» деді баспасөз хатшысы.

Ғимарат заманауи үлгіде жабдықталған. Салқындату жүйесі де бірқалыпты жасап тұр. Мұнда медициналық тексерістен өтушілерге комиссия кешенді қызмет көрсетеді. Төлем жасау үшін үш бірдей касса жұмыс жасап тұр. Сонымен қатар, құжатын күтушілерге асхана да бар екен.

Карантинді ресми аяқталды дегенмен де, оның санитарлық-гигиеналық талаптары әлі де сақталатыны белгілі. Сондықтан да мамандар медициналық бетперде және қолғап киіп қызмет атқаруда. Ал, келушілер кіреберіске қойылған антисептикалық құралмен қолдарын залалсыздандырса, кейбірінің мамандардың «бетперде тағыңыз» деген ескертуіне құлақ аспағанын көрдік.

«Біздің міндет – ескерту. Әрі қарай адамның жауапкершілігіне байланысты» деген Нұрлыбек Бақтығали келушілердің «ыстықтан тұншығып барамын, бетперденің кесірінен құлағым жара болды» деп түрлі сылтау айтатынын жасырмады. Алайда, мұның барлығы тұрғындардың денсаулығының қауіпсіздігі үшін ұйымдастырылған шара екенін түсінетіндер де бар.

Келесі кезекте күту залына қарай беттедік. Көлігін тіркеуге келгендердің бірі – қала тұрғыны Амангелді Сейітқалиұлы. Ол 2011 жылы шыққан «Ниссан Тиана» көлігін Арме­ниядан сатып алған. «Автоцонға бұдан бұрын ақыл-кеңес алуға келгенмін. Бүгін «сары нөмір» алу үшін тіркетуге келдім. Үкіметтің халыққа қарасып, қаулы шығарғанына қуандым. Себебі, енді шетелдік көлікті тіркеуге көп шығын кетпейтін болды» дейді қала тұрғыны.

Орталықта полиция және салық қызметінің өкілдері де отырды. Маусым басталғалы мамандандырылған ХҚКО-да Армениядан әкелінген 200-ден астам көлік тіркелсе, ал, жаңа ережелер бойынша 400-ден астам адам кеңес алған.

Атырау облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының процессингтік орталық бастығы, полиция подполковнигі Сапиғолла Жанғазиевтың айтуынша, тұрғындардың көбі оң жақ рөлді немесе сол жаққа рөлі ауыстырылған (перекидка) көліктерге қатысты сұрақтармен келеді.

«Басқару органдары оң жақтан сол жаққа орналасқан, қайта жабдықталған автомобильдер меншік иесі көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік бергеннен кейін ғана тіркелуге жатады. Көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлікті сауда және интеграция министрлігі ак­кредиттеген сынақ зертханалары береді» деген түсінік берді полиция өкілі.

Ал, Қанат Жангазин деген азамат Құрманғазы ауданынан келген. Мақсаты – осыдан бір апта бұрын сатып алған көлігін тіркетіп, мемлекеттік нөмір алу.

Соған байланысты баспасөз хатшысы Нұрлыбек Бақтығали бүгінгі күні біраз қызметті үйден шықпай-ақ алуға болатынын түсіндірді. Атап айтқанда, жүргізуші куәлігін алуды және автокөлікті рәсімдеуді қашықтан «Электронды үкімет» порталы арқылы жүзеге асыруға болады. Сондай-ақ, орталықтан алатын бұл қызмет түрлерінің уақыты қысқарып, шаруаңызды бір сағаттың шамасында бітіруге болады. Сол үшін де мұнда отызға жуық тәжірибелі маман облыс тұрғындарына дүйсенбі-жұма күндері 9:00-20:00 сағат аралығында түскі үзіліссіз, сенбі 9:00-14:00 аралығында қызмет көрсетеді.

Сонымен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Атырау облы­сы бойынша филиалының Мамандандырылған ХҚКО арқылы ашылған уақыттан бері 100621 көлік құралы тіркеліп, 55409 адамға жүргізушілік куәлігі берілген. Оның ішінде биылғы жылдың өзінде 22537 автокөлік тіркеліп, 13894 жүргізушілік куәлігі рәсімделген екен.

Орталықтың онлайн қызметі

  • Ол үшін қандай қадам жасау керек? Бастысы – Сізде электронды цифрлық қолтаңбаңыз болуы тиіс. Компьютеріңіз ғаламтор желісіне қосулы болса, e.gov порталына кіріп, 1) қызмет түрін таңдайсыз. 2) Онлайн сұранысқа тапсырыс бересіз, одан соң өзіңіз туралы мәлімет шығады (егер көлігіңіз болса, көлік салығының төленгені, айыппұлдың бар-жоқтығы, мүмкіндігіңіздің шектеулі еместігі туралы мәліметтер автоматты түрде расталады). 3) Одан соң қай Мамандандырылған ХҚКО-нан алуды таңдайсыз (Мысалы: Атырау қаласы, Солтүстік өндірістік аймағы 69). 4) Содан кейін қан тобын көрсетесіз (мысалы: ІІ оң). 5) Бұдан соң өзіңіздің фотосуретіңізді жүктейсіз (фотосуретті ұялы телефон арқылы да түсіруге болады, рұқсат етілген көлемі 20 кб аспауы керек.) 6) Сосын қол қою үлгісін жүктейсіз (қол қойылған фотосуретті ұялы телефон арқылы да түсіруге болады, рұқсат етілген көлемі 16 кб аспауы керек.) 7) Келесі қадам мемлекеттік баж төлейсіз (қолданыстағы банкомат карточкасындағы нөмірді банк өтінішіне енгізесіз, төлем мөлшері 3313,75 тг). 8) Содан соң қол қоясыз.

Бір сағаттың ішінде қызметтерді алу тарихына құжатыңыздың дайын екендігі жөнінде хабарлама келіп түседі. Сол арқылы жоғарыда таңдалған мекен-жай бойынша дайын құжатты ала аласыз.

Ескерту:

Бұл тек жүргізушілік куәлігіңіздің мерзімі бітпей тұрғанда жасалатын іс-әрекет! Егер куәлік мерзімі бітсе, дәрігерлік тексерістен өтуіңіз шарт. Ал, 1) куәлікті алғаш алғыңыз келсе; 2) сот қаулысымен жүргізу құқығынан айырылсаңыз; 3) өзге санатқа тапсырғыңыз келсе, емтихан тапсырасыз!

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button