Карантин режимін бұзғандар
Atr.kz/30 шілде, 2020 жыл. Атырау облысында карантин режимін бұзғандарға қатысты 106 әкімшілік іс қозғалды. Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, мобильді топтар сауда және сервистік қызмет көрсететін 1243 нысанға рейд жүргізген.
«Рейд кезінде жеке тұлғалар мен шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына қатысты 29,5 млн. теңгенің 106 әкімшілік ісі қозғалды. Соның ішінде нысандарда қызметін көрсету кезінде карантин талабын бұзған 42 жеке тұлғаға айыппұл салынды. Жеке тұлғаларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы – 2 млн. 291 мың теңге. Сондай-ақ, 36 азық-түлік дүкені мен 4 қоғамдық тамақтану орны, бір-бірден компьютерлік ойын клубы мен ұялы байланыс дүкені, 4 көлік жөндеу орталығы мен 1 құрылыс дүкені, 3 жанармай құю стансасы мен 1 супермаркеттің иесіне әкімшілік шара қолданылды. Оларға салынған айыппұлдың көлемі 27,158 мың теңгені құрайды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. Бұдан бұрын Атырауда карантинді бұзғандарға 8,3 млн. теңгенің әкімшілік ісі қозғалған еді.