Мешіт ұстаздары толығуда

K4LtHdAmnWw Жаңалықтар

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арасындағы байланыс жаңа кезеңге көтерілді. Бүгінде мешіт имамдарының қатары теологтармен толығып жатыр.

k4lthdamnww

Атырау облысының бас имамы Батыржан Мансұровтан білгеніміздей, екі теолог  «Әт Тахуа», «Мәулімберген» мешіттерінің наиб имамдығына орналасқан. Мұның өзі мешіт қызметкерлерінің білімін көтерудегі және жамағатпен жұмыс форматын өзгертуге бағытталған жаңашыл қадам болып отыр.

«Сала мамандарының қатарына шетелдік ұстаздар да тартылуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен келісім жасасқан түркиялық ұстаз Хусейн Кая бес жылға, мысырлық Абдулазиз Ахмет  Абдулазиз Заид  үш жыл мерзімге қызметке келіп жатыр. Бүгінде олар «Иманғали» орталық мешіті жанындағы медресе шәкірттеріне Құран, фиқһ, яғни шариғат үкімдері, ақида яғни сенім тақырыптары бойынша білім беруде. Түрлі тақырыптар аясында мешіт жамағаттарына да уағыз айтуда» дейді облыстың бас имамы Батыржан Мансұров.

Ағарту саласымен бірге, мешіттер жанынан әлеуметтік бағыттағы жұмыстар да үздіксіз жүріп жатыр. Мәселен, әр жұма сайын орталық мешітте қайырымдылық шаралары өтеді. Онда аз қамтылған  отбасыларға, жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға, жалғыз басты қарттарға көмек көрсетіледі. Діни сауатты арттыруға бағытталған ақсақалдар арасындағы айлық дастархан да, Алла үйі мен бұқара арасындағы байланыстың нығаюына оң ықпал етіп отыр.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз