«КОРОНА-ТАКСИ»: үмітті ақтады ма?

koronataksi scaled 1 COVID-19: Соңғы поштадан...

Atr.kz/30 шілде, 2020 жыл. Атырау облысында алғаш іске қосылған «корона-такси» қызметі жүзден аса шақыртуға барып, медициналық қызмет көрсетіп үлгерді. Шілденің ортасынан бастап қолға алынған жаңа қызмет түрі бүгінде көпшіліктің көңілінен шықты ма? Оның тиімділігі неде? Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

ТҮНГІ АУЫСЫМДА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

Облыстық жедел жәрдем стансасы директорының міндетін атқарушы Наргиз Баймолдаеваның айтуынша, бүгінде «корона-такси» Атырау мен Құлсары қалаларында түнгі ауысымда қызмет етуде. Оның құрамында жүргізуші мен фельдшерлер бар. Тұрғындар бұл қызмет түрін кешкі сағат 17:00ден таңғы 09:00-ге дейін пайдалана алады. Қажеттілік туындаса, «корона-таксидегі» бригада саны көбейтіліп, тәулік бойына қызмет көрсетіледі.

– Қазір күндізгі уақытта реономобильді көлікпен басқа бригадалар жұмыс атқарып жатыр. Ал, түнгі ауысымдағы «корона-таксидің» қызметіне барлығы жеті бригада жұмылдырылды. Олар әзірге жеткілікті,  міндеттерін мүлтіксіз орындауда, – деді Наргиз Нұридинқызы. «Корона-таксилер» барлық қажетті медициналық құрылғылармен қамтамасыз етілген. Көліктердің іші арнайы қорғаныш құралдарымен толықтай қапталған. Көрсетілген әрбір қызметтен кейін салон іші міндетті түрде тазартылып, залалсыздандырылады.

Алдын ала оқу-әдістемесінен өткендіктен, жүргізушілер   қорғаныш киімдерін қалай пайдаланып, науқасқа қандай көмек көрсету қажеттігін біледі. Егер науқастың саулығын тексеру барысында қажеттілік туындаса, олар фельдшерге жәрдемдесе алады.

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ШАҚЫРТУЛАРЫ АЗАЮДА

«Корона-такси» үйдегі науқастарға алғашқы медициналық жедел жәрдем қызметін көрсетеді. Дегенмен, оларға ем тағайындау парағын толтырмайды. Әрбір шақыртуды сырқаттанушылардың шағымы бойынша диспетчерлер реттеп отырады. Егер науқасты ауруханаға міндетті түрде жатқызу қажет болса, сол мезетте жедел жәрдем бригадалары шақыртылады. Өйткені, «корона-такси» қажетті құралдармен жабдықталғанымен, науқасты реонамобильді көлік секілді ауруханаға тасымалдай алмайды. Бүгінде облыста эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Аймақта осыдан бір ай бұрын жедел жәрдем қызметіне тәулігіне 1300 қоңырау түссе, қазіргі уақытта күніне 850 шақырту тіркеліп, оның саны 450-ге дейін азайды. Эпидемиологиялық жағдайдың ушыққан кезінде «103» пультіне түскен қоңыраулардың 25 пайызын коронавирус инфекциясына және пневмония дертіне қатысты шағымдар құрады. Бүгінде бұл көрсеткіш 10-15 пайызға дейін төмендеді. Сала мамандарының айтуынша, эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты қолға алынған медициналық қызметтің бұл түрі аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетуде. Медициналық емес ұйымдар да өз көліктерін «корона-такси» қызметі үшін ұсынуға дайын. Бұл қызмет үшін Жылыой ауданында «Теңізшевройл» компаниясының қызметтік көліктері жұмылдырылды. Құрманғазы, Қызылқоға аудандары әкімдіктерінің көліктері де дәрігерді науқастың үйіне шұғыл тасымалдау үшін пайдалануға берілді.

ШЕТЕЛДІКТЕРДІҢ ТӘЖІРИБЕСІ ҚАНДАЙ?

Дүниежүзін қауіпті індет жайлағалы бері «корона-такси» шетелдерде кеңінен қолданылып келеді. Мәселен, аталған жаңа қызмет түрі ең алғаш Германияда ұйымдастырылды. Мұнда аурухананың мейірбикелері мен медициналық жоғары оқу орнының соңғы курс студенттерінен құралған топ «корона-такси» ұйымдастырып, үйінде карантинде жатқан науқастарға барады. Бұл жерде талдау сараптамалары алынып, зерттеледі. Оның нәтижесінде қауіпті дерт расталып, науқастың жағдайы төмендесе, «корона-такси» шұғыл ауруханаға жеткізеді. Бригада құрамындағылар әрбір сегіз күн сайын карантиндегі адамдардың саулығын осылайша бақылап отырады. Осы жұмыстардың нәтижесінде бұл елде коронавирустан өлім-жітім оқиғалары аз тіркелді деп жазады шетелдік басылымдардың бірі. Ал, Ресейдің Екатеринбург қаласында маусымнан бастап аталған медициналық қызмет аясында үш шағын автобус қызмет көрсетеді. Жедел жәрдем қызметіне қолдау көрсету үшін шығарылған көлік құралдары коронавирусқа күдікті деп танылған науқастар үшін тәулік бойы жұмыс жасайды. Оны Екатеринбург қалалық думасының депутаты Алексей Вихарев ұйымдастырыпты. Халық қалаулысының айтуынша, көп жағдайда бұл көліктермен ауруханаға аналар балаларымен бірге тасымалданады.  «Корона-таксидің» арнайы белгіленген аумағы болмағандықтан, тұтас Екатеринбург тұрғындары үшін қызмет етеді. Әрбір бригада қорғаныш киімдерімен түгелдей қамтылған. Жұмыстың ауырлығынан әрбір бригада жүргізушісі 12 сағат сайын ауыстырылады. Кейбір мемлекетте бұл қызмет түріне коммерциялық мекемелердің көліктері жұмылдырылған. Осылайша, қауіпті індетке қарсы күресте әрбір ел «коронатакси» жұмысын әрқалай пайдалануда. Ал, бізде қолға алынған бұл жұмыс қалай жүзеге асып жатыр?

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз