Елбасы жүктеген міндет: Халыққа – қалтқысыз қызмет

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев аймақ тұрғындарымен тікелей эфир арқылы тілдесті

 Кеше облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «Қазақстан-Атырау» телеарнасының тікелей эфирі арқылы ағымдағы жылдың өткен төрт айындағы аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы жөнінде баяндап, тұрғындарды толғандырған көптеген сұраққа жауап берді. Сұхбатты журналист Шолпан Сисенәлиева жүргізді.

Облыс басшысы алдымен өткен кезеңдегі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелердің шешілу жайынан хабардар етті.

Өнеркәсiп өнiмiнің көлемi қолданыстағы бағамен 1,3 трлн. теңге болды. Өндiрiлген өнiмнiң тиісті кезеңмен салыстырғандағы нақты көлем индексi 101,5 пайызды құрады.

– Үстіміздегі жылдың өткен төрт айында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 47 436 бірлікті (103,1%) құрады. Онда 116 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. Жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз көлемінде, – деді Нұрлан Асқарұлы.

Жергілікті бюджеттен ауыл кәсіпкерлерін несиелеу үшін 150 млн.теңге бөлініп, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жылдық мөлшерлемесі 7 пайызбен қайтарымды несие берілетін болады. Сонымен қатар 1:1 (бірде-бір) кестесі бойынша «Даму» қорымен бірлесіп жобаларды қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен 250 млн. теңге бөлінді.

Бұдан соң, облыс әкімі тікелей эфир барысында телекөрермендерден телефон және әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен сұрақтарға жауап берді.

 

* * *

 

– Ақжар ауылы, Мұнайшы көшесінде тұрамын. 2006 жылы ауылымызға асфальт төселді. Бірақ, біздің көшеге дейін жетпей қалды. Жалпы, көшеде 8 үйміз.

– Кезінде 13 мың 600 жер телімі инфрақұрылым өткізілместен, яғни, жол, су, газ жүргізілместен үлестіріліп кеткен. Соңғы 3,5 жылдың ішінде осы учаскелерге инфрақұрылым тарту қарқынды жүргізілді.

Қазіргі таңда Еркінқала елді мекенінде 24 көшеде су жоқ және қоңырау шалған көрерменнің айтқанындай, әр мөлтекауданға жол не жарық жетпей қалған 8 үй, 5 үй секілді мәселелер бар. Оның барлығымен қала әкімдігі айналысуда.

– Атырау қаласында тұрғын үй құрылысын салу үшін жер қашан беріледі? Кезекте тұрып күткеніме 10 жыл болды.

– Үкіметтің 2012 жылғы шешіміне сәйкес, жер телімін бөлу толығымен инфрақұрылым жасақталғаннан кейін ғана жүзеге асады. 1500 учаске бар. Бүгінгі таңда оның 421-і берілді. Бұл учаскелер 1998-2002 жылдары ұсыныс берген азаматтардың өтінішін қамтамасыз етті. Облыс бойынша 80 мыңнан астам жер өтінімі болса, соның 66 мыңы – қала тұрғындары.

– Аты-жөнім – Айбек Әбдірахманов. Атырау қаласы, Гагарин көше-сінің тұрғынымын. Ауламда ескі үй тұр. Жылда су басады. Үйді бұзып, кері салуға рұқсат етсеңіздер.

– Атырау қаласы Бас жоспарда көрсетілген шешімдерге сәйкес дамуы қажет. Облыс басшылығына келгеніме 1,5 айдың жүзі болды. Көшелерді әлі нақты біле бермеймін. Сондықтан, сізге нақтырақ, жеке жауап беремін.

Сіз айтқан үйге судың келуі – жерасты суларының көтерілуі мен толассыз жауған жауынның әсері. Соңғы екі жылда көшелердің, үйлердің суға кету үрдісі болды. Бұл жағдай аудандарда да байқалды. Дренаж мәселесі де халықты толғандырып отыр. Осыны шешу мақсатында еліміздің өзге қалаларынан гидрогеология саласының мамандарын шақыра отырып, қарастырудамыз. Жақында Голландиядан, Австралиядан, Ресейден мамандар келді. Енді олардың ұсынған ұсыныстары қаншалықты тиімді болатынын саралап, шешім қабылдаймыз. Бұл мәселеге ғылымды да тартамыз.

Қазіргі таңда тұрақты түрде суға кету қаупі бар 30-ға жуық көше анықталды. Су сорғыш көлікпен барып, аулалардағы, үйге кірген, жертөлеге толған суларды сору – уақытша шешім. Біз дренаж мәселесін жүйелі түрде жүзеге асыруға тиіспіз.

– 16 мамырдан бері толассыз жауған жауын көптеген атыраулықтарды әбігерге салды. Атырау қаласында төтенше жағдай жарияланды. Исатай, Құрманғазы аудандарында да проблема бар. Осы мәселе қалай шешілуде?

– Құрманғазы ауданында елді мекендер суға кеткен жоқ. Қиғаш өзені көтеріліп, ол жердегі дамбыны бұзып кетті. Бұл ауданда төтенше жағдайлардың алдын-алу және жергілікті әкімшіліктің, мемлекеттік органдардың, жеке кәсіпкерлердің күшімен бірлесіп, дамбыны бұзып кеткен жерді қалпына келтірдік. Қиғашта су көп. Ол бір жағынан қуантарлық та жағдай. Себебі, қалай болғанда да қазақ суды жақсылыққа жорыған. Десе де, кей адамдардың үйі суға кетіп жатыр.

Соңғы жауған жауында екі күнде бір айлық норма түсті. 2015 жылы 1121 үй суға кетіп, оның 32-сі құлаған болса, қазіргі таңда 451 үй суға кетті. 21 үй құлады. Исатай ауданында 60 үй, Мақатта 5 үй зардап шеккен. Оған Құрманғазыдағы дамбыны қосыңыз. Бұл бізде бар деректер. Ал, қаншама адамдар өз күшіне сеніп атқару органдарына хабарласпай отыр? Біз қазіргі таңда 27 адамнан тұратын 9 отбасын эвакуациялық орындарға орналастырып, жататын жер, тамақпен қамтамасыз етіп отырмыз.

– Менің есімім – Жәнібек. 2014 жылға дейін I-топ мүгедегі едім. Үй мәселесінде қандай көмек болады? Атыраудағы «Нұрсаяда» ыңғайлы пандустармен үй салынған. Бірақ, арбаға таңылған адамдарға бірінші қабаттан мүлде үй берілмеген. Осы мәселені шешуге бола ма?

– Қазіргі құрылыс салу стандарттарына сәйкес, пандус міндетті түрде салынуда. Пандус салу ескерілмеген үйлерге де қосымша құрылыс жасалуда. Ал, арбаға таңылған адамдарға үйді бірінші қабаттан беру туралы нақты заң нормасы жоқ. Оны пәтер бөлінген адамдармен өзара келісіп шешуге болады.

– Атыраудағы апатты жағдайдағы үйлер туралы не айтасыз?

– Атырауда апатты жағдайда қазір 70-ке жуық ғимарат бар. Онда 7000 адам тұрып жатыр. Осы ретте мемлекеттік жеке серіктестік принципі бойынша мәселені шешуді жоспарлап отырмыз. Яғни, апатты үйлердегі адамдарды уақытша басқа жерге көшіре тұрып, үйді сүріп тастап, инфрақұрылымды мемлекет тарапынан жеткізіп береміз де, сол жерге жеке кәсіпкер үй салады. Оған апатты үй иелерін жаңа баспанаға орналастыру туралы міндеттеме өтеді. Және салынған пәтер сол адамның жеке меншігіне беріледі. Қалған бос пәтерлерді кәсіпкер нарықтық бағамен сата алады.

Бүгінде осы жобамен жұмыс істейтін жергілікті және өзге облыстардың компанияларымен келісіп отырмыз. Жоба іске асқан жағдайда, мәселе шешіледі.

– Есімім – Ерғали Қонысұлы. Көп балалы отбасылардан шыққан балаларға жоғары оқу орындарына тегін түсуге мүмкіндік бар ма?

– Ең дұрысы – сабақты мектеп кезінен жақсы оқып, мемлекеттік грантқа түсуге талпыну. Яғни, оқу, білімге жастан ден қою қажет. Қаржы төлеп оқитындай жағдай болса, кәсіпкерлер, мекеме басшылары арасында шәкіртақы тағайындаған жағдайлар бар. Ал, жұмысқа тұру жөнінде облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында еңбек биржасы бар. Сипаттап айтқанда, білікті мамандарды қазір қуана алады. Себебі, кей мамандар тапшы. «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары аясында жұмыс табуға немесе кәсіп ашып, іспен айналысуға мүмкіндік бар.

– Менің аты-жөнім – Нәзира Қосмұханбетова. Атыраудағы Тайманов көшесінде тұрамын. Біздің шағын ауданға кіретін жол мүлде жоқ. Балалар ойнайтын алаң да арман. Қысы-жазы маса. Қандай көмек болады?

– Маса – Атыраудың табиғи ерекшелігі. Масаға қаражат былтырғыдан да көп бөлінді. Және улаудың екінші кезеңі жүруде. Бірақ, біз табиғи түрдегі өзен-судағы масалардың барлығын бірдей жойып жібере алмаймыз. Жертөледегі масалармен күресуіміз керек. Ал, үйлерді күтіп-баптауда ПИК-тер, үй иелері жауапкершілікпен жұмыс істеуі керек. Сіздің жағдайыңызды қала әкімін жіберіп қаратамыз. Балалар ойын алаңын салу, жағдаймен танысқаннан кейін шешіледі.

– Нұрлан Асқарұлы, митинг жайлы не айтасыз? Митинг бола ма, болмай ма? Жер сатыла ма, жоқ па? Бұл туралы пікіріңіз қандай?

– Бұл мәселе БАҚ-та талқыланды. Елбасының өзі заңға мораторий жариялады. Республикалық деңгейде комиссия құрылды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық ететін комиссия құрамы қоғамның барлық авангардын қамтыды. Халықтың ұсыныс-пікірлерін комиссияға жеткізетін боламыз. Бұл – біздің тікелей міндетіміз.

– Қала бойынша су соратын вакуум аз. Сұрасақ, небәрі 8-10 көліктің барын ғана айтады. Техника неге соншалықты тапшы?

– Вакуум қажеттілігі соңғы екі жылдықта ғана пайда болды. Коммуналдық мекемелердегі бар вакуумдер мәселені шешпей отыр. Сондықтан да, біз жер қойнауын пайдаланушы компанияларға, құрылыс саласындағы басқа да кәсіпкерлерге өтініш жасап, қолдау көріп отырмыз. Эфирді пайдаланып, оларға ризашылығымды жеткіземін. Дренаждық жүйе іске қосылса, вакуумның керегі болмай қалады.

– Аймақ басшыларының қалың бұқара алдына шығып тікелей эфирде сұхбаттасуы сирек. Осы үрдіс жалғаса ма?

– Қажеттілікке байланысты мен де, орынбасарларым да келіп тұрамыз. Басқарма басшылары, аудан әкімдері аймақтық коммуникациялар қызметіне аптасына бір рет келіп, атқарылған жұмыстары бойынша мағлұмат беретін болады. Біз осы үрдісті жалғастырамыз.

Тікелей эфир барысында Атырау қаласындағы Водников, Самал ықшамаудандарының тұрғындары жол, су, жарық мәселесі бойынша хабарласып, өз жауабын алды. Айта кету керек, эфирдегі негізгі сұрақтар инфрақұрылым, жұмыссыздық, жалпы, әлеуметтік тақырыптағы мәселелерге арналды.

 

Жазып алған:

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз