Әйтіш ардагердің арманы

ajtysh Жаңалықтар

немесе мұғалімнің өмірлік мұраты хақында

Соңғы кездері «ұрпақтар сабақтастығы» деген тақырып төңірегінде қайта-қайта ой толғауға тура келіп жүр. Мұның мән-маңызы көбірек толғандыратыны анық. Байыптай зерделесек,  бұл қазіргі таңда өте қажет,  әрі  өздігінен өріле беретін өмір заңдылығы іспетті. Десек те, кейде небір текті атаның ұрпақтары туралы ойға қалғанда, алдыңғы буынның қолына су құя алмайтындай деңгейде екендерін көріп, пәс көңілде, жабырқау әсерде болатынымызды да несіне жасырамыз?!  Сондай сәттерде «бұл жерде де әулеттегі, отбасындағы тәрбиенің айрықша орны бар-ау» деген ойға байырқалайтынымыз да рас. Ендеше, бұл жолғы әңгіме майдангер мен оның артында қалған ұрпағы арасындағы алтын арқау хақында өрбімек. Сайып келгенде, осының негізі ардагердің асыл арманынан туындап жатқаны өзімді де ерекше толғандырды. Ендеше көңілге түйгенімізді тарқатып әңгімелегенді жөн көрдік.

Өз басым кезінде басшылық қызметтер атқарған, қазір құрметті еңбек демалысындағы қайраткер жандардың бірі, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Ұлдай Әйтішева апайды көптен білемін. Әлі күнге дейін қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін ол редакцияға да жиі соғып, түрлі тақырыптағы мақалаларын оқырман назарына ұсынып отырады. Өткен өмір белестерінен «Жылдар жаңғырығы» атты кітап та шығарды.

Ұлдай апаймен сұхбаттаса қалсақ, міндетті түрде өскен ортасы, ұшқан ұясы туралы айтпай қалмайды. Қандай тақырып та, сайып келгенде, оның  өзіне қамқорлық жасаған аға буын өкілдері, тіпті, өзінің ата-анасы хақындағы әсерлі де ойлы әңгімеге тіреле береді. Мені, әсіресе, әкесі, Екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысқан майдангер, елге оралғаннан кейін де отыз жылдай ұстаздық қызмет атқарған зиялы жан –Әйтіш Байжанов жайлы ұдайы қайталап айтатын шежіредей сыры бөлекше тәнті етіп келеді. Былтыр соғыс ардагері, «Қызыл жұлдыз», үшінші дәрежелі «Даңқ», екінші және үшінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерінің иегері Әйтіш ағаның атына Атырау қаласының «Жұлдыз» ықшамауданынан көше берілді. Ардагер атындағы көшенің ашылуына адам көп жиналып, оның ғибратты ғұмыр белестері хақында талай сырлар ақтарылды.

– Әкем Әйтіштің үнемі қайталап айтатын бір сөзі мәңгі-бақи есімде қалды. «Қарағым, менің сұрапыл соғыстан елге аман-есен оралып, ұрпақ өсіріп, бейбіт өмірде еңбек етіп жатқанымның өзі – бақыт. Қан майданда қаншама жас жігіттер қыршын кетті. Тіпті, көздері ашық күйде, көмілмей айдалада қалғандары қаншама! Сол көріністер көз алдыма келгенде еріксіз тағдырыма тәубе деймін. Құдайға шүкір, бес ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірдім. Соғыстан оралмасам, мұның бәрі болар ма еді?!» деп отыратын еді жарықтық, – деп сыр тиегін ағытты Ұлдай апа жуырда сұхбаттасқанымызда. – Бір ғажабы, әкеміздің өнегелі тәрбиесінің әсері болуы керек, біздер – ұл-қыздары түгелге жуық мұғалім мамандығын таңдадық…

Міне, мұғалімдер династиясы, міне, ұрпақтар сабақтастығы! Мені терең ойландырған да, толғандырған да осы: майдангердің өмірлік мұратының шырқау шыңы!

Рас, Әйтіш Байжановтың сәулелі ғұмыры бірден теп-тегіс жолмен өріле салған жоқ. Маңдайына небір тар жол, тайғақ кешулі тағдыр жазылғаны аян. Біз де сол ел басына күн туған қиын-қыстау шаққа ойша шолу жасап көрелік.

…1913 жылы Қызылқоға ауданының Қаракөл ауылында дүниеге келген Әйтіш 1934 жылы Гурьевтегі Құрамысов атындағы мұнай раффагіне оқуға түсіп, оны 1936 жылы бітірді. Ауылда жұмысшы болып еңбек жолын бастаған жас жігіт сол кездегі үрдіс бойынша өзін жақсы қырларынан көрсеткені үшін бірден коммунист қатарына да қабылданды. 1940 жылы Қызыл Армия құрамына шақырылып, әскери борышын Арменияда өтейді. Тіпті, 1940 жылдан бастап дивизия жанындағы бастауыш партия ұйымының хатшысы болып сайланғаны – оның әскердегі беделінің де арта түскендігінің айғағы.

Алайда, тұтқиылдан тұтанған соғыс өрті Әйтіш сарбаздың өзі безбендеген ғұмырлық мұратын тас-талқан етті. «Адамның ойлағаны емес, тағдырдың жазуы болады» деген осы. 1941 жылдың 15 тамызында бұл әскери борышын өтеп жатқан дивизия бірден Киев бағытындағы майданға жіберілді. Сөйтіп, сол күннен бастап алғы шептегі қиян-кескі шайқастардың бел ортасынан табылуға тура келді. Оның үстіне соғыстың алғашқы жылының қандай жанкештілікке, қандай құрбандықтарға толы болғандығы әмбеге аян.

1942 жылдың басы. Бірде ішінде Әйтіш те бар бір топ жауынгерге жау тылынан «тіл» әкелуге құпия тапсырма беріледі. Бұл оңай шаруа емес, әрі басты қатерге бұрынғыдан да көбірек тігу деген сөз. Мұндай тапсырмадан аман келгендер тым сирек. Бұл жолы да солай болды. Бұлар түн жамылып фашистердің алпамсадай бір офицерін алып келе жатқанда дұшпанның ұшағы қуалап жүріп бомбалайды. Соның салдарынан Әйтіш алғаш рет жараланып, басынан контузия алады. Бірақ, көрер жарығы бар екен, қаруластары арқалап, дивизияға жеткізген. Мұны госпитальда есі кірген кезде бір-ақ біліп, олардың адалдығы мен жанашырлығына шексіз разы болды…

Қазір сол кездегі адамдардың патриоттығына, көзсіз батырлығына еріксіз таңғаласың, госпитальдан жазылып шыққан Әйтіш қайтадан майданға сұранды. Өжет жауынгерге аға сержант шені беріліп, бөлімше командирлігіне тағайындалды. Осылайша, оның жорық жолдары енді Житомир, Ровно, Проскуров, Винница, Каменец-Подольвель, Тариополь, Черновицы, Станислав, Доргобыч, Львов… болып жалғаса берді. Алғы шепте ұрыс салу – әрине, қауіп-қатерге басыңды тігу. Тағы да әлденеше рет жарақат алу, емделу… Алайда, Әйтішті оның бәрі шыңдай түсті, ол өзі сұранып сұрапыл шайқастарға қайтадан кіре берді. Кеңес аумағын жаудан босатқаннан кейін  Чехословакия жерін азат ету ұрыстарына да бастан-аяқ қатысты. Содан қазақтың Қызылқоғасының алақандай ауылынан аттанған жас жігіттің ерлік жолы Германияның ордасы – Берлинде мәресіне жетті. Кейін елге оралғанда «Рейхстагқа ту тіккендермен бірге Ұлы Жеңіс қуанышын бөлістік, ғұмырымдағы ең ұмытылмас күн бұл…» деп жанары жасаурай еске алып отырушы еді, қайран майдангер…

Алты жыл бойы аяғынан керзі етік шешілмей, әскери киіз кительмен жертөлелерді баспана тұтқан Әйтіш Байжановтың соғыстағы жанқиярлық ерліктері ескерусіз қалған жоқ. Ол «Қызыл жұлдыз», үшінші дәрежелі  «Даңқ», екінші және үшінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Праганы босатқандығы үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталды. Бас қолбасшы И.Сталиннің Алғыс хатын он рет алғаны, Украина майданының қолбасшысы, Кеңес Одағының батыры,  маршал И.Коневтің Мақтау грамотасына ие болғаны да – қарапайым ауыл ұланының өзін ерлігімен мойындатқандығының айғағындай.

«Тағдырдың жазуы» деген сөздің шынында да жаны бар. Қырғын шайқастың ен ортасынан 1945 жылдың 25 қарашасында қол-аяғы бүтін, аман-сау ауылына оралған Әйтіш майдангер одан кейін де отыз бір жыл ғұмыр кешті. Бір әулеттен үш бірдей азамат соғысқа аттанып еді, әкесінің ағасы Сарғали мен інісі Төлеу елге оралмады. Сарғали «Мәдениет» колхозын басқарып тұрған кезінде броньмен қалатын мүмкіндігі бола тұра өзі сұранып 1942 жылы соғысқа аттаныпты. Ол да, інісі Төлеу де содан із-түзсіз кетті.

Сарғалидың жұбайы Зәру соғысқа кеткен жарын күтіп, колхоздың малын бағып, 1941 жылы туған жалғыз қызы Саяның тілеуін тілеумен өмірден өтті. Әйтіш жеңгесі мен қызына қолдан келген қамқорлығын аяған емес. Әке мейіріміне зар боп өскен, оның түрі де есінде жоқ Саядан өрбіген ұрпақ қазір өсіп-өнген. Қобылан, Ерлан, Боранбек, Сағида, Құралай, Есен есімді ұл-қыздар бар. Солардың ішінде Қобылан жеке кәсіпкер болса, қызы Құралайдың жары Ахмет те – бизнесмен.

Тек бір өкініштісі – інісі Төлеуден ұрпақ қалмағандығы. Ол соғысқа аттанғанда үйленіп те үлгермеген еді. Бұл да – соғыс салған кесапат, жазылмайтын жан жарасы.  Әйтіштің жанын жегідей жеп, өмір бойы іштен тындыра қайғыртқан жай да осы еді…

Туған ауылына оралған Әйтіш бірден мұғалімдік қызметті таңдады. Бұл оның бала кезден бұла арманы болатын, енді соны іс жүзіне асырудың сәті туды. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда халықтың тұрмысы да төмен еді. Оқыған, сауатты жандар да аз. Десек те, Ұлы Жеңістен рухтанған жұрттың өмірге деген сүйіспеншілігі, еңбекке деген құлшынысы ерекше-тұғын. Осы дүрмек ішінде Әйтіш те Қаракөл орта мектебіне мұғалім болып жұмысқа кірісті.

Көнекөздердің айтуынша, сол кездегі мұғалімдердің еңбекқорлығы мен тәлім-тағылымы бөлек көрінеді. Айталық, қызылқоғалықтар Масат Құрманғазиев, Жұмағали Дәулетияров, Ғимран Бәшиев сынды ұстаздардың есімдерін әлі күнге құрметпен еске алады. Шәкірттерге дәріс беруде олар өзінің үй-ішін, бала-шағасын ұмытуға бейіл, жан-тәнімен беріле қызмет атқаратын. Міне, Әйтіш те осы қатардан табылды. Оның өз міндетін жауапкершілікпен атқарғандығы, әрі ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, көп ұзамай, 1948 жылдан бастап Наурызәлі, Қоныстану мектептеріне директор болу сеніп тапсырылды. Сөйтіп, ол 1971 жылға дейін үзбестен мектеп басқарды. Әсіресе, Мәдениет бастауыш мектебінде оқитын 25 төсектік интернаттағы малшы балаларына көп қамқорлық жасады. «Бұлардың әке-шешелері қысы-жазы айдалада жалғыз үй отырып, маңдай терін сыпырып, қыста суыққа тоңып, жазда аптапқа күйіп мал бағып жүр. Ендеше, ата-аналарынан жырақта білім алып жатқан балдырғандар алаңсыз болуы керек. Оларға жан-жақты жағдай жасау – ең басты парызымыз» деп барша мұғалімдер мен тәрбиешілердің құлағына құйып отырады екен.

Әр адам алдына нақты мақсат қойып, сол жолда тер төге еңбек қылса, мұратына жетері хақ. Мұны әлімсақтан талай ғұламалар, соның ішінде ұлы Абай хакім де өлеңдері мен қара сөздерінде зердеге жететіндей етіп жазып кеткен ғой. Әйтіштің де өмірлік мұраты орындалды. Ол шәкірт есінде сақталар тәлімгер тұлға ғана емес, тәжірибесі кеңінен таратылған ұстаз тұрғысында да көпке үлгі болды. 1953 жылы Алматы қаласында өткен мұғалімдер Бүкілодақтық бірінші съезіне делегат болып қатысса, 1957 жылы үздік ұстаздық қызметі үшін «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағына ие болды.

Енді «майдангердің өмірлік мұраты: ұрпақтар сабақтастығы» деген әңгімеміздің әлқиссасындағы сөз тіркесін тарқатып қарайық: Осы жерде Әйтіштей асыл жарын аялаған, тоғыз ұл-қызын мәпелеген Ақзия Сейітқалиеваның да мұғалім болғанын атап айтқан жөн. Ол 1943 жылы 8-ші класты бітірген соң Орал қаласындағы педагогикалық курста оқыған. 1944 жылы Сталин атындағы бастауыш мектепте директор болды. Кейін біраз жыл Қаракөл орта мектебінде ұстаздық етті. Ақзия апайдан білім-тәлім алған Шайжан Ахметов, Сағидолла Сейітқалиев, Сағын Дәулетияров сынды азаматтар кейін есімдері елге белгілі мамандар атанды.

Ең сүйініштісі сол – қос ұстаздың ұл-қыздарының да мұғалім мамандығын таңдағандығы. Үлкен қызы Мәдина өмір бойы мұғалім болып еңбек етті. Одан кейінгі қызы Ұлдайдың да мамандығы – мұғалім. 1981 жылы Гурьев педагогикалық инситутын бітірген. Қызылқоға ауданының мектептерінде мұғалім, кейін Ойыл ауылдық округінің әкімі болып қызмет атқарды. Оның ұлы Асқар мұнай саласында жұмыс жасайды. 

Ұлы Серік те педагогикалық институтты тәмамдаған. Ұзақ жылдар бойы Тасшағыл орта мектебінде директор болды, оқу-ағарту ісінің үздігі. Оның зайыбы Ғафура да – ұстаз. Тағы бір ұлы Сағынбек те – мұғалім. Қызы Самалгүл де – жоғары білімді ұстаз, оның отағасы Құралбек те – мұғалім, әрі ауыл-аймаққа аты мәлім дүлдүл күйші.  Әлібиі – шет тілдері пәнінің мұғалімі. Оның Бейбіт-Айнабек атты егіз ұлдары да – жоғары білімді мамандар.

Кенже ұлы Бекқалы да ұстаздықты қалаған атпал азамат еді. Отыз жасында өмірден өтті. Оның зайыбы Зинаның да мұғалімдік мамандығы бар. Кейін өзінің жеке кәсібін ашты. Ұлы Қайрат политехникалық институтты бітірген, Атырау мұнай өңдеу зауытында маман. Әйтіштің үшінші қызы Аққалының да балалары – мұғалім. Айталық, кіші қызы Айгүл – орыс тілі пәнінің мұғалімі. Оның отағасы Бауыржан Сағиев облыстық прокуратурада қызмет жасады, қазір зейнет демалыста.

Тағы бір ұлы – Қамидолланың зайыбы Бибігүл де мектепте жұмыс жасады. Олардың қызы Гауhар да – шет тілі пәнінің мұғалімі. Ортаншы ұлы Мәліктің мамандығы – инженер-механик, Атырау қаласында тұрады. Балалары Бақытбек – инженер-электрик, Сәндігүл мен Ғалымбек – мұғалім.

Міне, біз Әйтіш ардагерден тараған ұл-қыздардың негізінен мұғалімдік мамандықты таңдап, үлкен бір ұстаздар әулетін құрғандығын сараладық. Сөз жоқ, олардан тараған кейінгі буын да осы сара жолдан ауытқыған жоқ. Атап айтқанда, бүгінде қара шаңырақтың иесі болып отырған  Гайдар да мектепте шаруашылық бөлімін басқарса, зайыбы Гүлбарам – бастауыш класс мұғалімі. Ринат заң қызметкері болса, оның жұбайы Жазира да – ұстаз. Әрине, бұл жазбада біз майдангердің күні бүгінге дейінгі барлық ұрпақтарын тізбелей беруді (бұған түсіністікпен қарауды өтінеміз!) мақсат тұтпадық.

P.S. Ең бастысы, аға ұрпақтың ерлікке, өнегеге толы соқпағы кейінгі буынға үлгі тұтар эстафета болуға тиіс. «Отансүйгіштік һәм патриотизм, бауырмалдық Һәм ізгілік, адамгершілік һәм адалдық соғыс көрген ардагерлердің бойында тұнып тұрған, бүгінде елеске айналып бара жатқан құндылықтар ма?» деп те қаласың кейде. Тіпті, олардың «мен соғыста қан төктім, маған жеңілдіктер жасаңдар» деп кеуде қақпай, барға қанағат қылғандарының өзі неге тұрады?!

Ұлы Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ, соғыста төгілген қызыл қанмен, тылда маңдайдан тамшылаған ащы термен келді!  Жас буын ең алдымен осыны түсінуі тиіс. Сондықтан да, тарихтан тағылым алайықшы, «ұрпақтар сабақтастығы» деген нәзік тінді үзіп алмайықшы!..

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз