«Сарайшықтан» өрт шықты

 «Нұрсая» мөлтекауданында орналасқан «Сарайшық» коммуналды базарының ғимаратынан өрт шықты. Бұл туралы Атырау облыстық «Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің баспасөз қызметі хабарлады.

  «15 маусымда сағат 00:54-те 101 телефонына «Сарайшық» базары аумағында өрт шыққаны туралы хабар келіп түсті. Өрт жалпы ауданы 45 шаршы метр аумақты шарпыды. Келушілер болмағандықтан базар аумағында көшіру жұмыстары жүргізілген жоқ», – дейді аталмыш мемкеменің баспасөз қызметінің маманы Жанар Қаржаубаева. Өрт салдарынан азық-түлік бөліміндегі 13 тоңазытқыш жанып кеткен. Түн жарымында орын алған тілсіз жауды ауыздықтауға 4 бірлік техникасы мен 34 адамнан тұратын жеке құрам жұмылдырылды. Жедел іс-әрекеттің нәтижесінде жалынның базардың негізгі ғимаратына жайылуына жол берілген жоқ. Сағат 01:50-де өрт толық жойылды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның себебі мен келтірілген шығындар анықталуда.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Сурет azh.kz сайтынан алынды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз