COVID-19: Атыраудағы ахуал қандай?
Atr.kz/1 шілде, 2020 жыл. Атырау облысында КВИ жұқтырған 3209 науқас тіркелді. Анықталған сырқаттардың 1649-да симптомдық белгілері жоқ. Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың айтуынша, қазір барлық күш індеттің алдын алуға, жоюға жұмылдырылып отыр.
– Аймақтағы жағдай күрделеніп барады. COVID-19 бойынша тест нәтижесі теріс болғанымен, өкпе қабыну ауруларымен сырқаттанушылар көбеюде. Дәрігерлер бұл жағдайға өз бағасын бере жатар, тоқталғым келгені, қазір сақтық шараларын күшейту өте маңызды болып тұр, — деді Бақытгүл Қайыржанқызы.
Қауіпті инфекция жұқтырғандардың 1457-сі Теңіз кенішіндегі қызметкерлерден анықталған. Ал, қала бойынша 1069 жағдай тіркеліп отыр. Тиісінше, аудандардағы ахуал да көңіл көншітпейді. Нақтырақ айтқанда, Жылыойдан – 351, Мақат – 32, Құрманғазы – 72, Қызылқоға – 76, Исатай – 45, Махамбет – 26 және Индер ауданынан 82 науқастың КВИ жұқтырғаны белгілі болды. Ал, өңірде аталған індеттен қайтыс болғандардың саны 21 адамға жетті.
Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың күрт күрделенуіне байланысты, облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова екі күндік шектеу енгізілген №51 қаулының маңыздылығына тоқталды:
– Сенбіден дүйсенбіге дейін екі күн барлық ойын-сауық орталықтарын, сауда орындарын жабуға тура келді. Мүмкін ел ішінде «екі күн уақыт не береді?» деген түсінбеушілік туындаған шығар?! Бұл екі күнде барлығы залалсыздандырылып, тазаланды. Әр кәсіпкер өз кәсіптік нысанын тазалады. Екі күнде өзге аудандарға қатынайтын көлік қозғалысы да шектелді. Әйтсе де, халық қажеттілігін қамтамасыз ететін, үй маңындағы азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмысын тоқтатпады. Бұл ретте, әр адам тазалықты сақтап, қорғануды өзінен бастаса, бұл қауіпті індетті бірігіп жеңеміз, — деді аймақ басшысының орынбасары.
А т ы р а у д а к а р а н т и н р е ж и м і жеңілдетілгеннен кейін КВИ жұқтырғандар саны күрт өсті. Тіпті, бір тәулікте науқас саны бірден 400-ге жеткен. Жергілікті жерде қабылданған қаулыға сәйкес, өндірістік орындарда ауысыммен жұмыс жасайтындар үшін ПЦР тестін тапсыру міндеттелді.
***
Атырау облыстық ауруханасында 400 орындық инфекциялық стационар ашылады. Медициналық мекеменің барлық бөлімі басқа ауруханаларға ауыстырылатын болады, деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Бұл туралы облыстық ауруханада өткен пресс- тур барысында белгілі болды. Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың айтуынша, бүгінде облыстық ауруханада 120 провизорлық орын, кардио орталықта 70 провизорлық кереует бар. Сонымен қатар, Геолог емханасында 100 провизорлық кереует дайындалуда.
– Қалалық және қала маңындағы емханаларда 267 провизорлық орын ашу жоспарлануда. Мұнымен қоса, біз облыстық ауруханадағы бөлімшелерді басқа медициналық мекемелерге өткізіп, онда 400 орындық провизорлық стационар ашуды көздеп отырмыз, — деді Бақытгүл Хаменова.
Бүгінде Атырау облысында «пневмония» диагнозымен 321 науқас тіркелген. Оның 82,3 пайы- зы медициналық мекемелерге жатқызылды.
Азамат БАЗАРБАЕВ