Цифрлық жобалардың тиімділігі
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбаймен «Цифрлық жобалардың тиімділігі туралы» сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Сұрақ: Сәбит Нұрлыбайұлы, Сіз Бас прокуратураның Комитетін өткен жылдың қазан айының соңынан бастап басқарып келесіз, яғни бұл қызметте жарты жыл жұмыс істейсіз. Құқықтық реформаның қарқынды жүзеге асырылу барысында, құқық қорғау органдары үш буынды модельге көшуге дайындалып жатқан кезінде келдіңіз. Оның мәні неде, осы процесстегі Комитеттің рөлі қандай екенін айтыңызшы. Ең бастысы, жаңа модельдің қарапайым адамдарға пайдасы қандай?
ЖАУАП
Өткен жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанда өкілеттіктердің аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізуді тапсырды.
Үш буынды модель барлық дамыған елдерде қолданылады. Осындай модель бойынша қылмыстық процеске полиция, прокуратура және сот сияқты үш буын жауап береді. Аталған құрылымдардың өкілеттіктері өзара нақты айқындалған.
Полиция қылмыстарды және оған қатысы бар адамдарды анықтайды, дәлелдер жинайды. Прокурор Конституцияның 83-бабында көзделген конституциялық өкілеттіктері аясында жиналған дәлелдемелерге тәуелсіз баға береді, азаматтардың құқықтарын бұзудың жолын кеседі, адал азаматтарды қылмыстық процеске тартуға жол бермейді, сотта айыптауды қолдайды. Сот тергеу сатысының өзінде, соның ішінде прокурордың адам құқықтарын сақтауын бақылайды, ал қарау нәтижесі бойынша барлық дәлелдерді бағалап, түпкілікті үкім шығарады.
Қылмыстық процес бір процестің логикалық жалғасы болып табылатын үш құрамдасқа айқын бөлу негізінде құрылған.
ЭДЫҰ елдерінде қолданыстағы үш буынды модельге ауысу сотқа дейінгі тергеп-тексеруді іске асыратын органдардың қызметін жете трансформациялауды талап етеді.
Бұл заңнаманы өзгерту ғана емес. Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеп-тексеру тәсілдерін және ұйымдастыру жағынан прокурорлар мен тергеушілердің де дағдыларын өзгертуді талап етеді.
Осыған байланысты Бас прокуратура барлық сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарымен бірлесіп қылмыстық процестің үш буынды моделіне кезең-кезеңімен «жеңіл» ауысуды бастап кетті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бастапқы кезеңде қылмыстық қудалау шеңберіне тартылған адамдардың конституциялық құқықтарын қорғайтын, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары қабылдайтын негізгі процестік шешімдерді прокурордың келісуі енгізілді.
Қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді.
Заңнамадағы өзгерістерден басқа, Комитет операторы болып табылатын Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі (СДТБТ) ақпараттық жүйесіне қысқа мерзімде техникалық өзгерістер енгізу талап етілді.
Комитет бұл тапсырманы орындап шықты және 2020 жылдың 31 желтоқсанынан бастап, яғни Қылмыстық-процестік кодекске енгізілген заңнамалық түзетулер заңды күшіне енген күннен, еліміздің барлық тергеу органдары мен прокуратуралары қылмыстық іс бойынша негізгі шешімдерді электрондық келісуге көшті.
Енді күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралауды белгілеу, қылмыстық құқық бұзушылықты саралау, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзу, тоқтату туралы шешімдер, сондай-ақ айыптау актісі прокурордың келісімінсіз заңсыз болып саналады.
Бұл өзгерістер азаматтардың, соның ішінде күдіктінің де, жәбірленушінің де конституциялық құқықтарын қорғауға және қылмыстық процестің шеңберіне негізсіз тарту фактілерін болдырмауға, жалпы тергеп-тексерудің объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Негізгі шешімдерді келісу бірінші кезең ғана екенін атап өткім келеді. Бұдан әрі тергеп-тексеру барысында негізгі процестік шешімдерді сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының тергеушілері емес, прокурорлар қабылдайтын болады. Сол кезде тергеудің әрбір сатысындағы тергеп-тексеру нәтижелерін прокурордың тәуелсіз бағалау рөлі іске асырылады. Демек, жиналған дәлелдемелерді бағалай отырып, прокурор адамды күдікті деп тану туралы шешім қабылдайды, ал тергеп-тексеру қорытындысы бойынша айыптау актісін әзірлеп, сотта айыптауды қолдайтын болады. Сол кезде келісу рәсімі алынып тасталады.
Аталған өкілеттіктер Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында көзделген.
Қазірдің өзінде қолданыстағы заңнама аясында тергеп-тексеру барысында осындай шешімдерді қабылдайтын прокурордың басшылығымен тергеу топтарын құру арқылы осындай тәртіпті пилоттық сынақтан өткізу басталды.
Сынақтан өткізуді, техникалық сүйемелдеуді де Комитет іске асырады. Бұл ретте үш буынды жүйе жағдайында жұмыс істеуге СДТБТ-ні жетілдіріп, әрі бейімдеудеміз.
Сұрақ: Негізгі процессуалдық шешімдерді электрондық келісудің артықшылықтары қандай?
ЖАУАП:
Прокурордың сотқа дейінгі тергеп-тексеру органымен жедел өзара іс-қимыл жасау, артық бюрократиялық сөзбұйданы болдырмау қажеттігі ескеріле отырып, басынан СДТБТ негізінде электрондық форматтағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету міндеті қойылған.
Біріншіден, бұл тергеушілердің уақытын үнемдейді. Іспен прокурорға барудың, прокурор шешімді қашан келіседі деп күтудің қажеті жоқ.
Прокурордың негізгі шешімдерді келісу мерзімдері заңнамалық нормалармен нақты белгіленген.
Екіншіден, электрондық келісу тергеу органдарының басшылығына және қадағалаушы прокурорға қылмыстық істерді тергеу барысын онлайн режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Заңдылықты қадағалауы тиіс прокурор іс оған түсер алдында ғана процеске қатыспай, оның тергеп-тексеруіне басынан бастап қатысады.
Электрондық келісу кезінде манипуляциялар барынша азайтылды, бұл да бұрмалау мүмкіндігін болдырмайды.
Комитет, өз кезегінде, құқықтық статистиканың анықтығын қашықтықтан қадағалауды іске асырады, уәкілетті мемлекеттік органдарды, сонымен қатар қылмыстық процеске қатысушыларды объективті құқықтық ақпаратпен қамтамасыз етеді.
Сұрақ: Комитет тарапынан қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша қандай шаралар қабылданып жатыр?
ЖАУАП:
Құқықтық статистика мәліметтерінің анықтығы ең алдымен СДТБТ мәліметтерінің дұрыстығы мен уақтылы толтырылуын бақылау арқылы іске асырылады.
СДТБТ-де жай мәліметтер ғана емес, қабылданған процестік шешімдер де көрсетіледі. Қылмыстық процеске қатысатын адамдардың мүдделері олардың қаншалықты дұрыс және уақтылы қабылдауына байланысты болады.
Мысалы, адамға жұмысқа орналасу немесе өзге де мәселелерін шешу үшін оның ақталғаны туралы мәліметтер қажет. Іс бар, адам бар, іс бойынша мерзімі өтті, ал шешім қабылданбаған.
Осындай жағдайлар туындамас үшін Комитеттің қызметкерлері қылмыстық қудалау органдарының іс жүргізу қызметіне араласпастан, күн сайын осы бағытта жұмыс жасауда.
Біз азаматтардың өтініштерін қарау нәтижелері бойынша тергеу органдары қабылдаған шешімдер туралы СМС-хабарламалар функционалын іске асырдық. Мысалы, егер полиция азаматтың өтінішін қараусыз қалдыру туралы шешім қабылдаса, онда оған тиісті СМС-хабарлама келеді және егер ол бұл шешімді заңсыз деп санаса, дереу қадағалаушы прокурорға шағыммен жүгіне алады.
Комитеттің Ақпараттық сервис порталында (Qamqor.gov.kz) үйден шықпай-ақ полицияға онлайн режимінде арыз беру мүмкіндігі іске асырылған.
Комитеттің алдындағы басым міндеттердің бірі – қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылу фактілерін анықтау, сондай-ақ есепке алынудан жасырылған қылмыстарды анықтау болып табылады.
Сұрақ: 2021 жылдың 15 ақпанында прокуратура органдарының қызметі мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің әлеуетін пайдалана отырып, құқық қорғау органдарының күнделікті қызметіне озық цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды. Комитеттің әлеуеті қандай?
ЖАУАП:
Біз көптеген ақпараттық ресурстардың, яғни BigData секілді үлкен деректердің иесі болып табыламыз. Комитеттің әлеуеті осында жатыр.
Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесін цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға беріп, бірқатар тапсырмалар берді.
Қазіргі таңда біз азаматтардың өтініштері, сот шешімдері, қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істер бойынша есепке алуды жүргіземіз. Жалпы 23 есеп нысаны мен 24 арнайы есепке алу түрі бар.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Электрондық қылмыстық іс» (Е-ҚІ), «Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімі» (ӘІБТ), «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» (ТСОБТ) және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп «Е-Өтініш» цифрлық жобаларын іске асырудамыз.
Қоғам талаптары ескеріле отырып, осы бағытта ауқымды жұмыстар қарқын алуда.
Құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру бұл жобаларды енгізудің оң нәтижесі екенін атап өткен жөн болар.
Осы жобалардың функционалын жетілдіру бойынша қабылданған шаралар елдегі заңдылықтың жай-күйіне елеулі әсер етті.
Әкімшілік және қылмыстық салалардағы құқық қорғау қызметі, сондай-ақ бақылау-қадағалау органдары мен бизнес субъектілері салалары барынша цифрлық жобалармен қамтылды.
«Электрондық қылмыстық іс» функционалы сотта істерді толығымен электрондық форматта тергеуге және қарауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні бүкіл қылмыстық істердің 2/3-і электрондық форматта тергелуде.
Осы жоба сот ісін жүргізудің ашықтығын, материалдарды бұрмалау қаупін азайтуды және тергеп-тексеру мерзімдерін қысқартуды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар өткен жылы Әділет министрлігімен бірлесіп, полиция органдары мен адвокаттар алқасының қорында «Адвокатты қорғаушы ретінде тағайындау, мемлекет кепілдік берген заң көмегін есептеу және төлеу процестерін автоматтандыру» пилоттық жобасы іске қосылды.
Жобаның оң нәтижесі – адвокаттарды тағайындаудың жеделдетілуін қамтамасыз ету, істерді адвокаттар арасында бөлу және олардың еңбек ақысын төлеуді жеделдету, сәйкесінше оларды алқаның басқару органдарынан тәуелсіз ету болып табылады.
Жоба электрондық форматта іске қосылған сәттен бастап адвокаттар алқасына қорғаушыларды тағайындау туралы 700-ден астам өтінішхат жолданды.
Сондай-ақ, арнайы графикалық планшеттер пайдаланылатын цифрлық қолжазба қолтаңбасы арқылы электрондық құжаттарға қол қоюды іске асырдық.
Әділет министрлігі цифрлық қолжазба қолтаңбасы бойынша тиісті қолжазба сараптамасын әзірледі.
Соттардың адамдарды қамауда ұстауға санкция беру туралы өтінішхаттарды қашықтықтан қарау тетігі іске асырылды.
Бұл қылмыскерлердің қашып кету қауіпін болдырмауға, айдауылдау үшін бюджет қаражаты мен кадрлық ресурстарды үнемдеуге және іс жүргізу уақытын оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Осы шаралардың барлығы е-ҚІ іске асыру кезеңдері болып табылады, іске қосылған құралдарды қылмыстық процесс тараптары сәтті пайдалануда.
Құқық қорғау қызметі – бұл әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу, олардың алдын алу, жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Полиция қызметкерлері қылмыскерлерді ғана емес, хабар-ошарсыз кеткен, туыстарымен байланысты жоғалтқан адамдарға да және тағы басқа іздеуді жүзеге асырады.
Бұл қызмет те Комитеттің ақпараттық технологияларымен сүйемелденеді. Бұл ел бойынша фото-бейнетіркеу құралдары тіркеген ЖКО бұзылуының барлық деректері жинақталған ӘІБТ-нің Процессингтік орталығы. Бұл «Қылмыстылық» және «Жол-көлік оқиғалары» карталары, оларда қылмыстар мен жол-көлік оқиғалары жасалған орындар белгіленіп, алдын-алу шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл бюрократиялық рәсімдерсіз адамға іздеу жариялауға мүмкіндік беретін «Электрондық іздеу салу» модулі.
Оған қоса, Комитет құқық қорғау органдарына күнделікті жұмыста пайдалану үшін жедел онлайн режимінде барлық құқықтық ақпарат ұсынылатын бірыңғай шлюзді басқарады.
Әлеует қомақты әрі құқық қорғау жүйесі үшін ғана емес, қарапайым азаматтар үшін де «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында үнемі кеңеюде.
Бір-екі мысал келтірсек. Осы жылдың ақпанынан бастап жүргізушілердің жүргізу куәлігі мен автокөлік техпаспортының жанында болуы міндетті емес екенін бәріміз білеміз. Бұл азаматтар үшін қолайлы. Заңнаманың бұл ережесі Комитеттің технологияларымен қамтамасыз етіліп отыр. Жол полициясы қызметкері бұл мәліметтерді ӘІБТ жүйесінен планшеті арқылы алады.
Смартфоннан банктің мобильді қосымшасы арқылы айыппұлдарды төлеу мүмкіндігі туралы оң пікір қалыптасқан. Егер Комитет біздің деректерді банк жүйелерімен ықпалдастырмағанда бұған қол жеткізу мүмкін болмас еді. Қазіргі таңда 19 банкпен және Казпоштамен ықпалдастық жасалынып, көлемді одан әрі арттыру бағытында тұрақты жұмыс істеудеміз.
Сұрақ: Пандемия кезінде бизнес экономикалық шығынға ұшырады. Қазір мемлекет кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде. Екінші жыл тексерулерге Президенттік мораторий жарияланды. Сіз өз платформаңызда жасаған бизнесті қорғау жүйесі туралы айттыңыз. Бұл туралы оқырмандарға толығырақ айтсаңыз.
ЖАУАП:
Комитет тексерулерді есепке алуды және тіркеуді 2000 жылдан бастап жүргізеді.
2003 жылдан бастап негізсіз тексерулер, оның ішінде бизнеске қатысты тексерулер тіркеу сатысында тоқтатылады.
2015 жылдан бастап Комитет барлық тексерулердің үйлестірушісі болды.
Қазір бақылаушы органның бір де бір тексерісі Комитетте есепке алынбай жүргізілмейді.
Мемлекет басшысының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша қойған міндеттерін іске асыру мақсатында Бас прокуратура инновациялық технологияларды пайдалана отырып, барлық жерде қадағалаудың жаңа әдістерін енгізуде.
Барлық процесс «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» — ТСОБТ ақпараттық жүйесінде цифрландырылған.
Мемлекеттік органдар бұрынғыдай тіркеу туралы мөртаңбаны алу үшін кезекте тұрмайды. Барлық процесс, оның ішінде ведомстволық жүйелері бар органдармен ықпалдасу арқасында автоматтандырылды. Тексеру актісі мен нәтижесі электрондық түрде ресімделеді.
Бұл тағайындау сатысында заңсыз тексерулерді уақтылы анықтауға мүмкіндік береді, ол мораторий кезеңінде ерекше маңызды. Мораторий тағы 2 жылға созылады.
Тіркеуден бас тартуға ғана емес, сонымен қатар жергілікті атқарушы немесе орталық мемлекеттік органның бірінші басшысы шешімдерінің күшін жоюға негіз бар фактілер кездеседі.
Негізсіз тексерулердің жолын кесу үшін, заңнаманы бұза отырып, тексеру тағайындауға мүмкіндік бермейтін функционал енгізілді, сонымен қатар ол кәсіпкерлік субъектілерінің мерзімдері, санаттары, негіздері және тағы басқалары бойынша форматтық-логикалық бақылау белгіленді.
Әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартуға және бизнесті қылмыстық процесс шеңберіне тартуға жол бермеу мақсатында Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімі (ӘІБТ) және Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі (СДТБТ) ақпараттық жүйелерімен интеграция жүргізілді. Мысалы, ӘІБТ және ТСОБТ мәліметтерін салыстыру арқылы тексеру тағайындаусыз кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту фактілері анықталды.
Жедел өзара іс-қимыл жасау үшін басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау бойынша жұмыс жүргізілуде.
ТСОБТ «адами» факторсыз тексеру үшін жауапсыз кәсіпкерлерді іріктеу арқылы электрондық форматта тексерулерді жоспарлауға мүмкіндік береді. Жүйеде іріктеу жүргізілетін критерийлер, мысалы, БАҚ-тағы жарияланымдар, шағымдар, тексерулер және тағы басқалары қамтылған.
Кәсіпкерлер үшін «Қамқор» мобильді қосымшасы құрылған, ол жерден жүргізілген тексерулер туралы ақпарат, туындаған мәселелер бойынша бірден түсіндірмелер алуға, сондай-ақ тексерушілерге шағымдануға мүмкіндік бар.
Сұрақ: Сәбит Нұрлыбайұлы, осы жылдың 1 шілдесінен бастап Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодекс қолданысқа енгізіледі. Бізге белгілі болғандай жаңа заңнама азаматтардың өтініштерін қараудың қолданыстағы тәртібін айтарлықтай өзгертеді және мемлекеттік органдардың қабылдайтын шешімдері үшін жауапкершілігін күшейтеді.
Жаңалықтар Комитеттің қызметіне қалай әсер етеді?
ЖАУАП:
Біріншіден, Комитет, басқа мемлекеттік органдар сияқты, өтініштерді қарайтын және мемлекеттік қызметтер көрсететін субъект болып табылады, сондықтан Кодекстің талаптары Комитеттің жұмысына да толық көлемде қолданылатын болады.
Сонымен қатар, өтініштерді қарау саласындағы қолданыстағы заңнамаға және жаңа Кодекске сәйкес Комитет мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына және мемлекеттің 100% қатысуымен заңды тұлғаларға келіп түсетін өтініштерді тіркеу және есепке алу тәртібін белгілейді және бекітеді.
Осы мәселелер қатаң реттелмесе, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын бұзу қаупі бар. Мемлекеттік органдарда өтініштерді тіркемеу, қарау мерзімдерін бұзу фактілеріне жол берілуі мүмкін. Мемлекеттік органдарда өтініштер бойынша өзекті талдамалық ақпараттың болмауына байланысты олардың дұрыс емес басқарушылық шешімдерді қабылдауы сияқты салдарларға әкеп соқтырады.
Сондықтан біз осы бағыттағы тиісті қағидаларды әзірледік, оған жақын арада қол қойылады.
Кодекстің алдымызға қойып отырған екінші міндеті – «Электрондық өтініштер» жүйесін жүргізу тәртібін айқындау болып табылады, бұл жерде жүйені енгізу Мемлекет басшысы белгілеген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іс жүзінде іске асырумен тікелей байланысты екенін бірден атап өтейін.
Осыған байланысты, барлық мемлекеттік органдарда жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің талаптарына жауап беретін өтініштермен жұмыс жөніндегі бірыңғай жүйе енгізілуде.
Жүйенің арқасында шағымдарды беру және қарау рәсімдерін жеңілдету жоспарлануда.
Жобаны енгізуді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп жүргізудеміз. Жүйеге барлық мемлекеттік органдар қосылды.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің баспасөз қызметі