Ресей шұжығынан адам ДНК-сы табылғаны распа?

Мәселенің мәнісі Жаңалықтар

WhatsApp, Facebook әлеуметтік желілеріндегі Ресей шұжығынан (колбаса) адам ДНК-сы (Дезоксирибонуклеиновая кислота) табылғандығы туралы хабар көпшілік көңілінде күмән тудырып отыр. Елді дүрбелеңге салған бұл хабарламалар шындыққа қаншалықты сәйкес келеді? Осыған қатысты елімізде қандай шаралар қолға алынуда?

Мәселенің мәнісі

Шұжық өнімдеріне қатысты шу бірінші рет шығып отырған жоқ. Бұдан бұрын да Ресей еліндегі шұжық өндірумен айналысатын комбинат бәсекелесіне қатысты жалған ақпарат таратқан болатын. Десек те, бұл өнімдердің сапасы мен санитарлық талапқа сай жасалу жолдары әлі де жұмбақ күйде. Жуырда ғана ресейлік телеарналардың біріндегі «Среда обитания» бағдарламасында бірнеше кәсіпорынның ісінің шалалығы, өнімнің сапасыздығы сыналды. Онда шұжық өнім-дерінің санитарлық талапқа сай келмейтін жағдайда       дайындалатыны, «шұжық» деген аты ғана болмаса, арасына бір тілім ет салынбайтындығы туралы мәселе көтерілді.

Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Амантай Жұмағалиев істің ақ-қарасы әлі де анықталмағанын айтты. «Облысымызда әзірге «Мортадель» жеке комбинаты өнімдерінің бар-жоғы анықталмады. Дүкен сөрелеріндегі шұжықтардың дені Қазақстанда өндірілген. Дегенмен, қалалық және аудандық басқарма қызметкерлеріне тағам өнімдерінің Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкестігіне қатысты мониторингін күшейту туралы бұйрық берілді. Бұл бағытта Қазақстан мен Ресей ғалымдары да бірлесіп іс атқаруда» деген Амантай Төлегенұлы бұл комбинатқа қатысты бағытталған жалған жала болуы мүмкін екенін де қаперге берді.

Бұлай ойлаудың да себебі жоқ емес. Ол жуырда ғана  ЭКСПО көрмесіне барған құлсарылық оқушылардың тамақтан ұшынғандығы туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты. Өткен жылы әбігерге салған «Жайықтың суы көгеріп жатыр» деген хабардың да жалған болып шыққанына тоқталды. Мұндай келеңсіз жаңалықтар көптің көңілін күпті қылып,   жауапты тұлғаларға қосымша жұмыс жүктейді. Комитет 9 тамызда  РФ Федералдық тамақтану орталығының Мәскеу түбіндегі «Мортадель» жеке комбинатының «Королевская» және «Сервелат зернистый» деген шұжық өнімдерінен адам ДНК-сының белгілерін анықтауына қатысты арнайы бұйрығын шығарған.  Шұжықта ненің болуы мүмкін екенін, айтпасақ та түсінікті.

Дегенмен, «Таза қолмен және таза ниетпен ең үздік өнімдер өндіреміз» деп жарнамаланған «Мортадель» сайтында комбинаттың Ресейдегі ет өңдеу бойынша алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі екені айтылады.

Мәлике МӘЛІК

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз