О Р А Л У

ropopopop Жаңалықтар

Atr.kz/29 қазан, 2019 жыл. Алыста жүрген қай адамның да көкірегінің бір бұрышында атакүлдікке деген аңсарлы сезім бұғып жатып, сәті келгенде сағыныштың сары уызына малынып, іңкәр көңілдің ыстық сәлеміндей көгаршын қанатын қағатын болса керек.

Шамасы, жүрегінде иманы бар жан өзін қашанда туған жер алдында парыздар перзент санайтын шығар. Егер шұғылалы сөзден шілтер тоқыған сұңғыла қаламгер болса ше? Е, онда сұлтан ойдың сұлу өрнегімен өрілген шуақты шығармаға айналар. Мен «Жұлдыз» журналында жарияланған қабырғалы қаламгер, жерлесіміз Нұрлан Қамидың «Қызданайдың қырғыны» хикаятын осы тұрғыда қабылдадым. Екі ғасырға жуық уақыт өтсе де елдің санасында сақталған, халықтың жадында жатталған әпсана. Яғни, хатқа түспеген қадым заманғы аңыз.

Нұрланның есейе келе жарық көрген, айқын қолтаңбасын айшықтаған, айналасын мойындатқан «Көк қақпа» жинағын зерделей оқып, Европалық мәнердің қазақи әуенмен әдіптелгенін жете сезініп едім. Ол шеберлік үлгісі болатын. Енді оны басқа қырынан танығандай болдым. Әдебиет – руға жіктелмейді, жүзге бөлінбейді. Қалам ұшынан қағазға түскен әр сөз жүректің бір бұрышында отырған қатал қазының бақылауында болғаны абзал.

Әйтпесе, аталастарына бүйрегі бұрып, тарихты бұрмалап жүрген талай атағынан ат үркетін ағайынды атандай тіздеп шығар едім. Ол әлемдік әдеби жауhарлардың оқырман жүрегін жаулайтын, ойын баурайтын ішкі иірімдері мен баяндау тәсіліндегі шеберлікті еркін игере келіп, енді өзінің даласының сайын самалы желпіп, жусанның жұпары аңқыған жасыл жайлауына оралыпты және таңдаған тақырыбы да оң жаңбасына орала кетіпті. Есін біліп, етегін жапқалы ересектер есіле шертетін, көсіле сілтейтін әз махаббат жырына ол да құлағының құрышын қандырып бағыпты.

Маңғыстаудың қақпасы атанған киелі Кең Жылыой өңіріне аты аяулы, атағы әруақты, алағай да бұлағай заманда ата жауының желкесіне алдаспан ойнатқан батыр Төремұрат пен қараған жанның көзін қарыған жаңа жауған ақша қардай ару келбет Қыз Данай арасындағы сұлу сезім күйінің күмбірі…

Хикаят кейіпкерлерінің ғұмыр кешкен кезеңі, қазақтың түстікте түрікпен, шығыста Хиуа хандығы, батыста орыспен өз Атакүлдігі мен аталар аманатын аман сақтап, ұрпаққа ұлағаттап тапсыру үшін тарландай таң асып тарғыл тағдыр тайталасына шыққан алмағайып уақытқа дәл келіпті. Оқиға желісінің де, ерке самал ескен ерте көктемнен басталуында терең мағына жатыр. Ырысы мен тынысын ырыммен

таразы табағына тартар ұлтқа тән үрдіс. Ендеше, Әлбаба ақсақалдың дәргейіндегі ауылға немересі Данайды атастырған аталықтың көрісе ат басын бұруы да сыйластық дәстүрінің үлгілі көрінісі. Оқиғаның шиыршық ата өрбуге алып келер межесі болашақ отағасының да көпке ере келіп, қыздың көзіне түсуінен басталған еді.

«Өзім сүймеген адамға жүрегімді ешқашан сыйламаспын. Тәнімді алар, алайда сезімімді, махаббатымды қор қыла алмаспын оған», – деп Данайдың жеңгесіне ант бергендей алқына сыр шертетіні бар.

«Айтылған сөз – атылған оқ», мүмкін, аузына құдай салған шығар, бұл оның бесігі мен бейітіне дейін жүрер жолының өзегіне айналарын өзі де білмепті. Ерлігімен ел аузында аңызға айналған Төремұрат батырдың Қарақалпақ ағайынға көмек қолын созу үшін сауын айта келген сапарында басталған сезімдер шарпысуы өңменіңнен өтер өкпек желдей қайқаңынан да ойпаңы көп өмірдің жүрегіңді жүдетер дауы, бұғып атар жауы жетерлік дәстүр мен салттан аттауға болмайтын кездегі махаббат майданына «елім» деп еңіреген ер мен «Ерім» деп мөлдіреген сұлуды салып жібереді.

Отызында орда бұзған оғланның ойындағы мақсат осы бәкизат дидар қыз арқылы орындалардай көрінген шығар, бәлкім. Осы жолы ол өзінің қол бастайтын көшелі көсем ғана, қажетті жерде кешенді сөз айта алатын шешен екенін де аңғартады. Әлбаба ақсақалға аруға айналған немересінің теңіне айттырылмағанын меңзеп:

«…осы ғұмырыңызда бәйгеге тұлпармен бірге мәстек қосқанды көргеніңіз бар ма?»-деп сауал тастауы, немесе: «Сұңқардың қасында жапалақ қонақтағанды көріп пе едіңіз?»-деп алыстан орағатып ой тастауы қазақы ділмәрлікпен үндесіп жатқаны анық.

Әрине, түрікпендермен болған ұрыста оның епті әрекеті, ширақ қимылы, тура сілтенген алмас қылыштан да айбынбайтын жүрегінің түгі бар батырлығы асқан сүйіспеншілікпен суреттеледі. Осы қақтығыста Нарынбай мен Өтен батырлардың бедерлі бейнесі көкірегіңізді бір бұлқынтып өтеді. Әсіресе, достықтың қайнар бұлағынан қанып ішкен Бектемір тұлғасы көңілге шуақ құяды. Батырдың қасындағылар кілең баhадүр, шетінен бағлан, өңкей жақсы мен жампоз екен.

Ендеше, қарсылық білдірмесе олардың да Төремұраттың Данайға деген іңкәр сезімін, құштар көңілін қолдағаны. Оны айқайлап айту әсте қажет емес. Данайдың қалың малын төлеп қойған ауылға келін болып түсуі, өзінің жарына көңілі толмауы, Төремұраттың сүйгенін алып кетуі ел аузындағы әпсананың қағазға көркемделіп түскен көрінісі.

Осы арада Төремұраттың жиені Құрманғазымен сырласуы арқылы – Шын сұлулық – адам өмірінен де артық, одан да биік, одан да жоғары. Соны ұққан адам ғана бақытты. Өйткені, сұлулық өте сирек кездеседі, – дей келіп: «Егер ол теңіне қосылған болса, сырттай сүйсініп қоя салмас па едім» деп қорытады.

Міне, мәселенің мәні қайда? Сұлуды сұрқылтайдан қорғау парызы екен ғой оны осындай орайсыз қадамға жетелеген. Жақсы көру сезімі ақыры жанашырлыққа ұласып, жансебіл қимылға қозғау салған. Ата дәстүр, баба салтта сүйген адамыңның бақытының садағасы. Батыр осылай болжаған, бағамдаған. Бұл – ерлікпен еншілес ұғым.

«Жауды аяған жаралы» деген қазақы қағиданың дұрыстығына батырдың аяқ астынан келген ажалы дәлел. Түрікпеннің жауға шабар жан алғышы Бөріні жекпе жекте айқын басымдықпен жеңіп, әлде мәрттік пе, әлде аяушылық па – жазаламай жібере салуы ол заманда сирек кездесетін жағдай. Алдыңнан жақсылығымен шықса, қане?

Ал, ажалың болып жолыңды тосса ше? Төремұрат батыр да сол өзі екінші өмір сыйлаған Бөрінің қолынан қапыда қатыгездікпен қаза тапты, «Батыр аңғал» деген. Өкінішті өлім еді бұл. Домбыраның бір шегі үзіліп кеткендей шанақтан шыққан үн де күрсіне күмбірлегендей көкіректі бір шоқ қарып өтеді. Қызданай үшін енді тірліктің мағынасы жоқ еді.

Уақыт өте жүрегінің жарасын жалап, наласын басып, ақылға келіп, өзінің Өтеніне оралады. Қаламгер Нұрлан Қами өзі таңдап алған тақырып үдесінен шығыпты. Кейіпкерлерінің боямасыз болмысы,
кісілік келбеті, оқиғадағы орындары қолмен ұстағандай айқын. Тіпті жағымсыз кейіпкер Қитарбайды да жек көріп кете алмайсың. Мүсәпір мінезіне, кісәпір қылығына да ренжімейсің. Айдалада алданып қалған, адасып кеткен адамға жолыққандай аяушылықпен қарайсың!

Бірақ, арқасынан қаққың, маңдайынан сипағың келмейді. Жалпы, аспандағы айды аламын деп ұмтылу ақылдының әрекетіне жатпайды. Қызданай тек қана қылықты ару ғана емес, өз нұрлы нысанасына жету жолында ойына келген әрекеттен тайынбайтын жүректі жан болып шықты. Өз тағдырын талқыға салған ауылдың ақсақалдарының алдына барып жасаған қылығына орай түрлі көзқарас болуы мүмкін.

Өзінің баянды бақыты үшін күрескен адамды кінәлауға бола ма? Бәрі де түсінбестіктен туындайды емес пе? Бұл көнеден келе жатқан аңыз-әпсананың шағын тармағы талайларды шабына шоқ түскендей шоршытуы мүмкін! Ел аузындағы әңгімеде болған жағдай. Нұрлан да одан аттап кетпепті. Бұл қаламгердің уақыт пен өзі терісін илеп жүрген көркем өнер алдындағы адалдығын танытар құбылыс.

Ар ісіне адалдық. Кейіпкерлерін де алаламапты. Көсіле сілтеген көркем тіл, жорға жүрісінен жаңылмаған жатық баян шығарманың шырайын аша түседі. Дәл осы қалпында сахнаға сұранып тұрған тұздығы татыған сүбелі дүние. Тіпті, кино түсіруге де таптырмайтын тақырып.

Енді кешіксе ертегіге айналатын ел аузындағы шытырман оқиғалы, шырғалаң тағдырлы махаббат жыры сезіміңді тербейтін, көкірегіңді кернейтін сезім алауына шарпылған әдемі хикаятқа айналып, өзінің халқына, қазақы ортасына қайтып оралды. Жандарынан жусан иісі аңқыған, аққулы айдыны аспанмен астаса шалқыған, қайманасы қара сөзден қаймақ қалқыған әз далаңа қайта оралуыңмен, Қаламгер!

Бүркіт БАЗАРБАЕВ,

ақын

РЕДАКЦИЯДАН:

Жазушы, драматург, аудармашы Нұрлан Қами биыл асқаралы 60 жасқа толды. Осы жылдар аралығында оның «Көк қақпа», «Қар адамы», «Кездесу», «Хан Мөде», «Беймезгіл» атты кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ Шыңғыс Айтматовтың «Кассандра таңбасы», «Тау құлаған» романдарын қазақ тіліне аударып, жариялады. Жаңадан жазылып біткен «Қызданайдың қырғыны» хикаяты Алматы қаласындағы «Мереке»баспасынан шығады.

«Атырау» газеті редакциясы жерлес қаламгерді мерейтойымен құттықтап, Атакүлдікке ат басын бұрған сапары оңынан оралып, оқырмандар мен өтер кездесулер ойына шуақ, бойына қуат, шабытына суат болсын демекпіз. Қаламгер бақыты да сол емес пе? Жазар көбейсін!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз