
Цифрландыру – қазақ тілін үйретудің жаңа мүмкіндігі
Жаңа технологиялар тек мемлекеттік басқаруда емес, мектепте де сапаны көтерудің құралы бола алады. Цифрлық платформалар мен жасанды интеллект оқушының қазақ тілін үйренуін жеңілдетіп, қызықтыра түседі.
Дыбысты түзетуге арналған қосымшалар, интерактивті мәтіндер, бейне-жаттығулар – бәрі баланың тілді өмірде қолдануына жол ашады. Әдебиет сабағында да шығармаларды подкаст, бейнеэссе немесе цифрлық жоба түрінде орындау балаларды белсенді етеді.
Сонымен бірге цифрландыру тек құрал ғана емес, мәдениет. Біз балаларға дереккөзді дұрыс пайдалануды, киберқауіпсіздікті сақтауды, адалдық пен жауапкершілікті үйретуіміз керек. Осылайша «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы мектептен басталып, әр балаға әділдік пен ашықтықтың құндылығын сіңіреді.
Қорытқанда, цифрландыру бағыты – біздің пәннің одақтасы. Тілді үйрету технология арқылы жеңілдеп қана қоймай, жаңа ұрпақты саналы, білімді, заманауи азамат етіп тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Гүлзада ӘЙТІМОВА,
О.Сарғұнанов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Мақат ауданы
Сурет: ortcom.kz