Сағызға ескерткіш не үшін керек? (ФОТО)

4CU8BJLFcwU Жаңалықтар

Мақат ауданында Сағыз кенішінің құрылғанына 80 жылдығын атап өтті.

фото 219

Доссор кентінен оңтүстік шығысқа қарай 18 шақырым қашықтықта орналасқан Сағыз кенорынында барлау жұмыстары 1937 жылы басталып, ел қоныстанған болатын. 1939 жылы қыркүйекте Сағыз мұнай кәсіпшілігі жеке өндірістік тұлға ретінде іске қосылып, Қазақстанның өндірістік картасына енген. Ал 1941 жылдан бастап 350 түтіні, 2000 тұрғыны бар ауылда Сағыз ауылдық кеңесі құрылып, ат төбеліндей ауылдың татулығы жарасты, ұйымшылдығы ерек халқының ынтымағы арта түсті.

фото 260

Алайда, жер байлығы таусылмай тұрмайды, 1987 жылы Сағыз ауылдық кеңесі таратылып, ауыл тұрғындары Мақатқа көшіріліп, кәсіпшілік ауысымдық әдіспен жұмыс жасаған еді.

фото 237

Бүгінде елді-мекен жойылған бұл аймақтың әр тараптан өмір жолдарын жалғаған тұрғындарының өткен күндерден естелігі ғана қалды. Десек те, сол естелікке толы тарих – адамдардың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен рухы мықты ұрпағы өсіп келетінімен қуантады. Сол аядай ауылдан түлеп ұшқан еңбек майталмандары елімізге танымал азамат атанып, өмірден өз орындарын тапты. Олар артына бұрылып, туған жерінің топырағына тағзым жасап, құрмет көрсетуді де ұмыт қалдырмады.

фото 247

Сағыз ауылын мәңгілік есте қалдыру мақсатында өткен жылы республикалық «Туған жерге тағзым» акциясы аясында осы өңірден түлеп ұшқан азаматтар «Сағыз» ескерткішін орнатты. Биыл ескерткіш алды бедерленген төсеме таспен өріліп, латын әріпімен «Сүйем сені Сағызым» – деп жазылған жүрек пішінді тас белгі мен қазақтың этно-мәдени нышандары бейнеленген ұлттық құндылығымызды дәріптейтін бәйтерек пішіні алаңға көрік беріп тұр.

4CU8BJLFcwU

Ауыл тұрғындары ауызбірлік танытып, Сағыз ауылын мәңгілік есте қалдыруға қосқан үлесі мен ізденісті еңбегі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына сабақталған үлкен жобаға негіз болғандай.

Салтанатты басқосу алдымен аруақтарға құран бағыштап, тағзым жасаудан басталды. Мұнан соң ауыл үлкендері, еңбек ардагерлері ақжарма тілектерімен естелік әңгімелерін сабақтады. Сағыздықтар жиналған салтанатта Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнінің әуенімен Сағыздың келіні Мәрияш Сатимованың жазған «Сағыз гимні» орындалып, әр жүрекке патриоттық рух сыйлады.

w6jdy6CslpU

Мәдени-рухани танымдық дүниелерді насихаттау шарасы Доссордағы «Мақат өлкетану мұражайында» жасақталған көрменің тұсау кесуімен жалғасты. Еңбек ардагерлері лента қиып, 80 жылдық тарихтан сыр шертерлік естеліктермен танысты.

Сағыз кеніші туралы деректер қатталған аудандық мұрағат сөрелеріндегі сарғайған құжаттармен де таныстырды.

Лена НҰРБАЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. мари

    ЛенаІ Тамаша! Мақат ауданының жақсы жаңалықтарын облыс жұртшылығына таныстыра беруде шабытың шалқи берсін! Шығармашылық табыс тілеймін!

  2. Gulfairuz

    Сағыздың азаматтары елге үлгі болатын іс жасады молодцы,алға