Былтыр Атыраудағы өндіріс орындарында 11 адам қаза тапқан
Былтыр Атырауда 44 жазатайым оқиға орын алып, 73 адам зардап шеккен, 11 адам қаза тапқан. Бәрі де өндірісте орын алған. Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссия өткен жылды осылай қорытындылады.
Жұмысшылар арасында туындаған екі наразылық акциясы шешімін тапқан, бүгінде алаңдауға негіз жоқ. Әйтсе де, жалақыдан берешек көлемі облыс бойынша 105 қызметкерге 31 млн. теңгені құрайды. Соған сәйкес, «Яманлар Иншаат», «Атакент-Жылыой» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Қазэлектрум» өндірістік кешеніне әкімшілік айыппұлдар салынған.
Облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровтің айтуынша, 22 шілде күні «Консорциум «Isker» ЖШС-інен жалақыны 20-25 пайызға көтеру жөнінде ұжымдық арыз түскен. Аталған басқарма мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері мекеме басшыларымен келіссөздер жүргізген. Нәтижесінде, жалақы «Кентек Казақстан Техникал Сервисез» ЖШС-де 12 пайызға, «Консорциум «Isker» ЖШС-де 15 пайызға өсірілген.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото fpolis.ru сайтынан алынған