Атырау жолдарынан қандай кемшіліктер анықталды?

d4a5fef3 4496 4a96 88b2 f8a8a0830298 Жаңалықтар

Облыстағы республикалық жолдың үлесі 1125 шақырымды құраса, облыстық жəне аудандық маңызы бар жолдардың үлесі 1900 шақырымнан асады.

​«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының директоры Дархан Сайлауовтың айтуынша, жыл бойы филиал инженерлері жергілікті және республикалық маңыздағы 95 нысанға 520 рет тексеріске шыққан. 260 ақау анықталған. Ал, республикалық маңызға ие 23 жолға 217 рет тексеріске шығып, құрылысқа қажетті материалдардан 735 сынама алған.

​Керн кескінін алу кезінде республикалық жол құрылыстарына пайдаланылып жатқан қиыршықтас, асфальтбетон жабындысы секілді материалдардың 22 пайызының республика стандарттарына сәйкес еместігі анықталған. Әлі күнге дейін 14 пайыз ақау жойылмапты. Осыған байланысты тапсырыс берушілерге бірнеше хат жолданған.

​Ал, биыл облыстық жəне аудандық маңызы бар жолдарға 310 тексеріс жүргізіліп, материалдардан 1195 сынама алынған. Оның 37 пайызының талапқа сәйкес еместігі анықталған. Бұл кемшіліктер де әлі толықтай жойылмаған. Анықталған басты кемшіліктер асфальтбетон жабындысының суға қанығу және тығыздық коэффициенттерінің стандартқа сәйкес келмеуі.  

​Филиал директорының айтуынша, жергілікті жолдарға қарағанда республикалық тас жолдарды күтіп-ұстау жұмыстары қарқынды. 

​– Биыл ұлттық сапа орталығының Атырау филиалы үшін жаңа заманауи ғимарат салынды.  500 шаршы метрден асатын ғимаратта заманауи жол зертханасы жұмыс жасайды. Жол жабындысы мен таңбасын, жол белгілерін тексеретін құрал-жабдықтар алынды. Сонымен қатар, республикалық тас жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарымен айналыстан «КАЖсервис» ЖШС мекемесі қыс мезгілінде жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін биыл 15 бірлік жаңа техникамен толыққан. Олар өз кезегінде жолдағы қарды тазалау, көктайғақ кезінде инертті материалдар себуге пайдаланылады. Осындай оң өзгерістер облысымыздағы жол сапасын жақсартуға, жолдағы қауіп-қатердің алдын алуға мүмкіндік береді,- деді Дархан Серікұлы.

​Құрылғанына төрт жыл толған сапа орталығы автомобиль жолдарын салу, қайта жаңарту, орташа жөндеу, күнделікті жөндеу, күтіп ұстау кезіндегі жұмыстарға және материалдардың сапасына сараптама жүргізеді. 

​Орталық республикалық маңызы бар жолдардан бөлек, жергілікті деңгейдегі жолдардың да сапасын тексеру құқығына ие.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз