«Біз – халық денсаулығының сақшыларымыз»

propopopop 1 Жаңалықтар

Atr.kz/17 маусым, 2019 жыл. Биыл жергілікті бюджет есебінен аудандық ауруханаларға жылжымалы медициналық кешен, наркозды тыныс алу аппараты, цифрлық рентген, Холтер, Электрокардиограмма, фетальды монитор аппараттары сатып алынуда.

2017 – 2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарға сәйкес биыл оңалту және медбикелік күтімді дамыту, фтизиопульмонологиялық санаторий ашу жұмыстары басталды. Мүгедек балаларға арналған ресурстық орталық құрылып, төрт ауданда оңалту бөлімдері ашылады. Бұл жұмыстарды іске асыруда биыл 11 оңалту дәрігері және емдік дене шынықтыру бойынша 23 орта буын медицина қызметкері оқытылды.

– Мәншүк Құдайбергенқызы, халық денсаулығын жақсартуға мемлекет тарапынан баса көңіл бөлінуде. Сол жұмыстардың нәтижесінде бүгінде облыс тұрғындарының саулығы қандай деңгейде?

– Азаматтардың дені сау болуы үшін ақ желеңділер аянбай тер төгуде. Бұл ретте мемлекет тарапынан да жан-жақты қолдау көрсетілуде. Соның нәтижесінде, аймақтың медицинасы үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, халықтың өмір сүру ұзақтығы 73,22 жасты құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым жоғары.

Соңғы екі жылда өлім-жітім жағдайлары төмендеді. Аналар өлімі – 52, қан-айналым жүйесі ауруларынан болатын қайғы – 18,6, қатерлі ісіктен – 18,4, туберкулез бойынша өлім 17,4 пайызға азайды. Сөйтіп, өңір тұрғындарының денсаулығын арттыруға бағытталған жұмыстар өз кезегінде оң нәтижелерін беруде.

– Алғашқы медициналықсанитарлық көмек көрсетудің жай-күйіне тоқталсаңыз…

– Облыста 111 амбулаторлық-емханалық ұйым қызмет етеді. Өткен жылы алғашқы медициналықсанитарлық пункттің бесеуі қолданысқа берілді. Қазіргі таңда мұндай 19 пунктте 371 дәрігер қызмет етеді. Оның ішінде 330-ы жалпы тәжірибелік дәрігер, 27-сі педиатр болса, 14-і терапевт мамандары. Биыл 7 дәрігерлік-амбулаторлық, 2 акушерлік пункт салу жоспарланды. Сондай-ақ, мұндай нысандарды мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде салу да қарастырылуда. Бұлар елді мекендерге жақын орналасатын болады.

– Медициналық ұйымдардың қазіргі ахуалы қандай? Денсаулық сақтау ұйымдарында қанша дәрігер бар? Оларға жасалып жатқан әлеуметтік қолдау жөнінде кеңірек білсек…

– «Адам саулығы – басты байлық» десек, оның күзетінде ұлт денсаулығының сақшылары болып ақ халаттылар тұрғаны анық. Яғни, науқастың өміріне араша түсіп, адал қызмет ету – дәрігердің басты міндеті. Осы бағыттан таймай, көптің алғысына бөленіп жүрген қолы алтын мамандарымыз аз емес.

Бүгінде мемлекеттік медицина саласында барлығы 9737 маман қызмет етеді. Дәрігерлер саны – 1390 болса, орта буын қызметкерлері 4738-ді құрайды. Олардың кәсіби тұрғыда өсуіне, тұрмыстық жағдайының жақсаруына да қолдау көрсетілуде. Медициналық ұйымдарда бір дәрігерге жүктелген жүктемені азайтуда өткен жылы жалпы тәжірибелік дәрігерлердің 66 учаскесі ашылды.

Негізінен бір дәрігерге белгіленген адам санын 1700-ден асырмау қажет. Осы деңгейге қол жеткізу үшін бізге әлі 88 жалпы тәжірибелік дәрігер керек. Ауруларды басқару бағдарламасы аясында алғашқы медициналықсанитарлық көмектің сапасын жақсарту маңызды. Осы орайда 1300 маманды кезең-кезеңімен оқыту жоспарланды.

Бүгінде ауруларды басқару бағдарламасына 3628 пациент қатысуда. Бұл диспетчерлік есепте тұрған барлық пациенттің 10 пайызын құрайды. Дәрігерлерлерді әлеуметтік қолдау туралы айтар болсақ, учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын 20 пайызға арттыру көзделді.

– Шалғай ауылдардағы тұрғындарға медициналық қызмет көрсетудің жай-күйі қандай деңгейде?

– Ауыл халқына 7 аурухана және 89 амбулаториялық-емхана ұйымдары көмек көрсетеді. Олардағы қызмет сапасын арттыруға да баса көңіл бөлінуде. Мәселен, қаржыландыру бойынша былтыр – 4 054,6 млн., биыл 6 949,2 млн. теңге бөлінді.

Аудан тұрғындарының медициналық қызметке тең қолжетімділігін қамтамасыз ететін денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында 2018-2025 жылдарға жасақталған бірыңғай перспективалық жоспарға сәйкес былтыр 2 дәрігерлік амбулатория (Махамбет ауданы Жалғансай ауылында, Құрманғазы ауданы Орлы ауылында) іске қосылса, биыл 5 амбулаториялық-емхана ұйымы (Қызылқоға ауданы Қарабау, Қаракөл, Сағыз ауылдарында, Индер ауданында Аққала ФАП, Исатай ауданында Нарын ФАП) және Құрманғазы ауданында 1 аурухана құрылысы салынады деп жоспарлануда.

2025 жылға дейін бірыңғай перспективалық жоспар бойынша ауылдарда 29 амбулаториялық емхана ұйымы және Құрманғазы ауданында 1 аурухана салынады. Облыстағы білікті мамандар үнемі «Телемедицина» арқылы кеңес беріп, ота жасауға көмек көрсетеді. Былтыр жүргізілген мұндай кеңес көрсету саны 2150-ді құрады. Бұдан басқа, халықтың, әсіресе шалғай және жету қиын өңірлерде тұратын азаматтар үшін 3 жылжымалы медициналық кешен (Жылыой, Құрманғазы, Қызылқоға), 1 трассалық медициналық-құтқару пункті (Мақат-Доссор) жұмыс жасайды.

Жылына 2 рет «Денсаулық» емдеу-диагностикалық пойызымен бейінді мамандар 800-ге жуық адамға медициналық қызмет көрсетеді. Облыстық санитариялық авиация орталығы жұмыс істейді, бейінді мамандар шалғай жерлерге барып, кеңестерін беруі үшін ұшулар жүзеге асырылады. Медициналық көмекке қолжетімділікте маңызды мәселелердің бірі – дәрідәрмекпен қамтамасыз ету. Ауылдық жерлердегі бұл процес медициналық ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде жүргізіледі және ауылдарда дәрігерлік амбулатория жанынан дәріханалық пункт ашу жоспарланды.

– Кадр жетіспеушілігі, мамандардың біліктілігін көтеру мәселелері қалай шешімін табуда?

– Бұл ретте маман тапшылығы, әсіресе ауылдарда байқалады. Биыл шалғай жерлерде дәрігер жетіспеушілігі 30 маманды құрайды. Жалпы, облыстағы кадр тапшылығын жоюда осы жылы 214 бітіруші түлек келеді деп күтілуде.

Әңгімелескен:

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз