Азаттық даңғылы кеңейеді

oodo Жаңалықтар

Шаһардағы шұрқ – тесі  жолдардың жай-күйін газетімізде бұған дейін де бірнеше мәрте жазғанбыз. Десек те, таңның атысынан кештің батысына дейін үздіксіз жұмыс істеп жатқан жол құрылысшыларының еселі еңбегін ескере бермейді екенбіз.

Осы салада бірнеше жылдық тәжірибесі бар мердігер мекеме – «АтырауинжстройАИС» ЖШС бас директоры Әділбек Нұрлығожиевтың айтуынша, жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын Азаттық көшесінің автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмыстары өткен жылы басталып, биыл аяқталуы тиіс.

– Жобаның құны 3,5 млрд. теңге. Бұл аумақта қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, жол бойы 80 сантиметр тереңдікке қазылды. Оның ішінде 20 сантиметр қиыршықтас-құмды қоспа, 30 сантиметр шағылтасты қиыршықтас-құмды қоспа, 15 сантиметр жоғары полюсты шағылтас, 10 сантиметр ірі, 5 сантиметр ұсақ қиыршықтастар төселді. Ал, асфальттың қалыңдығы – 30 сантиметр. Бұл – 12 тонна жүкке арналған жол. Сондықтан, жұмыс оңай емес. Жол астындағы жылу, байланыс, жарық, газ желілері көп. Нысанды жылдың соңында тапсырамыз деген жоспарымыз бар. Жалпы, біздің жеріміз ылғалдау болғандықтан, жерасты сулары шығып кетіп жатыр. Оны сорғызып, бетіне бұрынғы жиектастарды төсеудеміз. Егер жолдың ені бұрын 13 метр болса, енді 15,5 метрді құрайды. Жаңбыр суын жинайтын 2,5 шақырымдық жүйе салынуда, – деді Әділбек Исағалиұлы.

Ал, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Серік Нысанбаевтың айтуынша, Құнанбаев көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес Балықшы шағынауданындағы Момышұлы – Осенний көшелері аралығындағы жолды маусым айының соңына дейін қолданысқа беру жоспарланып отыр.

Бүгінде бұл аумақта ескі асфальт жабындысын қырып, жер қабаттарын тегістеп нығыздау шаралары жүргізілуде. Негізі құрылыс жұмыстарын іске асыру кезеңі екі жылға жоспарланғанымен, бұл нысан қараша айында пайдалануға берілуі ықтимал

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз