Жазушы, публицист Уәлихан Қалижан: “Бас редактор қарамағындағы қызметкерінің жанашыры болуы қажет”

b11bde16 a247 4abc aa02 926f384417b3 Жаңалықтар

     «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің баспасөз клубында жазушы, публицист, филология ғылымдарының докторы, әр кезеңде республикалық «Ұлан», «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» газеттерінің Бас редакторы болған қарымды қаламгер Уәлихан Қалижанмен кездесу өтті.

     Кездесуді серіктестік директорының орынбасары Исатай Балмағамбетов ашып, жүргізді. 
Ол қадірменді мейманды өзінің бас ұстазы санайтынын айта келіп, кезінде «Жас Алаш» газетінің меншікті тілшісі қызметін атқарған жылдарынан әдемі естеліктерді есіне түсірді. Расында да, «арқалағаны алтын, жегені жантақ» газет тілшісінің жұмысы оңай емес. Оның үстіне олардың бәрінің бірдей жағдайы да бола бермейді. Бұл туралы Уәлихан Қалижан:

     – Өзінің тұрмысы мәз емес қызметкерден сапалы жұмысты қалай талап етесің?! Сол себепті әрбір басшы – бас редактор қарамағындағы қызметкерінің шын мәніндегі жанашыры болуы қажет. Бір сөзбен, журналистің қамын ойлайтын адам ол – бас редактор. Бас редактор – сол ұжымның қорғаушысы да, ұйымдастырушысы да, үйлестірушісі де. Қоғамдағы қиындықтар қалай келсе, солай кетеді. Ал адам қашан да үлкен жүректі адам болып қалуы керек. Сіздер таңдаған журналист мамандығы – мәртебелі мамандық. Осы отырған бәріңнің тарихта аттарың қалады! – деді. 

1cbe7f8e a637 4307 be7b 53b55a4e24fb

     Әсерлі кездесу барысында жазушы ағамыз мерзімдік басылымның ұлттың бағыт беруші бағдаршамы екеніне тоқталып, ол өмірдің айнасы, сол себепті де тілшілердің сан түрлі тілді меңгергені абзал деген пікірін жасырмады. Журналистің сөзі де, өзі де жүйрік болса – газеттің бағы, деген қарымды қаламгер сауаттылық, сұранысы мол маман болу, тәуелсіздік, Президент беделі, журналист мәртебесі, басқа да маңызы зор мәселелер төңірегінде көсіле әңгімеледі. Өз кезектерінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің журналистика бөлімінің студенттері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды. 

Лиза СЕЙТІМОВА

Суреттер автордыкі        

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз