Биыл Атырауда 23 жаңа аялдама орнатылады
Биыл Атырауда 23 жаңа аялдама орнатылады. Сондай-ақ, 7 аялдамада дүкен ашылады, деп хабарлайды Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Атырау қаласының әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаевтың айтуынша, ең алдымен аялдама кеңейтілген Баймұханов,Тайманов және Владимирский көшелерінің бойында кеңейту жұмыстары өткен жолдарға орналастырылады.
— Аялдамалар Беларусия елінде шығарылған. Орнату жұмыстарымен «АтырауИнжСтрой» ЖШС айналысады. Олардың ішінде кешенді аялдама, кішігірім павильон болады. Халықтың ыңғайлығына қарай жеті аялдамада дүкен жұмыс жасайтын болады, — дейді Нұрлан Таубаев.
Аялдамалар келесі кезекте орналасады, яғни Баймұханов көшесінде 4 аялдама бес метрлік және 4-еуі он метрлік, Владимирский көшесінде 6 бес метрлік және 2 он метрлік, Тайманов көшесінде 1 он метрлік және 6 бес метрлік аялдама болады.
«Жаңа аялдамалар облыс орталығының сәні болатыны анық. Аталған жоба бірнеше бағытты қамтитын «Қалалық орта» жаңа бағдарламасы аясында Атырау қаласы әкімімен бірлесе отырып жасалуда. Жұмыстар кезең-кезеңмен атқарылады», — дейді «Атырауинжстрой» ЖШС-нің баспасөз қызметі.
Хорлан Смадияр