Бензолдың алғашқы партиясы Ресейдің Тула облысына жол тартты
Былтыр дәл Астана күні қарсаңында Атырау мұнай өңдеу зауытында хош иісті көмірсутектер шығару кешені жобасы аясында алғаш рет бензол алынғанды. Турасын айту керек, бұрын-соңды республика мұндай өнім өндірмеген. Енді, міне, тағы Елорда мерекесі құрметіне осы аса бағалы мұнай-химия шикізатының бірінші партиясы тұтынушыға жол тартты.
Бұл күн де республикадағы жетпіс жылдан аса тарихы бар көне кәсіпорындардың бірінің шежіресіне алтын әріптермен жазылмақ. Елбасымыздың Қазақстан халқына кезекті Жолдауында айтылғанындай, Атырау мұнай өңдеу зауытында жылына 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол алу жоспарланған. Ал, бұл өз кезегінде елімізде мұнай-химия өнеркәсібін өркендетуге жол ашады. Бұл бағыттағы тұңғыш кәсіпорын да мұнайлы мекенде тұрғызылуда.
Енді, міне, Ресейдің Тула облысындағы өндіріс ошағы атыраулық бензолдың бірінші партиясының тұтынушысы атанып отыр. Астана күні қарсаңында 300 тонна бензол көрші елге көш түзеді. Зауыттың бас директоры Қайрат Оразбаев бұл оқиғаны егеменді еліміздің өміріндегі елеулі оқиға ретінде атады. Оның айтуынша, кәсіпорын төменгі октанды бензин шығаруды мүлдем тоқтатты. Ендігі мақсат – еуропалық стандарттарға жауап беретін жоғары октанды бензинмен ішкі сұранысты толық қамтамасыз ету. Соның нәтижесінде қоршаған ортаға түсетін салмақ та едәуір бәсеңдейді. Бұл бағыттағы бастапқы нәтижелер де жаман емес. Мәселен, биылғы бірінші жартыжылдықта ғана экологиялық тұрғыдан таза жанар май мен дизель отынын өндіру 140 мың тоннаға артыпты. Ал, биыл жоғары октанды бензин шығаруды 300 мың тоннаға дейін көбейту көзделген. Мұндай меженің алынуы да ақиқат.Әйтсе де, бензолды тасымалдау — өте жауапты жұмыс. Ол аса сақтықты және қауіпсіздік шараларын жан-жақты алуды қажет етеді. Осы орайда зауыттың мұнай өңдеу өндірісінің бастығы Василий Гацконың айтуынша, барлық процесс сенімді автоматтандырылған. Бензолдың далаға төгілуіне ешқандай жол берілмейді.
Жалпы, 2010 жылы бастау алған хош иісті көмірсутегі шығару жобасы қытайлықтармен бірлесіп жүзеге асырылды. Оның алғашқы партиясын шығару салтанатында сөз алған «Синопек Инжиниринг» компаниясы қазақстандық филиалының директоры Чжэн Фуцян іс барысында өзара түсіністік пен іскерлік болғанын айтқан-ды. Атырауда жергілікті атқарушы билік тарапынан инвесторларға жемісті жұмыс жасауға туғызылып отырған жайлы жағдай осындай нақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Сайып келгенде, республикадағы ең көне кәсіпорынның екінші тынысы ашылып, жаңа өндірістік өмірі басталды.
Енді, осы бензолдың не екені, оны шығарудың қандай қажеттіліктің туындағаны туралы бірер сөз. Ол – алдымен, бензин құрамындағы қоспа. Көшеде шұбырған көліктердің соңындағы қою түтінді көрдіңіз бе? Міне, сол – жанар майдағы бензолдың көп көлемде болуының салдары. Демек, оны бөліп алу арқылы бензин тазарады. Бүгінде атыраулық зауыт еуропалық стандарттарға сәйкес келетін бензин мен дизель отынын шығаруға бет бұрған. Оны өзімізде қаншалықты жеткілікті өндірсек, сыртқа деген тәуелділіктен де соншалықты құтыламыз. Бүгінде республикада жетіңкіремейтін жоғары октанды бензин көршілес Ресейден тасымалдануда. Ал, «кісідегінің кілті – аспанда» дегендей, қаншама экономикалық серіктес саналғанымен, іргелес ел өнім бағасын ара-тұра көтеріп қояды. Бұл қазақстандық көлік жүргізушлер тарапынан реніш тудырғанымен, амал жоқ, әзірге көнуге тура келеді. Демек, республикадағы шикі мұнайды өңдейтін үш зауыт қайта жаңғыртудан өтіп, толық қуатында жұмыс жасаған кезде жоғары октанды бензинге деген ішкі сұранысты жеткілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік тумақ. Соның алғашқы шарасы жетпіс жылдан аса тарихы бар Атырау мұнай өңдеу зауытында жүзеге асырылды. Мұнда хош иісті көмірсутегі шикізатын шығару жобасы аясында бензол ғана емес, параксилол да алынды. Ол да уақыты жеткенде тұтынушыға жол тартады. Ал, жыл соңында мұнайды тереңдете өңдеу жобасы да мәреге жетпек.
Өндірістің қазіргі сатысында айына 500 тонна бензол өндіру жоспарланған. Осының өзі бензин құрамындағы қоспаны бұрынғы бес пайыздан бүгінгі бірге дейін кемітуге мүмкіндік береді. Демек, қайталап айтқанда, жанар май тазарып, облыстағы мыңдаған көліктің қоршаған ортаға тигізер жағымсыз әсері кемиді. Яғни, бізде де әлемдік талаптарға сай келетін жанар май шығарылуда. Міне, бұл да – тәуелсіздігіміздің жемісі, индустриялық-инновациялық жобалардың нәтижесі.Аталмыш жобаның мәреге сәтті жетуі зауытта 277 жаңа жұмыс орнының ашылуына септігін тигізді. Ал, оның құрылысына 3800 қазақстандық маман қатысты. Соның дені – атыраулықтар.
Одан әрі, бензол – мұнай-химия саласының басты шикізаты. Бүгінде Батыс Ескененің қарсы бетінде осы кешен салынып жатыр. Республика бойынша осындай тұңғыш өндіріс ошағы Атырауда тұрғызылмақ. Елбасы Жолдауында айтылғанындай, 800 мың тонна полиэтилен мен 500 мың тонна полипропилен дайындау жоспарланған. Елімізде бұрын-соңды мұндай өнім өндірілмеген. Бұдан басқа жылына 250 мың тонна бутадиен мен 15 мың тонна полимер алу да көзделген. Жобалық құны жеті миллиард доллар дерлік алып кешен Қазақстан экономикасын жаңа сатыға көтереді. Келешекте дайын өнімдерімізді Еуразиялық экономикалық одақ аясында Беларусь пен Ресейге тасымалдауға болады. Бұдан бөлек Еуропа мен Қытай да қызығушылық танытып отыр.
Жалпы, аумағы 3,5 мың гектарлық арнайы экономикалық аймақ шағын және орта бизнес иелерінің шоғырланатын да орны болмақ. Оның инфрақұрылымын жасақтау – жергілікті атқарушы билік мойнында. Ал, мұнда орналасатын кәсіпкерлерге қарастырылып отырған салықтық, кедендік және басқа жеңілдіктер оларға шаруаларын шалқытуға жағдай жасайды. Міне, бензолды мұнай-химия кешенінің шикізаты ретінде пайдаланудың нәтижесі осындай. Сайып келгенде, қарапайым киім ілгіш тәрізді күнделікті тұтынатын 500 шамалы өнім түрі өзімізде жасалмақшы.
…Сонымен, темір жол бойында сап түзеген вагон-цистерналарға құйылған бензол Ресейдің Тула облысына бет алды. Қазақстанда жасалған тұңғыш мұнай-химия саласы шикізатының алғашқы тұтынушысы анықталды. Оның ар жағында өзге де елдердің сұранысы қанағаттандырылмақ. Әрине, ішкі қажеттілік те өтеледі. Сәт сапар, саған, отандық өнім!
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.