Бас мүфти қазақстандықтарды Құрбан айт мейрамымен құттықтады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз тұрғындарды Құрбан айт мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды muftyat.kz.
Мейірімнің мерекесі — Құрбан айт құтты болғай!
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Қадірменді қауым!
Баршаңызды исі мұсылман қауымының ұлық мейрамы — құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын. Айт мейрамы құтты-берекелі болғай! Әр отбасына амандық, мықты саулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін!
Құрбан айт — күллі мұсылман үмбетінің екі ұлық мерекесінің бірі. Біздің халқымыз бұл мейрамды сан ғасырдан бері ерекше қадірлеп, айрықша атап өткен. Айтулы мейрамда ағайын-жұрт бір-біріне «құрбан айт құтты болсын, айт қабыл болсын» айтып, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін арнаған.
Көрші мен туысқанға айттап бару, қадірлі қонаққа айттық беріп, үлкеннің алғысы мен батасын алу — сонау заманнан жалғасып келе жатқан мұсылмандық дәстүріміз.
Аллаға шүкір, салтынан жаңылмаған жұртымыз тәуелсіздік жылдарында айтты тойлау дәстүрін қайта жаңғыртып, оны халықтық деңгейде атап өтуге мүмкіндік алды. Елбасының игі бастамасымен елімізде құрбан айттың құрметіне демалыс жарияланып, бұл мейрам барша ұлт пен ұлысты бірлік пен ізгілікке үндейтін халықтық мерекеге айналды.
Әсілінде «Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді. Мұсылман баласы айт күні құрбандық шалу арқылы Аллаға деген ақ ниетін паш етеді. Өйткені, қасиетті Құранда Хақ Тағала: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе — жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), — деп адал ниеттің маңыздылығын атап өткен.
Жағдайы бар, əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу — уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал мүмкіндігі жоқ адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Бұл қасиетті күнде мүмкіндігі жоқ, тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын беріп, оларға қуаныш сыйлау — сауапты іс.
Құрбандыққа түйе, сиыр жəне қой, ешкі шалынады. Бір қошқар немесе қой бір кісі атынан шалынады. Ал қара мал немесе түйені жеті кісі бірігіп, құрбандыққа шалуға болады. Құрбандық малын айт намазынан кейін айттың үшінші күні кеш батқанға дейін шалуға болады. Құрбандық еті ағайын-туысқа, көршіге, тұрмысы төмен отбасыларына таратылады.
Айт күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, айт намазына қатысу — мұсылмандық міндет. Айт намазына әдемі, таза киіммен барған абзал.
Құрметті отандастар!
Құрбан айт — кешірім мен мейірімнің, қанағат пен қайырымдылықтың мерекесі. Айттың құрметіне ізгілік пен кеңшіліктің жолын ұстанып, қараусыз қалған қарттарға қайырымдылық жасап, қамкөңіл жандарға сыйлық берудің сауабы мол. Осы ретте барша отандастарымды ел игілігі үшін жасалатын қайырымдылық акциялары мен сауапты іс-шараларға атсалысуға шақырамын. Алла Тағала шалған құрбандықтарыңыз бен игі амалдарыңызды қабыл еткей. Қасиетті Мекке қаласында халқымыздың бірлігі мен берекесін сұрап, дұға жасап жатқан отандастарымыздың тілегі мен қажылығы қабыл болғай! Әмин!», — делінген құттықтауда.