ТАЛПЫНЫС ТАБЫСҚА ЖЕТЕЛЕДІ

Сарқылмас қуат және еркіндік. Солай бола тұрып-ақ ол – нәзік. Жаны жас, жалқаулыққа мүлде қас. Адал еңбек қана табысқа кенелтетініне сенімді. Өз мүмкіндігін шектемей, сүйіп жасайтын ісін жақсы меңгерген кәсіпкер әйел бүгінде келешегіне нық қадам жасап үлгерді. Көптің бірі секілді сауда-саттықпен айналысып қана қоймай, бизнесін бастауға бата алмай жүрген жандарға саланың қыр-сырын үйретті. Қиындыққа мойымайтын, үнемі жүзінен жылылық пен өмірге құштарлықтың лебі есіп тұратын отбасы ұйытқысы, адал жар, асыл ана Малика Сабировамен мереке қарсаңында еркін әңгімелесудің сәті түсті. 

Кәсіпті жандандыру бар да, оны бастау да бір әңгіме. Әсіресе, қай уақытта да қиындыққа төтеп беріп, жанұясының қамы үшін нәзіктігіне қарамастан ерлерше еңбек ете білген кәсіпкер әйелдердің жеке істі қолға алуы тіптен ерек. Мәселен, бүгінде кәсібінің нәсібін көріп үлгерген Малика Төлегенқызы бала күтімімен үйде отырып-ақ бизнесін бастады. 

– Ойымыздағы жоспарды жүзеге асыру үшін алғашқы қадам жасау керек. Күнделікті күйбең тіршіліктен арылып, арманыңды ақиқатқа айналдыру жолында жұмыстану қажет. Бастапқыда жаңаша ортаға аяқ басқан сәтте өзімді ыңғайсыздау сезіндім. Артынан мақсат қою, күн сайын жоспарлау, нақты кестемен жұмыс істеу, отбасы, бизнес, тұрақты тұтынушылар, серіктестермен жүздесу басталды. Үнемі кітап оқып, өзгелерден үйрене жүріп өзімнің үйретуші болғанымды аңғармай қалғаным бар, – дейді ол. «Осының бәріне қалай үлгердіңіз?» деп сұрақ қойдым. Ол: «Меніңше, мұның сыры – сүйіспеншілік пен еңбекқорлықта. Айналамдағыларға жақсылық жасап, бақыт сыйлау маған қуат береді. Жаным қалайтын жұмыс істеу арқылы табысқа қол жеткіздім»,-дейді кейіпкеріміз. 

«Әйелдің қаруы – нәзіктігінде» немесе «Сұлулық әлемді құтқарады» деп жатамыз. Сымбатына сыни көзбен қарайтын талғампаз ол жиһаз сатып қана қоймай, оқытуға да ден қойды. Жымиған ғана күлкісімен бірден әңгімеге еліте әкететін арудың бір мезетте қонағын күтіп те, Мәскеудегі бизнес-серіктестерімен тілдесіп те үлгеріп жататынын естіп таң қалғанымыз бар. «Кәсібімнің бір ыңғайлы тұсы – отбасыма көбірек көңіл бөле алатынымда. Соған қарамастан, басқасына да уақыт табамыз. Көлік кептелісінде отырып, бетімізді әрлейміз. Дастархан жайып жүріп басқа да шаруаларымызды атқара аламыз. Әйел-ана алдымен жанұясындағы тыныштық пен жылылықты сақтауға тырысып, қиыншылыққа берілмеуі шарт. Себебі, қандайма ауыртпалықтың артында жақсылық тұрғанын сеземіз»,-дейді Малика. 

Адал қызметінің арқасында байлыққа кенелген жандардың өмір жолдарын оқи отырып, өзінің көңіліне түйген Малика Төлегенқызы алға қарай ұмтылуда мынадай қағидаларды ұстанады екен. Мәселен, екі қолы да жоқ келіншек бағалы тастардан сақина мен сырға жасау секілді нәзік әрі қиын кәсіпті бір кісідей меңгергеніне таңданбасқа шара жоқ. «Ал, параолимпиадалық ойындар ше? Оған қатысушылардың бәрін жеңімпаз деп санаймын. Тағдырдың тәлкегіне қарамастан ауруды жеңе отырып жарыстарға қатысудың өзі – үлкен жеңіс. Армандарыңыздан бас тартпаңыз! Біз үнемі күтім мен шынайы көңілді қажетсінетін жұпар иісі аңқыған раушан гүлі іспеттеспіз. Сондықтан, өзіңіздің ісіңізді бастаңыз! Отағасы мен балаларымның, анамның да бизнесімді өркендетуде көп көмегі тиді. Айналаңыздағылардан қолұшын беруін сұрауға қысылмаңыз. Қателік жасауға қорықпаңыз. Тек батыл қадам жасамаған ғана қателеспейді», – деп кеңес берген әңгімелесушіміздің пікірімен өзіміз де келістік. 

Екі бірдей жоғары оқу орнының түлегі атанған Малика осындай бағытта тренингтер өткізу, яки кәсіпкерлікке бет бұрған жандарға саланың қыр-сырын меңгерту секілді кәсібімен айналысып, қоғамдық өмірге белсене араласып жатқан жайы бар. Ал, кәсіпкерлік нысандарына тексерістің азаюынан жауапкершіліктің жүгі жеңілдемейтінін атап айтқан сұхбаттасымызға мерейлі мереке қарсаңында біз де табыс пен отбасы амандығын тіледік.

Айбөпе САБЫРОВА,
Суретті түсірген 
Самат Қайыржанов. 
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз