МҮЛІКТІ ЖАРИЯ ЕТУ МЕРЗІМІ ҰЗАРТЫЛДЫ

Атырау облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары БАҚ өкілдеріне ҚР «Мүлікті жария ету туралы» заңына енгізілген бірқатар өзгерістермен таныстырды.

 

Заңда Салық кодексіне, Қылмыстық кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне және «ҚР банктер және банк қызметі туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Жария ету кезеңі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Ел аумағындағы жылжымайтын мүлікті жария ету үшін құжаттарды тапсыру мерзімі келесі жылы 30 қарашада аяқталады.

Брифингте департаменттің өндірістік емес төлемдер бөлімінің басшысы Гүлжан Қабдрахманова аталған заңға енгізілген өзгерістерді атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті әкімшіліктер жанындағы комиссияларға құқықтары рәсімделмеген, ҚР аумағында орналасқан жылжымайтын мүлікті заңдастыру міндеті жүктеледі. Сонымен қатар, басқа тұлғаның атына рәсімделген еліміздегі өзге де мүліктерді заңдастыру алым сомасын төлемей-ақ мемлекеттік кірістер органдарына декларация табыс ету арқылы жүзеге асырылады.

Ұлттық банктің Атырау облыстық филиалының директоры Қозыбақ Құлбарақов заңдағы өзгерістерге сәйкес, ақшалай қаражаттарды жариялау тәртібін түсіндірді. «Ақшаны жария етуге байланысты біраз өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, өтініш беруші шектеусіз, алым сомасын төлемей-ақ, банк шотына ақша аудара алады. Және бұл ақшаларды ол банкте сақтауға міндетті емес. Ал, жария етілетін қаржы екінші деңгейдегі банк шотына аударылмаған жағдайда, 10 пайыз көлемінде алым сомасы төленеді.  Сондай-ақ, жария етуші субъектілер өз қалауы бойынша қазақстандық қор биржасындағы бағалы қағаздарға, «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржы құралдарына, ҚР аумағындағы өзге де активтерге инвестициялау жолымен жария етілген ақшаларға иелік етуге құқылы», –  деді ол.

Департаменттің басқарма басшысы Батырбек Юсуповтың айтуынша Атырау облысында мүлікті жария етуге байланысты 1202 өтініш түскен. Олардың 52-сі дәлелді себептермен кері қайтарылған. Құрылыс, санитарлық, экологиялық және өртке қарсы нормаларға сәйкес келмейтін, сонымен қатар, бұрын сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтардың мүліктері жария етуге жатпайды. Кейбір тұрғындардың жария етуге тапсырған мүліктерінің құжаттары қойылған талапқа сай болмай шықты. Олар тиісті құжаттарын толық жинақтаған соң, кері өтінім бере алады.

Сонымен, қанағаттандырылған 1046 өтініш бойынша жалпы құны 7,5 млрд. теңге болатын 1961 нысан жария етілді. Оның ішінде құны 3,5 млрд. теңгеге бағаланған 590 тұрғын үй және 4 млрд. теңгені құрайтын басқа да 1371 мүлік заңдастырылды. Шетелден 60 млн. теңгенің бағалы қағаздары және құны 65,1 млн. теңге тұратын тұрғын үй жария етілді.

Аймағымызда ақшаны жария етуге қатысты дерек тіркелген жоқ. Бұл ретте, Алматы және Астана қалаларында белсенділік байқалады. Алматыда 109 өтініш бойынша 71 млрд. теңгеден астам қаржы жария етілсе, Астанада 23 азамат 5 млрд. теңге көлеміндегі ақшаны заңдастырған.

Бағила

САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз