Бұқараға керегі – байыпты пікір
Ақпараттың ағыны көбейген заманда оқырман қауым кейде хабарлардың қайсысы рас, қайсысы өтірік екенін ажырата алмай жататыны да рас. Облыстық газеттің басты ерекшелігі – ресми орындарға сүйеніп, оның ақиқатына көз жеткізіп жариялайтындығында. Сондықтан, жұртшылық арасында «Атырау» жазса, дұрысын жазады» деген ұғым әлдеқашаннан бері қалыптасқан. Индер ауданындағы газет оқырмандарымен кездесуде ұтымды ұсыныс, байыпты пікірлер көп айтылды.
«Нұр Отан» партиясы жер-гілікті филиалының ғимаратында өткен басқосуға газеттің жанашырлары, ардагерлер, мемлекеттік мекемелердің басшылары қатынасты.
— Облыстың айнасы, 93 жылдық тарихы бар «Атырауды» жергілікті халық үнемі жанына серік санайды. Газет мемлекеттік саясатты насихаттауда, ұрпақты отансүйгіштікке баулуда өлшеусіз еңбек етуде. Қазір жаңа технология дамыған, ғаламтордың ауқымы кеңейген кезең десек те газет қоғамдық пікірдің ұйытқысы болып қала береді. Оған электроника әлдеқашан іске қосылса да шетелдің белді басылымдарының сан ғасырлық тарихы, бүгінгі байыпты қызметі айғақ бола алады. Сондықтан, жұртшылық өзіне жақсы таныс, жергілікті жердің жағдайын тереңірек білетін, елдің мүддесін көздейтін баспасөзден қол үзбейді деген сенімдемін, — деді Индер ауданы әкімінің орынбасары Әлиполла Балахметов.
Басылымды насихаттауды емес, қазіргі тақырып ауқымын зерделеген, еркін пікір алысуды мақсат еткен басқосуда толғақты ойлар ортаға түсті. Елдік мәселелер, ауданда маңыз беретін тұстар бүкпесіз айтылды.
— «Атырау» газетінің тарихында Атырау ардақтыларының ізі қалды. Облыстың байырғы басылымы биыл өзінің жиырма мыңыншы нөмірін жарыққа шығарды. Санмен айтқанда бұл аз көрсеткіш көрінгенімен, газет тігінділерін қарасақ, аймақтың сол кездегі тыныс-тіршілігі, күнделікті өмірі шежіре болып қағаз бетінде жазылды. «Тарихты халық жасайды» десек, оны мәңгілік ететін – журналистер. Өлкенің шежіресін зерттегендер, тарихын таразылағандар, айналып келгенде, тілшілердің жазғанына сүйенеді, газеттегі деректер мен дәйектерді пайдаланады, — деді облыстық «Атырау» газеті Бас редакторының орынбасары Нұрлан Қабылов.
– Кез-келген жаңалық таратушы ақпарат құралдары қоғам алдындағы жауапкершілікті жете сезінуі тиіс. Алайда, күнделікті өмірде бұлай болмай жатады. Ғаламторда бүгін жарияланған хабардың ертең жоққа шығып жататыны соның мысалы. «Ел ести ме, жел ести ме?» дегендей, кейбір БАҚ-тағы хабарды қайтара оқу қиын. Ал, газетте жазылған мақала — қаттаулы құжаттай көз алдыңда тұр.
– Біздің жазған мақалалардың жалғаны болмайды. Себебі, әрбір ақпаратты жазу, мәселенің мәнісіне көз жеткізу үшін газеттің тілшілері уақытпен санаспай еңбек етеді. Жауапты орындармен байланысып, түсініктеме, жауаптар алады. Әсіресе, соңғы кездері «Атырауда» жаңалықтар көбейді. Қоғамның маңызды мәселелері бойынша газет ішіндегі газет секілді қосымшалар шығып жатыр, жаңа айдарлар ашылды. Оқырмандар хаттарына көбірек орын беріліп, «Сырқайнар» беті жиі жариялануда. Шалғай ауылдарға журналистердің экспедициясы ұйымдастырылып тұрады. Облыстық газет аудандардың бүгінгі жағдайына да ерекше назар аударуда, — деген Бас редактордың орынбасары оқырмандар тарапынан жиі қойылатын сауалдарға жауап берді. Соның бірі – ақылы мақалалардың жайы. Жеке адам, кәсіпорын-мекемелерді дәріптеген, жарнамалық сипаты бар материалдар бұл санатқа жатады. Дегенмен, елге ерекше еңбек сіңірген ардақтылар, өмірі, өзгеше тағдырлар немесе бүгінгі күннің батырлары туралы туындыларға ешқандай шектеу қойылмайды, оларға ешкім де ақы сұрамайды.
Оқырмандармен кездесуде облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі Анжелика Ким басылымның бүгінгі қызметі, көтеріп отырған тақырыптары туралы айтып берді.
Дендер туризміне көңіл бөлінсе…
Өтеп НҰРИЕВ, Индер аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Индер ауданының Құрметті азаматы:
«Атырау» газетін 49 жыл бойы тұрақты аламын. Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда қазір басылымда үлкен ілгерілеушілік байқалады. Өмір талабына сай келетін жаңа бастамаларды көреміз. Бұған оқырман ретінде қуанып отырамыз.
Келесі жылы ел өміріндегі ерекше оқиға «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Оның ауқымында республика бойынша 73 туристік нысан, бағыт белгіленіпті. Мұнда қойнауы құтты, табиғаты айрықша Индер ауданының барын немесе жоғын, туристер келетінін біліп жатқанымыз жоқ. Шындығында, өңірде шетелдіктердің таңданысын тудыратын, саяхатты дамытуға сұранып тұрған жерлер бар. Тағы бір проблема, Индер–Миялы жолына қатысты. Жуырда Қызылқоға ауданына барып келгенімізде естігеніміз, Сағыздан осы ауданның орталығына баратын трассаның бойында ауыр жүк көліктері жүріп, оны бүлдіріп жатыр екен. Ол жергілікті жұрттың наразылығын туғызуда. Айтпағым, Индер – Миялы аралығында жол салынғанда осы жағдай ескерілсе, жалпы осы бағыт туралы көбірек жазылса. Құрылыс барысында Махамбет мазарына баратын жолдың жайы қаперге алынса дейміз. Мәселен, жыл сайын Индерде Махамбет оқулары өтеді. Оған республиканың түкпір-түкпірінен оқушылар келеді. Алыс жолдағы балаларды ала шаңға қаптырып, мазардың басына апарамыз. Обал-ақ. Алыстан-жақыннан жететін өзге қадірлі қонақтардың алдында да ойқы-шойқы жол үшін ұялып қаламыз. Осы бір ойланатын мәселе.
Былтыр әлеуметтік желілерде Индердегі тұз көліне байланысты жазбалар шықты. Осының әсері шығар, жаз бойы бізге келушілер көп болды. Олар тұзды көлге емес, карьерлердегі суға шомылып, демалып жатты. «Бұл — Индер тұз көлі емес қой» десек, «Фейсбукте осылай жазылған» дейді. Міне, қате ақпараттың нәтижесі. Ал, демалушылар азық-түлігін бірге әкелгенімен, кетерінде қалдықтарын шашып, бүлдіріп кетеді. Олардың соңын сонда кім жинайды?
«Атырау» газетінің жанынан бұрын «Атамекен» деген қосымша шығып тұрды. Осыны қайта жаңғыртса деген ұсынысым бар. Сонымен бірге облыс орталығындағы тарихи ескі нысандарды сақтау қазіргі ұрпақтың міндеті деп білемін. Себебі, шетелдіктерді қазіргі заманның биік үйлерімен емес, осындай маңызды нысандар, мұраларымызбен таң қалдырамыз емес пе?!
Балалар ұмыт қалмасын!
Гүлзар ДОСАНОВА, М.Әуезов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– Газеттің өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегі елеулі. Елдің сөзін сөйлейтін, өзімізге жақсы таныс облыстың байырғы басылымына жыл сайын жазылып келеміз.
«Атырау» газетінің бетінде бұдан бұрын балаларға арнал-ған арнайы бетше шығатын. Мұнда балдырғандардың суреттері, оқушылардың тыр-нақалды туындылары, әңгімелер, қызықты оқиғалар жарияланатын еді. Шәкірттердің білімге құштарлығы артуына оның ерекше әсері болды деп ойлаймын. Балаларға арнал-ған осы бетшені қайтадан ашып, тұрақты түрде беруге бола ма? Сонда көп оқушы редакцияға хат жазып, хабарласып, газетпен арадағы байланысын нығайтады деп сенемін. Газет мұғалімдердің мәселесін де жиі жазып тұрса деген тілегім бар.
Жастар беті ашылса…
Жадыра НАРИМАНОВА, жастар ресурстық орталығының өкілі:
– «Жастар – қоғамның қозғаушы күші» деп жатамыз, бекер емес. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылында елімізде көптеген жаңалықтар болды. Мемлекет өзінің егемендігіне қол жеткізген кезеңде дүниеге келген сәбилер бүгінде саналы азамат болып қалыптасып жатыр.
Индер ауданында көптің мақтанышына айналған қатарластарымыздың әр сала бойынша ауыз толтырып айтатын жетістіктері бар. Ұсынысым, солардың есімдері, еңбектері тек жергілікті жерде қалып қоймай, облыс көлемінде де аталса деймін. Бұл кейінгі толқын өкілдерінің жаңа жетістіктерге ұмтылуына себепші болар еді. Газеттен жастар бетін көп көре бермейміз. Ол да қажет дүние. Қазір әлеуметтік желіге бет бұрып кеткендер басылымда өздері туралы мақалалар көбірек берілсе оған назар аударар еді.
Уытты сын көргіміз келеді
Сансызбай БАЗАРБАЕВ, Қазақстанның Құрметті журналисі, Индер ауданының Құрметті азаматы:
– Облыстық «Атырау» мен «Прикаспийская коммуна» газеттері бір адамның екі қолы секілді. Бір ғасырға жуық уақыттан бері серіктесіп, иықтасып, бірге өмір сүріп келеді.
Мен аймақтың байырғы басылымына көп жылдардан бері үзбей жазыламын, апта сайын асыға күтіп отырамын. «Атырау» газетінде жағымды жаңалықтар, ел назарын аударған жаңа жобалар көп. Қоғамның көкейкесті мәселелері көтеріліп, проблемалар да мүмкіндігінше айтылып келеді. Облыстық әкімдікте өтетін алқалы жиындар, мұндағы талқыланған жағдайлар баспасөзде жан-жақты көрсетіледі. Мәдениет, әдебиет тақырыбында жазатын Гүлзада Ниетқалиева, ақын қыздарымыз Әлия Дәулетбаева, Бақытгүл Бабаштардың туындыларын, редакциядағы басқа да іні-қарындастарымыздың мақалаларын тұшына да сүйсіне оқимыз.
Газет бүгінгі күннің жүгін абыроймен көтеріп келе жатыр. Осы тұрғыда айтсам дейтін пікірім де бар. Баяғыда облыстық басылымда Нұри Мұфтахтың «Айғыр атқан Әзербаев» атты фельетоны шыққан еді. Тілшілердің нақты дәлелдерге сүйенген өткір мақалалары нысанаға дөп тиіп, кемшіліктердің дер кезінде жөнделуіне, олқылықтардың орны толуына себепші болып жататын. «Атыраудан» осындай уытты сындарды көргіміз келеді. Әзіл беті де жүйелі түрде жарияланып тұрса. Бұрын малшылар, қарапайым жұмысшылар туралы көп жазылушы еді. Қазір қоғам өзгерсе де еңбек адамдарының бейнелері қайтадан көрініс тапқанын қалаймыз. Сөз жоқ, «Атырау» мен аудандық «Дендер» – менің ең сүйікті газеттерім. Оларға келесі жылға тағы жазылдым.
Басылымның тәрбиелік маңызы бар
Райхангүл ӘбДіРАХМАНОВА, «Балдәурен» балабақшасының әдіскері:
– Газеттің хабар таратудан өзге, тәрбиелік маңызы бар. Осы орайда біз өзіміздің күнделікті қызметімізде «Атырау» газетінде шыққан жақсы материалдарды пайдаланып отырамыз. Облыстық басылым бізге ұнайды. Мұнда тақырып ауқымы кең. Бетше, қосымшалар да жеткілікті. Өзіміз білім саласында еңбек ететіндіктен, алдымен осы тақырыптағы мақалаларды қараймыз ғой. Балабақшалардағы тәрбиелік шараларды сирек те болса көріп қаламыз. Менің ұсынысым, осындай хат-хабар, туындыларды көбірек берсеңіздер. Сонда біз облыстың өзге аудандарының тәжірибесін оқып, олар бізді көріп, арада тығыз байланыс орныға түсер еді. Сүйікті газетімізге келесі жылға тағы жазыламыз.
Білім кітапханадан басталады
Мөлдір ТЕМІРҒАЛИЕВА, балалар кітапханасының қызметкері:
– Біздің кітапхана қорында 16 мың кітап қоры бар. Балалардың рухани азыққа ұмтылысы жақсы. Біз оларға об- лыстық «Атырау», аудандық «Дендер» газеттерін оқып тұру қажеттігін үнемі айтып отырамыз. Себебі, мұнда жергілікті жердің жаңалықтары ғана емес, адамгершілік тақырыбындағы мақалалар жиі шығады. Бұрын «Отбасы» қосымшасын көретінбіз, соңғы кездері одан көз жазып қалдық. Халыққа осындай тақырыптағы мақалалар керек.
Облыстың жылнамасы – «Атырау»
Кеңес САХИЕВ, ардагер, Индер ауданының Құрметті азаматы:
– Облыстың жылнамасы, шежіресі – газет. Одан өңірде болып жатқан жаңалықтың бәрін оқып, біліп отырамыз. Сондықтан баспасөздің орны бөлек, қоғамда салмағы бар. Сонау заманнан қазіргі кезге дейінгі жазылған туындылардың барлығы сан ұрпақты тәрбиелеуге септігін тигізді. Мұндағы жаңалықтар, мақалалар тарихқа өшірілместей болып жазылды. Кезінде «Атырауда» Берік Қорқытов, Нұри Мұфтах, Шөпенғали Дәуенов, тағы басқа әріптес ағаларымыз абыроймен еңбек етті. Осы басылымда өзім 80-ші жылдардың басында Индер ауданы бойынша меншікті тілші болғанымды мақтан тұтамын.
Газетте көтерілген проблемаларға әркез ден қойып отырамын. Көтерілген мәселе көп, шешімін қажет еткен тұс та аз емес. Менің айтайын дегенім, тілшілер экологияға, экономикаға назар аударуы керек. Оның екеуі де маңызды сала. Қазір еліміздің экономикалық жетістіктері бар. Ал, ол табысқа қалай қол жетті, қандай қиыншылықтардан өттік, осының бәрін сараптап жазу керек. Бізде жылтырақшыл бастамалар жиі кездеседі, тым жақсы істер басталып жатып, соңы сиырқұйымшақтанып кетеді. Мысалы, жаңа жобаларға деп мемлекет субсидия бөледі, оны кейбіреулер жеке басына пайдаланып, үй салып алады. Бұл дұрыс па? Өзіне берілген мүмкіндікті бұлай пайдалануға болмайтынын газет ел-жұртқа түсіндіруі қажет.
Сауда айналасында да келеңсіздіктер жиі ұшырасады. Тілшілер құқық қорғау, басқа да органдармен бірлесіп, рейдтерге шықса дейміз. Немесе саудагерлердің қитұрқы қылығын анықтау үшін журналистер оның алдына қарапайым тұтынушы ретінде барса. Сонда олар талай келеңсіздіктің үстінен түсер еді. Бұрынырақта Нұри Мұфтахтың жазғандарын жапатармағай оқып жататынбыз. Сондай сындарды қазір де жазуға болмас па? «Атырауда» Рахымжан Отарбаевтың әңгімелері, туындылары жиі жарияланады. Менің ойымша, бұл – өте дұрыс. Оның туындыларын оқи отырып, керемет әсер аламыз.
Журналистер мәртебесін көтеру қажет
Сүйеу ХАЛЫҚОВ, Индер аудандық «Дендер» газетінің тілшісі:
– Біз облыстық басылымдармен тығыз байланыста отырамыз. Ауданның хабарларын тұрақты береміз. Мен облыстың бас газетінің журналистердің мәртебесіне маңыз бергенін жөн санаймын. «Қас-қырды аяғы асырайды» демекші, тілшілер де уақытпен санаспай еңбек етеді. Мемлекеттің саясатын жүзеге асыру үшін жан аямай жүрсе де қамқорлықтан шет қалады. Үй берілгенде де кейінге ысырылады. Мемлекеттік қызметкерлер санатына кірмейді.
Біз «Атыраудан» экономикалық талдау, сараптамаларды көптеп оқығымыз келеді. Индердегі қазба байлықтарды игеру, туристік саланы дамыту турасында да көтерілген мәселелер аз емес. Әйткенмен, нәтижесі көрінбейді. Тілшілер осыған мән берсе деймін.
Азамат БАЗАРБАЕВ
Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.