Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

Қазақстан Президенті «Ембімұнайгаз» АҚ-ы және «Жігермұнайгазсервис» серіктестігіне барды

Қазақстан Президенті «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына барып, Өндірістік үдерістерді қадағалау орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

e229eb78c5f7774e8228c59bab2e00be

Онда Елбасыға цифрлық зияткерлік кен орнының жүйесі көрсетілді. Бұл нақты уақыт режімінде өнеркәсіп нысандарынан түсетін ауқымды мәліметтерді өңдеуге, шұғыл шешім қабылдау мақсатымен оларға әрі қарай талдау жасауға, сондай-ақ кен орындарындағы өндіру үдерісін жақсартуға мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Назарбаев кен орындарына цифрландыру элементтерін енгізудің арқасында еңбек өнімділігі артып, құрылғыларды жөндеу мерзімінің және бірін-бірі қайталайтын құрылымдардың қысқарғанын айтып, түпкі нәтиженің пайдасы бастапқы шығыннан екі есе және одан да көбірек болатынын атап өтті.

Мұнай өндірудің қазіргі әдістерімен ғана шектелмей, заманауи тәсілдерді де қолдану қажет. Ең алдымен, қызметкерлерді озық технологиялармен жұмыс істей білуге үйрету керек, – деді Қазақстан Президенті.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов Мемлекет басшысына «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» арнайы экономикалық аймағы қызметінің негізгі нәтижелері туралы баяндады.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне Атырау қаласы инженерлік желісінің электронды сызбаларына, ауыл шаруашылығына арналған жерлерге, кең таралған пайдалы қазбалар орындарына және өңірдегі жерлерді пайдалану шарттарына, сондай-ақ мемлекеттік қызметке электронды форматта тапсырыс беруге немесе мемлекеттік органға өтініш жолдауға онлайн-мониторинг жасау үшін мүмкіндік туғызатын Атырау облысының геоақпараттық порталының жұмысы таныстырылды.

Атырау облысының әкімі аталған электронды ресурстың енгізілуі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, бизнес-процесті автоматтандыруға, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қатерін және жерді пайдалану шарттарының бұзылуын азайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

Содан соң, Елбасы «Жігермұнайгазсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, жұмыс процесімен танысты.

Елбасы өнім өндіру көлемін, еңбек өнімділігін, металл өңдеу дәлдігін арттыруға, сондай-ақ адам факторына байланысты қателіктерді болдырмауға мүмкіндік беретін, робот көмегімен дәнекерлеу әдісін қолдану арқылы металл конструкцияларын өндірудің технологиялық үдерісімен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаевқа зауытта ішкі нарыққа және экспортқа шығаруға арналған дайын өнім үлгілері көрсетілді.

Қазақстан Президенті кәсіпорын еңбеккерлерімен кездесу барысында өнеркәсіптің түрлі салаларында заманауи цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтіп, «Жігермұнайгазсервис» компаниясының өндірісін әртараптандырудың артықшылықтарын айтты.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button