Жарнама
Жаңалықтар

«Атырауда егіншілік мәдениеті өте төмен»-Болат МҰХАМБЕТОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор

Батыс өлкедегі Атырау мен Маңғыстау облыстары – топырағы тұзды, экологиялық ахуалы күрделі шөлейтті аймақ. Өңірде жыл сайын жем-шөп тапшылығы мен жайылымдық жердің тозаңдануы үдеп келеді. Проблеманы жеделдете шешуде жем-шөп түрін өсіруді ғылыми тұрғыда зерттеп, табысты нәтижеге жеткен ғалым ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Болат Мұхамбетовтің тәжірибесі мол. Ол баптаған екпе шөп жайылымды пайдаланудың конвейерлік кезеңін 189 күнге дейін ұзартуға қол жеткізді. Бүгінде ғалымның қолданбалы тәжірибесіне сүйеніп, Қызылорда облысының Жалағаш, Сырдария және Атырау облысындағы Махамбет ауданының бірнеше шаруашылығы өсімдік өсіріп, тұқымын көбейтуге кіріскен.

– Болат аға, шөлейтті аймақта жем-шөп өсіруді ұзақ жылдан бері зерттеп келесіз. Ғылыми ізденісіңіздің жергілікті шаруалар үшін маңызы қандай?

– Балалық шағым ауылда өтті. Мал бақтым. Он алты жасымда кеңшарға шопан болып жұмысқа кірдім. Сонда түйгенім, малды өсірем десең әуелі шабындық жерің көп, жем-шөбің мол болуы қажет екен. Бұл – менің бала күнгі арманым. Алайда, уақыт өткен сайын қазақ даласын, батыс аймақты қуаңшылық жайлап, мал өсіретін шаруалардың ісі кері кете бастады.

Қазір Атырауда жердің 92 пайызы тұзданған. Қандай әдіспен шөп ексең де өнімділігі төмен. Суармалы жерде де, далалықта да жердің тұздылығы кетпей, дұрыс өнім болмайды. Сондықтан біреулер тұзды кетіру үшін топырақтың қабатын жуып, егістікті жыртып барып егуді ойластырды. Алайда, ол өте қымбатқа түседі екен. Онымен қоймай, табиғатты бүлдіретін болғандықтан, ондай амалмен егін екпейтін болды.

Сөйтіп, ғылыми тұрғыда зерттеулер жасай бастадық. Әуелі тұзға шыдамды өсімдіктерді іздеп, шөптің түйежоңышқа, тісті жоңышқа деген түрлерін таптық. Одан «Сарайшық» деген сорт шығардық. Тұзды жерге өсетін, шыдамды ақ түйежоңышқаның «аркас» деген түрін, сары жоңышқаның «медовый» деген түрін өсіріп шығардық. Бәрінің де патенті бар.

Бүгінде Атырау облысындағы кейбір ауылда төрт түлік мал шөптің тапшылығынан жаздан басқа маусымда қорегін қоқыстан іздеп кетті. Полиэтилен жеп, қалдықтарды талғажау еткенін көріп жүрміз. Байғұс малдың күні иттен де төмен болды. Соңғы жылдары батыс аймақты қуаңшылық жайлап, мал аштықтан өліп жатқанын білесіздер. Атырау мен Маңғыстаудың шаруалары шығынға батты. Бұл тұтас қазақ даласында орын алуы ықтимал табиғи апат. Алдағы 15-20 жылда қазіргіден де жаман күйге түсіруі ықтимал. Сондықтан біз жем-шөп өндірісін жандандырып жүрміз.

– Ғылымда нәтижеге жету үшін күш-қайрат керек. Табандылығыңызға таңғаламын. Сізді қандай құндылық жігерлендіреді?

– Мен Атыраудың тумасымын. Басқа барар жерім жоқ, не істесем де осы жерді көркейтуге тиіспін!..

Кезінде Алматыда да 20-30 жыл еңбек еттім. Бәрібір туған жерге табан тірейсің. Ал жем-шөп өндіруді тоқтата салу деген ой басыма келмепті. Болмайды да… Себебі, мен бұл салаға тәрбиеленіп, өстім. Шынымды айтайын, кеңседе отыра алмаймын. Бала кезімнен далада жүргендіктен ондай қызметті суқаным сүймейді. Агроном болғасын үйде болғым келмейді.

Әрине, ғылым деген бір күнде пайда болмайды. Оның қазынасын барған бойда қазып ала алмайсың. Жиырма үш жасымнан бастап ғылымда келе жатырмын. Міне, 78 жасыма дейін ғылымның ішінде жүр екенмін. Уақыттың қалай өткенін де білмей қалыппын…

– Табиғаттың тарпаң мінезіне төзе алатын өсімдік түрін өсірдіңіз. Шаруалар тарапынан қызығушылық болды ма?

– Әрбір елдің бірінші стратегиясы – ауыл шаруашылығын қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан алғанда біз шөлді жерде өмір сүріп жатырмыз. Атырауда мал ұстау үшін алдымен азық қоры жеткілікті болуы керек. Өтірік айтпайық, біздің елде екпе шөпті егу көрсеткіші құлдырады, оның мәнін түсінбей кеттік. Негізінде, бұрын бүкіл өнімнің 40 пайызын екпе шөптен алатын едік.

Қазір біздің екпе шөппен айналысып жүргенімізге кемінде 20-30 жылдай болыпты. Соның нәтижесінде түйежоңышқаның үш түрін шығардық. Өзіміздің тәжірибелік алаңымызда өсірген «аркас» деген сорт – түйежоңышқаның бірінші жылғы сорты. Ал, Қазақстанда түйежоңышқа алғашқы жылы мол өнім бермейді, мүлдем  бермеуі де мүмкін. Биыл көктемде еккен сорттар 200 центнерге дейін өнім береді. Биіктігі 170 сантиметрге баратын шөп жоқ. Ешқандай шөп ондай өнім бермейді, бірақ оны ешкім түсіне де бермейді. Себебі, бізде шаруалармен байланыс жоқ. Фермерлер не істеп жатқанымыздан да бейхабар. Олардың білетіні тек субсидия!.. Егер Үкімет оларға субсидия беретін болса, ғылымның не керегі бар?!

Негізінде өкімет субсидияны ғылым арқылы беруі тиіс. Сонда ғана бәрі ғылыми негізде, нәтижелі жүзеге асар еді. Біз еккен түйежоңышқа алғашқы жылы 1 маусымнан 15 қарашаға дейін балауса күйінде тұрады. Ал, шаруалар түйежоңышқа өскенде таяқ болып кетеді, жапырағы түсіп қалады деп санайды. Соны дәлелдеп берсінші?! Керісінше, кемінде 150 күн жапырағы түспей, құнарлылығын сақтап тұрады. Дәл осынша ұзақ тұратын шөп жер бетінде жоқ.

Осы тұрғыдан алғанда, тиісті құрылымдарға өкпем де жоқ емес. Өйткені, қазір тұқым өндіру дәстүрі құрдымға кетті. Техника да жоқ, жер ғалымға берілмейді. Сонда біз қалай жұмыс жасаймыз, қазақ ғылымын қалай көркейтеміз?!

Біз мамыр айында семинар өткізіп, жергілікті журналистерге өсіп тұрған көк балаусаны көрсеттік. Шілдеден бастап 1 метр 70 сантиметрге жетіп, бірде-бір жапырағын түсірмей алғашқы қар жауғанша тұрады. Сол кезде қажетіңе қарай бірнеше рет шауып алуға мүмкіндік бар. Шабылған жерден қайта көктеп өсе береді. Яғни, түйежоңышқа – үздіксіз өсетін шөп түрі. Ғажабы сол, жергілікті жерде сұраныс туғызбаған осы сорттарды Қызылорда өңіріндегі Сырдария, Жалағаш аудандарының шаруа қожалықтары өсіріп, тұқымын көбейтуге кірісті.

Соған қарағанда, Атырауда егіншілік мәдениеті өте төмен. Тіпті, түсіне де бермейді. Шаруаларға айтқызсаңыз, «мұның бойында кумарин бар». Ал, кумариннің малға еш залалы жоғына мән берілмейді. Ол шірісе декумарин болады. Өрістегі мал шіріген жоңышқа (люцерна) мен түйежоңышқаны (донник) жесе, сеспей қатады. Ал, сүтін көбейтіп, етін құнарландыратындықтан түйежоңышқаны сиыр малы құшырланып жейді.

Алғашқы жылы өнімді 200 центнерге жеткізіп, биіктігін 170 сантиметрге дейін өсіруге болатынын дәлелдеп отырған біз ғана. Мұны жергілікті халық та, салалық құрылымдар да түсінбейді. Одан гөрі мемлекеттен берілетін субсидияны қолайлы көреді…

Қызылорда облысында «Таң», «Абзал» шаруашылықтары әуелде 60 гектар, кейін 120 гектарға дейін өсіруді қолға алды. Қазір олар тұқымды көбейтіп, дамытып жатыр.

– Бір уыс тұқымнан бірнеше танапқа түйежоңышқа өсірдіңіз. Алайда, тұқым қорының аздығы оны көбейтуге қолбайлау болмай ма?

– Соңғы үш жылда барлық шөпті таңдап, 17 түрлі өсімдік өсірдік. Ішінен топ жарған үздігі түйежоңышқа болды. Бұл – үздіксіз өсе беретін, өте өсімтал өсімдік. Әрине, бұны дамыту оңай іс емес. Ал Қазақстан Үкіметі биылдан бастап тұқым шаруашылығын қолға алу үшін талаптанып жатыр. Ол да дұрыс, өйткені тұқым көбейсе, шаруашылықтар егеді. Қазір тұқым да, басқа да жоқ. Өкінішті!..

Тұқым дайындау ісін Үкімет қайтадан қолға алса жақсы болар еді. Көңіл құлазытатыны, тұқым дайындау үшін қажетті 019 бағдарлама Атырау облысында тіптен жұмыс жасамайды. Оған көңіл бөліп жатқан ешкім де жоқ.

Ал, бұл ғылыми зерттеудің нәтижесін енді өндіріске енгізу үшін технология болуы тиіс. Жем-шөп егетін құрал-сайман түгел болуы керек қой. Алайда, бізде мұның біреуі де жоқ. Шаруашылықтар тек далалық шөпті шабу мен жинауды біледі.

Өткен ғасырдың ортасында кеңес дәуірінде кейбір химиктер түйежоңышқаны жерді жыртып егуді айтты. Ал жерді жырту – ауыр еңбек. Тіпті, жерді жыртса бетіндегі шөпті тамырымен аударып тастайды. Ол жерге кейін шөп те шықпайды, мал жайылымына да пайдасы жоқ. Ондай ескі әдістің мүлдем дұрыс емес екенін ғалымдар да, практиктер де мойындамайды. Бүгінде қолдан шөп егіп отырған ешкім жоқ. Ал далаға егу үшін мал жайылымына кесірі тиеді. Заманында бізге академиктер «жерді жыртып барып, түйежоңышқа егіңдер» дейтін. Еккен жағдайда ол бірінші жылы шықпайды. Оған тіптен фермердің қаражаты да жете бермейді. Енді не істемек керек?!

Сондықтан, біз ендігі зерттеу бағытымыз бойынша изен деген шөпті өсірудің ғылыми тәжірибесін қалыптастыруға кірістік. Изенді мал жаятын жайылымдық алқап ретінде емес, оны азық ретінде молынан жинап алуға, сусыз далалық жерде табиғи өсіруге болатын әдісін ойластыруға барлық күшімізді жұмсамақпыз. Бұл зерттеуіміз де алдағы уақытта жақсы нәтиже береді деген үміттемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген Жәнібек ҒАЛЫМ,

журналист

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button